АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп Флорида штатынан сенат мүшесі Марко Рубионы АҚШ мемлекеттік хатшысы қызметіне ұсынды. Бұл жөнінде Associated Press жазды.
"Ол халқымыздың мықты қорғаны, одақтастарымыздың адал досы және жауларымыздан ешқашан жеңілмейтін қайсар жауынгерге айналады" деп агенттік Трамптың мәлімдемесінен үзінді келтіреді.
Марко Рубио қазір сенаттың барлау жөніндегі комитет жетекшісінің орынбасары қызметін атқарады. Ол сонымен бірге халықаралық қатынас бойынша комитетке де мүше. Рубио Куба, Иран және Қытайдың қатал сыншысы деп айтылады.
Сенатор сәуірде қабылданған Украинаға 61 млрд доллар көлемінде әскери көмек беру туралы заң жобасына қарсы дауыс берген 15 республикашыл саясаткердің бірі. Қыркүйекте ол Ресейді жақтамайтынын, алайда екі жақтың келісімге келгенін қалайтынын айтқан.
Трамп АҚШ ұлттық барлау басқармасының директоры қызметіне Конгрестегі өкілдер палатасына бұрын Гавайи штатынан сайланған Тулси Габбардты ұсынды. Бұрын ол демократтар қатарында болған және 2020 жылы президент кампаниясына қатысып, кейін республикашылдар қатарына өткен.
Габбард президент Джо Байденнің Украина бойынша саясатын сынап, АҚШ-тың Киевке қару-жарақ тасымалдауын сөгіп, демократтарды "қақтығысты созуға үлес қосты" деп айыптаған.
Трамп бас прокурор қызметіне Флорида штатынан Конгреске сайланған Мэтт Гетцті ұсынды.
"Ол қылмыстық ұйымдарды жойып, америкалықтардың әділет министрлігіне деген сенімін қалпына келтіреді" деп мәлімдеді Трамп.
Өкілдер палатасындағы этика жөніндегі комитет жетекшісі Майкл Гест AP агенттігіне берген сұхбатында Мэтт Гетц бас прокурор болып тағайындалса да комитетте оған қатысты жүргізіліп жатқан тергеу жалғаса береді деп айтқан. Гетц адам саудасы және есірткі бойынша күдікке ілінген.
Дегенмен егер Гетц президент әкімшілігіндегі қызметке тағайындалса, комитет тергеуді жалғастыра алмайды немесе ол бойынша есеп жариялай алмайды деп жазды ақпарат құралдары.
Трамп бұған дейін қорғаныс министрі қызметіне қазіргі Пентагон басшылығын сынап жүрген Fox News телеарнасының саяси шолушысы, Ирак және Ауғанстандағы соғыс ардагері Пит Хегсетті ұсынған.
ПІКІРЛЕР