Accessibility links

Трамп Ресей мен Украина арасында буфер аймағын құруды ұсынуы мүмкін


АҚШ-тағы сайлауда жеңіске жеткен Дональд Трамп Ресей мен Украина арасында шамамен мың шақырымға созылатын буфер аймағын құруды ұсынуы мүмкін. Буфер аймағын сақтау міндеті Еуропа және британ әскеріне жүктелуі ықтимал. Трамптың айналасындағы дереккөздерге сүйенген The Telegraph басылымы осылай деп жазды.

Басылым дереккөзінің хабарлауынша, әскери қимылды доғаруды көздейтін Трамптың жоспары соғысты – майданның қазіргі сызығында тоқтатуды, Украинаның 20 жыл бойы НАТО-ға қосылмауға келісуін қарастырады.

Вашингтон есесіне Ресей соғысты қайта бастамас үшін Киевке көп қару-жарақ бермек. АҚШ буфер аймағын күзету миссиясына қатыспайды және оны қаржыландырмайды деп жазды басылым.

Газеттің дерегінше, бұл қазір Трамп қарастырып отырған бірнеше жоспардың арасында бар.

АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті бұған дейін Ресей мен Украина арасындағы соғысты 24 сағат ішінде тоқтатуға бірнеше рет уәде берген. Бірақ ол бұған қалай қол жеткізетінін айтпаған.

The Telegraph басылымының жазуынша, буфер аймағын құру туралы жоспардың жай-жапсары Украина президенті Владимир Зеленский Будапештегі саммитте "Украина президент Владимир Путинге жеңілдік жасамайды" және бұл "Еуропа үшін де өз-өзіне қолжұмсаумен пара-пар болады" деп мәлімдегеннен кейін пайда болған.

The Telegraph-тың жазуынша, Мәскеу бейбітшілік туралы келісім жасауға аса ынталы емес. Ресей әскері Украинаның шығысында шабуылын жалғастырып жатыр, ал билік Ресей экономикалық қысымға кемінде бір жыл шыдайды деп санайды.

Ресей саясаттанушыларының пікірінше, Кремль соғысты қазіргі майдан сызығында тоқтату туралы жоспарға негізделген бірде-бір шартты қабылдамайды.

Ресей сыртқы істер министрлігі Мәскеу Трамптың әскери қимылды тоқтату туралы жоспарын қарауға дайын екенін мәлімдеді.

Мәскеу де, Киев те Трамптың жағдайды тым жылдам реттеу туралы мәлімдемелері нақты жоспардан гөрі риторикаға ұқсас деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG