Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевке 31 қазанда Азаттық тілшісі "Киевте қастандықпен өлтірілген Айдос Садықовтың қазасына қатысты іс бойынша тергеу қалай жүріп жатыр?" деген сұрақ қойды.
Бірақ бас прокурордың орынбасары тергеу құпиялылығын алға тартып, бұрын айтылған жауапты қайталаумен шектелді.
"Қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қылмыстық іс қозғалды. Бірақ тағы да айтайын. Біраз нәрсені мен сіздерге айта алмаймын. Уақыт келеді.... Халықаралық мәселе деп жалпы нәрсені жауып, ашып айтуға болмайтын нәрселер бар" деді Ғалымжан Қойгелдиев.
Осыдан кейін ол тергеу құпиялығын алға тартты. "Күдікті екі адам қазір қайда?" деген сұрақты да жауапсыз қалдырды.
Биыл 18 маусымда қазақстандық оппозициялық блогер, журналист, "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовты Киевтегі үйінің маңында атып кеткен. Басына оқ тиіп, ауыр жараланған белсенді 2 шілдеде ауруханада көз жұмды. Сол кезде Украина бас прокуратурасы Садықовтың қазасына қазақстандық Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаевты күдікті ретінде атаған.
Кейін Қазақстан билігі Жақанбаев елге оралып, өз еркімен берілді деп хабарлаған. Сол кезде-ақ Астана күдіктіні Киевке бермейтінін айтқан еді. Ал Қаратаевтың қазір қайда екені белгісіз.
Қыркүйекте Украина бас прокуратурасы Азаттыққа жолдаған жауабында Қазақстан бас прокуратурасы күдіктінің бірін Украинаға беруден бас тартқанын жазған. Бұған қоса, Украина тарабы биыл шілдеде Қазақстанның органдарына сотқа дейінгі тергеуге халықаралық құқық жағынан көмек сұраған. Украина бас прокуратурасының Азаттыққа хабарлауынша, Астанадан бұл сұрауға әзірге жауап келмеген.
Марқұмның әйелі Наталья Садықова күйеуінің қазасына Қазақстан билігін айыптап, қастандық "Тоқаевтың арында" деп мәлімдеген. Астана қастандықтың артында Қазақстан билігі тұр деген айыптауды жоққа шығарған.
Бұған дейін Азаттық ашық дереккөздерден күдіктерге тиесілі деген нөмірлерді тауып, ол нөмірлер өзге адамдардың телефондарында "арнайы жасақ", "собр", "капитан", "снайпер", "Алтай КНБ" деген қосымша ақпаратпен сақталғанын анықтаған еді.
ҰҚК Азаттыққа Қаратаев пен Жақанбаев ҰҚК құрамында жұмыс істемейтінін, одан басқа ақпарат бере алмайтынын мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР