Ресей әскері 30 қазанда кешке Украинаның Харьков қаласына әуеден соққы жасады. Екі адам қаза болып, 30-дан астам адам жарақаттанды. Бұл жөнінде облыстық әскери әкімшілік жетекшісі Олег Синегубов хабарлады.
Оның сөзінше, 11 жастағы бала мерт болған. Оны құтқарушылар үйінді астынан алып шыққан кезде ауыр жарақаттары болған, дәрігерлер құтқара алмаған. Тағы бір адамның денесі бөлшектеніп кеткен, аты-жөні анықталып жатыр.
Ресей әскері Харковьке басқармалы авиабомбамен соққы жасаған. Ол тоғыз қабатты үйге түскен. Харьков мэрі Игорь Терехов үйдің төрт қабаты толық қирағанын айтты. Бомба түскеннен кейін өрт басталған. Құтқарушылар үйдің қалған бөлігі құлауы мүмкін екеніне қарамастан адамдарды іздеуге күш салып жатыр. Үйінді астында адамдар қалған.
Шабуылға қатысты пікір білдірген Украина президенті Владимир Зеленский Ресейді бірігіп тоқтатуға шақырды.
"Одақтастар күн сайын не болып жатқанын көріп отыр. Мұндай жағдайда әрбір шегерілген шешімнің құны Украинаға қарсы ондаған, тіпті жүздеген ресейлік бомбамен пара-пар. Олардың шешімі біздің азаматтарымызды құтқарады. Сондықтан бәріміз бірге Ресейді тоқтатуымыз керек" деді ол.
Ресей әскері Харьковті басқармалы бомба және ракеталармен тұрақты түрде атқылап жатыр. Осы аптада осыған ұқсас екі соққы жасалған. Кемінде төрт адам қаза болды.
Соққы Киев пен өзге қалаларға да жасалып жатыр. Украина Ресейді қасақана азаматтық нысандарды соққылап жатыр деп айыптайды, ал Мәскеу мұны жоққа шығарады.