Атырау облысында көктемгі тасқын кезінде егіні мен малы суға кеткен шаруаларға өтемақы төленді. Енді олар қыстағындағы үй-жайы мен қора-қопсысы үшін шығынды өтеуді талап етеді.
Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағалиевтің облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына сүйеніп берген ақпараты бойынша, өтемақы төлеу қазан айының ортасында басталып, қарашаның басында аяқталған.
Оның сөзінше, Атырау облысында тасқын судан зардап шеккен Махамбет, Индер, және Атырау қаласының шаруа иелеріне комиссия шешіміне сәйкес егін және мал шаруашылығы бойынша барлығы 112 адамға 1 млрд 117 млн теңге көлемінде өтемақы берілген.
- Бүгінгі таңда бұл өтемақылар толықтай өтелді. Айта кетейік, Жылыой ауданының егін шаруашылығы бойынша шаруагерлерге де тиісті өтемақы төленді. Өтемақы алған өтініштің барлығы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылған жерлердің иелерінің өтініші. Оның ішінде жеке шаруа қожалықтар мен жеке тұрғындар да бар, - дейді Руслан Жұмағалиев.
Тасқын кезінде зардап шеккен Индер, Махамбет аудандары және Атырау қаласының шаруалары суға кеткен егіні мен малынан бөлек, үй жайы мен қора-қопсысы үшін де өтемақы талап еткен. Жергілікті әкімдік "заңдастырылмаған нысандарға" өтемақы берілмейтінін айтып келген. Шаруалардың басым бөлігі малшыларға арнап салған үй мен мал қораларын заңдастырмаған. Олар “жерді егін, мал шаруашылығын жүргізуге жалға алғанда мұны жергілікті атқарушы органдар талап етпеді. Неге заң бойынша талап етілмеді басында?” деп наразы болған.
Атырау қаласы маңындағы Соколок каналы маңында орналасқан Abdulla шаруа қожалығының иесі Нұрбек Есенқұлов– егіні мен малы шығынының өтемін алғандардың бірі. Оған су басқан 37 гектар егіні үшін – 40 млн теңге, ал суға кеткен бір сиырына 500 мың теңге төленген.
- Қайыршақты ауылдық округке қарасты Соколок, Приморский каналдары бойындағы тасқын судан зардап шеккен шаруа қожалықтары егілген егіндері, жеміс ағаштары және өлген малының өтемақыларын алды. Тек қана уақытша тұрғын үй мен қорасына алған жоқ. Сосын маған мал азығы үшін деп еккен жоңышқаға “дәлел жоқ” деп төлеген жоқ, - дейді Нұрбек.
Ал келесі шаруа Ербол Тойлыбаев мүлдем өтемақы алмаған. Оның да қыстағы қала іргесіндегі Соколок каналы бойында орналасқан. Қыстақтағы үйі мен қоралары суға кетіп, қирап қалған. Ол да әкімдік “құжаты жоқ нысандарға өтемақы берілмейді” деген соң барып бұларды заңдастыруға кіріскен. Бірақ әлі құжатқа қолы жетпеді. Тойлыбаевқа жергілікті әкімдік үйі мен қорасының құжаты жоқ деп өтемақы төлеуден бас тартқан.
“Әйтенов” шаруа қожалығы иесі Аслан Әйтенов те үй мен қораға өтемақы алмаған. Оған өлген екі сиыры мен екі бұзау үшін 1 млн 100 мың теңге төленген. Ол 1 қарашада облыс әкімдігінен "үй мен қораның өтемақысы құжаты биыл 1 наурызға дейін заңдастырылған шаруаларға төленеді" деген хат алған.
– Бұйрықтың әрекет ету мерзімі 20 желтоқсанға дейін қолданыста болады екен. Тасқыннан зардап шекті деп тану үшін құрылған қалалық комиссия қорытындысы әлі шықпады. Өтемақы талап ету бойынша арызымызды тамызда жаздық. Екі ай үстінде болды. Олар өз қорытындысын облыстық әкімдікке жолдау керек. Әрі қарай облыстық кәсіпкерлік басқармасынан өтемақы төленеді. Уақыт өтіп жатыр, ал 20 желтоқсанға дейін аз қалды. Соколок каналы бойында отырған 40-тан астам шаруа қожалығының 90 пайызында құжат жасалмаған. Көбі жазда заңдастыра бастады. Үлгермей жатыр. Ұзақ жүріс екен, - дейді Әйтенов.
Енді өтемақы алмаған шаруалар өтемақы төлеуді талап етіп, облыстық әкімдікті сотқа беретінін айтып отыр.
ПІКІРЛЕР