Accessibility links

Сот журналист Амангелді Батырбековтің ісін қайта тергеуге жіберді


Журналист Амангелді Батырбеков сот залында тұр. Түркістан облысы Келес ауданы. 6 қараша 2024 жыл.
Журналист Амангелді Батырбеков сот залында тұр. Түркістан облысы Келес ауданы. 6 қараша 2024 жыл.

6 қарашада Түркістан облысы Келес ауданының соты журналист, "Сарыағаш-информ" газетінің бас редакторы Амангелді Батырбековке қозғалған қылмыстық істі қайта тергеуге жіберді.

2017 жылы Сарыағаш аудандық №2 соты Батырбековті "прокурорға жала жапты" деп екі жылға бас бостандығын шектеген еді. Кейін Батырбеков рақымшылыққа ілініп, босатылған. Енді бұл іс қайта тергеледі. Ал Батырбеков Келес ауданы сотының қаулысына келіседі.

Батырбековтің сотталуына оның 2015 жылы "Әділет" газетіне сол кездегі Сарыағаш ауданы прокурорының уақытша міндетін атқарушы Нұрлан Сапаровты "аудандық әділет басқармасы қызметкерлерінің қылмысын жасырды, ауыр қылмыс жасады" деген сөзі негіз болған. Сот Батырбеков "Сапаровтың абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірді және беделін түсіретін жалған ақпарат таратты" деген.

Ауданның әділет басқармасының қызметкерлері 2011 жылы "Ай ғасыр" қонақ үйі мен жерін сатты деп айыпталған. Осы үшін 2024 жылы облыстық сот Сарыағаш ауданы әділет басқармасының басшысы Бегім Тасқұловты "Қызметтегі әрекетсіздік" бабымен кінәлі деп тапқан (бірақ істің ескіруіне байланысты жаза тағайындалмады).

Осыдан соң Түркістан облысы прокуратурасы Батырбековке қатысты қылмыстық істі жаңадан ашылған жайттарға байланысты қайта тергеуді өтінген.

Батырбеков өзін "жазықсыз жазаландым, толық ақталуым керек" деп санайды. Айтуынша, айыптау үкімі бұзылған кезде жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша іс қозғалады.

  • Бұған дейін Батырбеков бірнеше рет әкімшілік және қылмыстық жауапқа тартылған.
  • 2022 жылы 4 қаңтарға қараған түні Батырбековтің Түркістан облысы Сарыағаш қаласындағы үйінің маңында ұлы Дінмұхамедке белгісіз адамдар оқ атып, жаралаған. Кейін бұл журналистің өміріне қастандық жасау мақсатында берілген тапсырыс екені, тапсырысты бұрынғы шенеунік Бауыржан Майрихов бергені анықталған. Майрихов пен оның төрт серігі 11 жылдан 13 жылға дейін сотталған.
  • 2019 жылы Түркістан облысы Келес аудандық білім бөлімінің бастығы Бақтияр Әбдиев "ар-намысыма тиіп, қорлады" деп Батырбековті сотқа берген. Бұл үшін Сарыағаш аудандық соты Батырбековті 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырғанымен, Түкістан облыстық соты аудандық соттың үкімін жойып, журналисті ақтаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG