Accessibility links

Ақтөбе облысында тікұшақ апатынан қаза болғандардың аты-жөні жарияланды


Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Сарыжар ауылы маңында апатқа ұшырап, өртенген тікұшақты сөндіріп жатқан құтқарушылар. 9 қараша 2024 жыл. ТЖД таратқан сурет.
Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Сарыжар ауылы маңында апатқа ұшырап, өртенген тікұшақты сөндіріп жатқан құтқарушылар. 9 қараша 2024 жыл. ТЖД таратқан сурет.

Ақтөбе облысында тікұшақ апатынан қаза болған және зардап шеккен офицерлердің аты-жөндері айтылды.

Тікұшақ апатынан қаза болған әуе қорғаныс күштерінің офицері Батыр Оразымбетов 36 жаста болған. Қорғаныс министрлігінің айтуынша, Ми-8 тікұшағын пайдалануда үлкен тәжірибесі болған. Кейінгі жылдары өзі білім алған оқу орнында қызмет етіп жүрген.

"Жалпы ұшу уақыты 500 сағаттан асады. Қызмет барысында жоғары кәсібилік пен адалдық танытқан. Биылғы жылдың көктемінде болған су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқан" деп жазылған қорғаныс министрлігінің хабарламасында.

Бортинструктор Оразымбетовтің артында ата-анасы, жұбайы мен екі баласы қалды.

Апаттан аман қалған екі адамның бірі – 33 жастағы экипаж командирі майор Бейбарыс Ибраев. Әріптестері авиация эскадрилиясының командирі Ибраев көктемгі су тасқыны кезінде үш мыңнан астам адамды құтқарғанын айтады. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, майор Ибраевтың денесін бірінші дәрежелі күйік шалған. Ішкі органдары әсіресе, өкпесі қатты жарақаттанған.

Апатқа ұшыраған тікұшақ бортында болған үшінші адам - аға ұшқыш Рүстем Нығметовтің омыртқасы мен жамбасы сынған. Дәрігерлер офицерлердің өміріне ешқандай қауіп жоқ екенін айтады.

9 қарашада сағат 11:40 шамасында Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Сарыжар ауылы маңында тікұшақ апатқа ұшыраған. Бортта болған үш адамның бірі қаза болып, екеуі ұшақпен Ақтөбедегі ауруханаға жеткізілген. Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Ми-8 тікұшағы оқу-жаттығуларын орындау кезінде апатты жағдайда қонған. Ведомство алдын ала мәлімет бойынша апатқа техникалық ақау себеп болғанын хабарлады. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған.

Сарыжарда Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштерінің әскери институтының аэродромы орналасқан. Институттың өзі Орталық Азияда ұшқыштар дайындайтын жалғыз оқу орны деп айтылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG