Алматыда қарамағындағы сарбазды ұрып-соққан лейтенант жеті жылға сотталды. Жетісу облысы Сарыөзек гарнизонындағы 29108 әскери бөлімі танкіге қарсы батареясының командирі «арқасынан қаққаным бар, басынан сипағаным бар, бірақ ұрған жоқпын» деп қылмысты мойындаған жоқ. Оның қол астында болған 19 жастағы сарбаз Досымжан Сәлімжан биыл мамырда әскери госпитальде көз жұмды. Әскери дәрігерлер «сарбаздың бүйрегі ауырды» десе, сот сараптамасы «өлім қолқа күретамырының жарылуынан болды» деген тоқтамға келген.
Үкімнен соң марқұм Досымжан Сәлімжанның анасы сотталған лейтенантқа «сені лағынет атсын, Досиктің (Досымжан Сәлімжан) қаны атсын!» деп сот салынан ызамен шықты.
– Апелляцияға беремін деп отыр, берсін, үкімге ризамын!, - деді марқұм сарбаздың анасы Ардақ Аманғалиева Азаттыққа.
Жетісу облысы Сарыөзек гарнизонындағы 29108 әскери бөлімі танкіге қарсы батареясының командирі лейтенант Жанбота Шәкіров 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Қол астындағы сарбазды ұрып-соққаны үшін оған «билігін асыра пайдаланды» деген айып тағылған. 7 жыл – осы бапта көрсетілген жазаның ең ауыры.
ЖӘБІРЛЕНУШІ МЕН АЙЫПТАЛУШЫ ЖАУАБЫ
Досымжан Сәлімжан биыл 13 мамыр күні Алматыдағы әскери госпитальде қайтыс болды. Ол көз жұмардан 10 күн бұрын «бойын әлсіздік меңдеп, дене қызуы көтеріліп, қатты тоңып, дірілдеп» ауруханаға түскен. Оны бірінші қараған Сарыөзектегі лазарет асқазанында жара болуы мүмкін деп болжаған. Онда жағдайы жақсармаған Досымжан Сарыөзектен Алматыдағы әскери госпитальге ауыр хәлде жеткізілді. Ондағы дәрігерлер "екі бүйрегі істен шыққан", "ішіне инфекция кірген", "ауыр дәрежедегі анемия" деген түрлі диагнозбен жан сақтау бөліміне жатқызған. Алайда госпитальдегі ем нәтиже бермеді, сарбаз сонда көз жұмды. Әскери клиника «өлімге бүйрек ауруы себеп болды» деген. Алайда сот-медициналық сараптама сарбаздың қазасына «қолқа күретамырының жарылуы себеп» дейтін тоқтамға келген.
– Балам армияда жеті ай жүрді. Сонда ауырып, ауруханаға түскенін 3 мамыр күні естідік. 13-і күні қайтыс болды. Қайтқаннан кейін әскери дәрігерлер «бала армияға келгенде ауру болып келген, өзінің ауруы» деп шықты. Аяқ астынан ішіне инфекция кірген деді, жүрегі бала кезден ауырған, бәрі бала кезден деп жала жапты. Балам әскерге сау кетті, – деді марқұмның әкесі Беркін Бекмурзин.
Дәрігерлердің әрекетіне қатысты «міндетін тиісті түрде орындамады» деген баппен басқа іс ашылған, тергеу жүріп жатыр.
Досымжан ауруханада жатып, туыстарымен сөйлескенде батарея командирі Жанбота Шәкіровтен күнде таяқ жегенін айтқан. Оның әскери бөлімде әлімжеттік көргені туралы шағымынан кейін іс қозғалып, күдікке батарея командирі Жанбота Шәкіров іліккен. Сарыөзек гарнизонының жанындағы тергеу басқармасы істі тергеп, сол гарнизонның прокуроры «Шәкіров сарбаздың бүйрегінен бірнеше мәрте ұрған, бұл әрекет Досымжан Сәлімжанның өлімімен ұштасқан ауыр зардапқа әкелді» (Қылмыстық кодекстің 451-бабы, 2-бөлігі) деп айыптады. Куәгерлер сарбаздар да соны көрсетті.
«Біз биыл қаңтарда үш шақырым марш бросок жүгірдік. Ол кезде Досымжан Сәлімжан қатты жүгіре алмайтын еді. Бір кезде ол тоқтап қалады. Бәріміз аялдап, артымызға қарадық. Сол кезде лейтенант Шәкіров Досымжанның қасына жүгіріп барды, оған не дегенін білмеймін, бірақ ұрып жатқанын көрдім», - деді сотта куәлік берген бір сарбаз.
Әскерге бірге шақырылған қызметтестерінің көбі командир Шәкіровтің Досымжанның бүйрегінен соққы жасағанын көргенін, естігенін айтты.
Ал Жанбота Шәкіров сотта «Досымжанды ұрған жоқпын, куәгерлердің сөзі жала» деді. Ол жарыссөзде әскери қызметте өткізген 13 жылы үшін өкінетінін айтып, командир ретінде аманат етілген сарбазға қарай алмағаны үшін кешірім сұрады. «Оның өліміне қатысым жоқ» деп ақталды.
«Қазір шын мәнінде өкініп отырмын. Осы (қамауда отырған) 6 ай ішінде қандай адамдармен қызметтес, дос болғанымды, қандай ұжымда жұмыс істегенімді түсіндім. Мен, шын мәнінде, өкінемін. Осы салада осындай дәрежеге дейін маңдай термен жетіп, дәл осылай баспен қадаламын деп ойлаған жоқпын. Өмірімде ойлаған жоқпын. Мың рет ұйықтап тұрсам да, ойыма да келмеген. Біреудің жүрегінде маған өкпе назы бар деп ойламадым. Қарулы күштердің абырой, атағын төмендеткенім үшін, 29108 әскери бөлімінің командирінің, ұжымының абыройын төккенім үшін кешірім сұраймын. Менің кінәм жоқ демеймін, командирмін, маған сеніп тапсырылған жауынгер қайтыс болып отыр. Мен үшін қаншама адам сөз естіп, қарабет болды, қарулы күштердің беті төмен қарады. Бірақ бұл қылмысқа менің қатысым жоқ», - деді лейтенант Жанбота Шәкіров жарыссөзде.
"ТОҚЫЛДАҚ" АТАНҒЫМ КЕЛГЕН ЖОҚ"
Алматы гарнизонының соты Шәкіровтің қылмысына марқұм сарбаздың өлерде айтқан сөзі дәлел деді. Сол видеода Досымжан «таяқ жеп жүрген жалғыз өзі емес екенін айтып, тағы бірнеше адамның атын атаған. Бірақ процесс кезінде тергеу, прокурор мен сот бұл мәлімдемеге терең бойламады. Куәгер сарбаздардың «бізді ұрған жоқ» дегенмен ғана тәмәмдады. Ал Досымжанның командирден таяқ жеп жатқанын көре тұра полицияға хабар бермегендерін сарбаздар былай түсіндірді:
«Біз негізі айтқымыз келмеп еді. Қайтыс болатынын білгеннен кейін айтуды шештік. Шыны керек, лейтенант Шәкіровтен қорықтым. Денсаулығымды уайымдадым. Әскерден абыроймен, жақсы көзқараста кеткім келді. «Тоқылдақ» атанып кеткім келмеді, содан қорықтым. Бірақ Досымжан Сәлімжан кеткеннен кейін маған бәрібір болып кетті», - деді қатардағы жауынгер Расул Төремұрат.
Ал Әлібек Бекниязов деген сарбаз «западло» болмасыншы деп ешкімге хабарламадым. Таяқ жегенің туралы біреуге айту еркектікке жатпайды деп ойладым» деп жауап берді.
«Тоқылдақ» деген кім? «Западло» деген не? Қазір әскерде әлімжеттік бар ма? Сотталып бара жатқан лейтенант Шәікровтен осы сұрақтарға жауап алдық.
«Тоқылдақ» деген бұрын атам заман кезінде, әкелеріміз қызмет еткен кезде болған шығар. Қазір ондай жоқ, интернет заманы. Қазір сарбазға қатты айқайласаң, дөрекі сөйлесең, бітті. Міне, нәтижені көріп отырсыз ғой», - деді Шәкіров әйнек қоршаудың ішінде тұрған жерінде.
«Сіз Досымжанға мүлде қол тигізген жоқсыз ба?» деген сұраққа: «Жүгірген кезде арқасынан қаққаным бар, басынан сипаған кезім болды, сол қол көтеру болса, солай-ақ болсын» деді ол.
Сотталушының әкесі Айтбай Шәкіров ұлының қылмыс жасағанына сенбейді. Ол баласына қарсы ашылған іс «ойдан құрастырылған» деп санайды.
– Жалғыз менің баламды ғана кінәлап отыр. Менің баламды қайтсе де түрмеге отырғызу – бәрінің арманы. Ол 12-13 жылдан бері әскери салада жұмыс істеп келе жатқан азамат. Тәртіп бұзған кезі болған жоқ, әскерилер жағынан да, солдаттар жағынан да шағым естіген жоқпын. Міне, осы биыл ғана осындай жағдай болып тұр. Мен осында келсем, баланы жауып тастапты. Қамалған кезінде еш дәлел жоқ еді. Біршама уақыт өткен соң міне куәгерлер де көбейіп кеткен, қай жақтан келгенін білмеймін, әскерге бармағандар да куә болып жатыр. Бәрінің айтатыны «бүйректен ұрды, бүйректен ұрды». Жауаптары бірауыздан шығып тұр», - деді Айтбай Шәкіров Азаттыққа.
Үкімнен соң марқұм Досымжан Сәлімжанның ата-анасы әділ шешім шықты деп, бірнеше лауазымды тұлғаның атын атап, алғыс білдірді.
Қатардағы жауынгер Досымжан Сәлімжанның қазасы сотқа дейін жеткен сирек істердің бірі. Бұған дейін әскерде жүріп, әлімжеттік көргенін жария айтқан сарбаздардың шағымы көп тіркелмейтін. Қоғамдық резонанс туған жағдайда қылмыстық іс аштыру жеңілдеуі мүмкін. Ал тіркелген істің көбі дұрыс тергелмей, жиі жабылып қалады. Мұндай оқиғалар сарбазды немесе сол бөлімнің басшыларын басқа әскери мекемеге ауыстырумен бітетін.
2023 жылы Қылмыстық кодекстің «Бір біріне бағынышты емес әскери қызметшілердің арасында жарғы қағидасының бұзылуы» деген 440-бап бойынша 48 іс тіркелген. Соның 12-сі, яғни 25 пайызы ғана сотқа дейін жеткен. Ал әскери қызметте «билігін асыра пайдалану» бабы бойынша, былтыр 65 іс тіркелген, сотқа соның жартысы барған. Ресми дерек бойынша, Қазақстанда көктем мен күзде жиыны 35 мыңдай адам әскерге шақырылады.
КАМЕРАНЫҢ ІСТЕМЕЙ ҚАЛУЫ, ДӘЛЕЛДЕРДІҢ ЖОҒАЛУЫ
Биыл 20 қыркүйекте баспасөз жиынын өткізген қарулы күштерінің басшылық өкілдері армияда құқық бұзу фактілерін азайту, тоқтату үшін көп шара қолданып жатырмыз деген.
«Мәселен, «Жауынгерлік дос» әр мерзімді әскери қызметшінің қасында өзінің екінші жауынгерлік досы болады. Оның басты міндеті – серігін жағымсыз жағдайлардан сақтап қорғап жүру. «Пирамида» жүйесі жұмыс істейді. Бүгінде сарбаздар бейнеқоңырау арқылы туыстарымен хабарласа алады. Сонымен қатар, әрбір ротада, әр әскери бөлімде ата-аналардың чаты құрылған. Құқық бұзушылық әрекеттердің алдын алу мақсатында әр әскери қызметші жүгіне алатын профилактикалық кабинеттер, сенім телефондары жұмыс істейді. Казармадағы қызметтік үй-жайларда бейнекамералар орнатылған. Ол үшін штаттарға оператор лауазымы енгізілген. Әскери бөлім кезекшісі және оның көмекшісінен бөлек бақылап қарап отыру үшін операторлар 24 сағат тәуліктік қызмет атқарады» - деді қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев.
Дегенмен әскердегі өлімді тергеу кезінде казармадағы видеокамералардың жиі істемей қалуы, дәлел болатын материалдардың жоғалуы жиі кездеседі дейді әскерде жұмбақ жағдайда қаза болған сарбаздардың туыстары. Солардың бірі Досымжан Сәлімжанның сотына үкімді тыңдауға келген Индира Туғанбаева. Оның сөзінше, Алматыдағы 5571 әскери бөлімінде қаза болған 19 жастағы сарбаз Алмас Шахимовтың ісінде дәл солай болған.
– Баламды ұрған кезде бір киімде, ауруханаға әкелген кезде екінші киіммен болған, қазіргі тергеуде үшінші киіммен жүріп жатыр, размері келмейді баламдікімен сәйкес келмейді. 5571 әскери бөліміндегі бейнекамералар жазбасы да жоқ. Нағыз дәлел болатын материалдарды жоғалтып жіберген. Неге жоқ қылады? Өйткені сол жерде бәрі көрініп тұр. Баланы ұрған соққаны көрініп тұрған болуы әбден мүмкін, - дейді марқұм сарбаз Алмас Шахимовтың анасы Индира Туғанбаева.
Ал Ұлттық ұлан басшылары сарбаз Шахимовтың қазасы жазатайым оқиға деп есептейді. Гвардия бас қолбасшының орынбасары Қайрат Үмбетов биыл жазда берген жауабында «бұл істі бас прокуратураның арнайы прокуроры тергеп жатыр, өзге дерек тергеу құпиясы» деп жазды. Марқұм Алмас Шахимов қызметте болған Алматыдағы 5571 әскери бөлімінен 21 жастағы Ербаян Мұхтар да сау шыққан жоқ. Оған байланысты қозғалған іс те салғырт тергеліп жатыр дейді қорғаушысы.
– Істі басында жергілікті әскери полиция тергеді. Бізді таңқалдырған факт – Ербаянның ісін тергеп жатқан әскери полиция сол оқиға болған гвардия бар ғой, соның ішінде отырады. Былай қараған кезде қойды қасқырға баққызғанмен бірдей. Ол өз қылмысын өзі сол жерде отырып, қалай тергейді? Кейін іс республикалық әскери тергеуге ауысты. Бірақ десек те, ол әскери тергеу деген бәрібір әскерге қатысты немесе әскердің имиджін ойлайтын орган. Олар қанша жерден «біз бейтарап тергейміз» дегенімен де, бірнеше рет тергеушілердің аузынан естідім: «Біз сіздер шулады екен деп, өз жігіттерімізді қылмысы жоқ болса да сотқа бере алмаймыз» деді. Біз объективті тергейміз деп отыр. Иә объективті тергейтіні дұрыс. Бұл жерде кілт сөз – «өз жігіттеріміз». Түсінесіз бе? Сондықтан әскерде болған қылмыстарды, әлімжеттік болсын, басқа болсын, өлім-жітім оқиғаларын тергеу саласына бір реформа керек. Басқаша көзқарас керек, - дейді Ербаян Мұхтардың қорғаушысы Инга Иманбай.
Алматы гарнизонының әскери прокуроры Айдос Ақберген биыл көктемде Азаттыққа «5571 әскери бөлімнің полициясы Ұлттық ұланның өңірлік басшылығына бағынбайды, бұл заңға қайшы емес» деп жауап берген.
Қазақстан қарулы күштер басшылары «мерзімді қызметке шақырылған әскери қызметшілер арасында түсініспеушіліктер болып тұрады, «әлімжеттік, дедовщина» деген түсінік жоқ» деп санайды. Бірақ ел арасында әскерге барып келген запастағы жауынгерлер «әскерде бәрі таяқ жейді» дегенді жасырмайды.
ПІКІРЛЕР