Accessibility links

Ресей әскері түнде Украинаның бірнеше қаласын атқылады


9 қарашаға қараған түні Ресей Украинаның Одесса, Харьков және Никополь қалаларын атқылады. Бұл жөнінде Украина билігі хабарлады.

"Жау Одесса мен аудандарға соққы дрондарымен шабуыл жасап жатыр. Әуе қорғаныс жүйесі істеп тұр" деп жазды Одесса әкімшілігінің жетекшісі Олег Кипер.

Жергілікті биліктің мәліметінше, шабуылдың салдарынан бірнеше көп қабатты тұрғын үй мен жеке үйлер, әкімшілік ғимараттары, қоймалар мен көліктер бүлінген. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.

Днепропетровск әкімшілігінің жетекшісі Сергей Лысак түнде Ресей әскері Никопольды дүркіндете ататын "Град" жүйесімен атқылағанын жазды. Соның нәтижесінде 50 жастағы ер адам жарақаттанып, ауруханаға жеткізілген. Жағдайы орташа ауыр деп айтылады. Одан бөлек, өнеркәсіп та бүлінген. Лысактың сөзінше, шабуылдың салдарынан Синельников ауданында өрт шыққан.

Харьков мэрі Игорь Терехов те қалаға авиациялық бомбамен соққы жасалғанын хабарлады. Снаряд қалада көлік көп жүретін аумаққа құлаған. Троллейбус линиялары мен көшені жарықтандыру жүйесі бүлінген. Істемей тұрған бір жанармай станциясы қирап, бірі бүлінген. Жақын жердегі қонақүйлердің терезелері шағылған. Зардап шеккендер жоқ.

Ресей қорғаныс министрлігі түнгі шабуыл туралы ақпарат таратпады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG