Accessibility links

Қазақстан артық мұнай өндіргенін өтеуге уәде берді


Теңіз кеніші. Атырау облысы төтенше жағдай департаменті таратқан сурет.
Теңіз кеніші. Атырау облысы төтенше жағдай департаменті таратқан сурет.

Қазақстан артығымен өндірген мұнай көлемін 2025 жылғы қыркүйекке дейін өтейді. Бұл туралы шетелдік ақпарат құралдарында Қазақстан ОПЕК+ белгілеген мұнай өндіруге арналған квоталарды сақтамады деген хабардан кейін энергетика министрлігі мәлімдеді.

"Қазақстан ОПЕК+ келісіміне адал екенін растайды және ОПЕК+ елдерімен бірге қабылданатын шешімдерді қолдайды. ОПЕК+ министрлерінің 37-кездесуінің қорытындысына сәйкес, Қазақстан өтемақының егжей-тегжейлі жоспарын дайындады, 2025 жылғы қыркүйекке дейін бірінші жарты жылда артығымен өндірген көлемді біртіндеп өтейді" деп хабарлады энергетика министрлігі.

Қазақстан өз міндеттерін сақтап, белгіленген өтемақы жоспарына сәйкес, артық өндірген мұнайды өтеуге бар күшін салады деді министрлік.

Жақында бірнеше шетелдік ақпарат құралы, оның ішінде Business Insider басылымы Иракта, Қазақстанда және Ресейде мұнайды артығымен өндіріп жатыр деп хабарлады. Bloomberg басылымы өз мақаласында Қазақстанды халықаралық ұйымның квоталарын елемеді деп айыптады. Олардың мәліметінше, Қазақстан мұнай өндіруді азайтуды әлі бастамаған да, Астана осындай қарқынмен құны 48,5 млрд доллар тұратын "Теңіз" кен орнын монетизациялауға тырысып жатыр.

Ұйым Қазақстанды артығымен өндірген мұнайдың орнын толтыруға және жеткізу квоталарын бұзғаны үшін кінәні өтеуге қосымша шара қабылдауға міндеттеді.

Бұған дейін энергетика министрлігі Қазақстан мамырда артығымен мұнай өндіргенін мойындаған еді. Кейін оны өтейтінін де мәлімдеген.

Былтыр қарашада Қазақстан 2024 жылдан бастап өндіретін мұнайын тәулігіне 82 мың баррельге дейін қысқартатынын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG