Accessibility links

Ақтөбе облысында тікұшақ апатынан қаза болған офицерді жерледі


Ақтөбеде тікұшақ апатынан қаза болған Батыр Оразымбетовті ақтық сапарға шығарып салу сәті. 11 қараша 2024 жыл. Ақтөбе облысының әкімдігі жариялаған фото.
Ақтөбеде тікұшақ апатынан қаза болған Батыр Оразымбетовті ақтық сапарға шығарып салу сәті. 11 қараша 2024 жыл. Ақтөбе облысының әкімдігі жариялаған фото.

11 қарашада Ақтөбе облысының Сарыжар ауылы маңында апатқа ұшыраған тікұшақтың борт нұсқаушысы Батыр Оразымбетовті жақындары мен әріптестері ақтық сапарға шығарып салды. Қаралы митинг Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштерінің әскери институтында өтті.

Қорғаныс министрінің орынбасары Дәурен Қосановтың айтуынша, апатқа ұшыраған Ми-8 тікұшағының экипажы кәсіби дайындықтан өткен. Кез келген метеорология жағдайында күндіз де, түнде де ұша алатын кәсіби ұшқыштар. "Алдын ала тексерулерге қарағанда, тікұшақтың техникалық ақауы болған. Нақты себебін қорғаныс министрлігінен келген арнайы комиссия анықтайды", – деді Қосанов.

36 жастағы Батыр Оразымбетов – Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институтының түлегі. Әскери ұшқыш білім алған институтта оның әкесі Қайрат Оразымбетов те қызмет еткен. Әуе қорғаныс күштері әскери институтының Сарыжардағы аэродромында оқу-жаттығу кезінде қаза болған майор Оразымбетовтің артында екі баласы қалды.

Апатқа ұшыраған Ми-8 тікұшағы бортында болған екі әскери – Бейбарыс Ибраев пен Рүстем Нығметов Ақтөбедегі облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер "ұшқыштар жағдайы бірқалыпты" деді. Жағдайларына қарай сейсенбі, 12 қарашада реанимациядан палатаға ауыстырмақ.

9 қараша 11.40 шамасында Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Сарыжар ауылы маңында тікұшақ апатқа ұшыраған. Бортта болған үш адамның бірі қаза болып, екеуі ұшақпен Ақтөбедегі ауруханаға жеткізілген. Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Ми-8 тікұшағы оқу-жаттығуларды орындау кезінде апатты жағдайда қонған. Ведомство алдын ала мәлімет бойынша, апатқа техникалық ақау себеп болған деп хабарлады. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған.

Сарыжарда Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштерінің әскери институтының аэродромы орналасқан. Институттың өзі Орталық Азияда әскери ұшқыштар дайындайтын жалғыз оқу орны деп айтылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG