Дүйсенбі кешке Тбилисидегі парламент үйі алдындағы алаңға жиналған мыңдаған адам сенбі күні өткен парламент сайлауының алдын ала ресми қорытындысына наразылық білдірді.
Орталық сайлау комиссиясы елде 2012 жылдан бері билікте отырған "Грузин арманы" партиясы сайлаушылардың 54 пайызға жуығының қолдауына ие болып, жеңіске жетті деп жариялаған.
Онымен бірге парламентке өткен негізгі төрт оппозициялық партия билікті дауыс беру нәтижесін бұрмалады деп айыптап, сайлаудың ресми қорытындысын мойындамайтынын, жаңа парламентке кіруден бас тартатынын мәлімдеді. Олар "халықаралық бақылаушылардың қадағалауымен" қайта сайлау өткізуді талап етті.
Дүйсенбі кешке парламент үйінің қасында мыңдаған адам қатысқан жиында сөйлеген Грузия президенті Саломе Зурабишвили де сайлаудың ресми қорытындысын мойындаудан бас тартты.
"Сіздер сайлауда жеңілген жоқсыздар, – деді Зурабишвили митингіге жиналған жұртқа. – Олар сіздердің дауыстарыңызды ұрлады және сіздердің болашақтарыңызды ұрламақшы болды, бірақ олай істеуге ешкімнің хақы жоқ, ал сіздер кімнің болсын олай істеуіне жол бермейсіздер!"
Грузия заңы бойынша, президент рәсімдік функция ғана атқарады, яғни елдегі мемлекеттік органдардың Конституцияны сақтауын қамтамасыз етеді, сонымен бірге халықаралық келісімдерді бекіту кезінде мемлекет атынан қатысады. Бұған қоса президент елшілер мен өзге де дипломатиялық өкілдерді тағайындайды.
Атқарушы билік тармағын премьер-министр басқарады. Кейінгі 12 жылдан бері үкімет басында парламентте көпшілік дауысқа ие болған "Грузин арманы" партиясы отыр.
26 қазанда өткен сайлаудың ресми қорытындысымен келіспеген Грузия президенті сайлаушыларды дауыс бергенде жасаған таңдауын қорғауға шақырды.
"Біз конституциялық құқығымызды қорғау үшін күресетін боламыз. Қазір сарыуайымға салынатын уақыт емес, қазір байсалды түрде басымызды көтеріп, өз дауысымызды қорғауымыз маңызды", – деді Зурабишвили.
Грузияның болашағы Еуропамен бірге деп айтып жүрген Зурабишвили отандастарын осы бағыттан таймауға үндеді.
"Біз Еуропа есігін ашқан сәтке жеткенге дейін еуропалық осы жолда сіздермен аяғына дейін бірге болуға ант етуге дайынмын, ол біздің арманымыз ғана емес, шынайы болашағымыз, бізге басқа балама жол жоқ", – деп мәлімдеді Зурабишвили.
Грузин президенті сайлаудың ресми қорытындысын "біздің елге, халқымызға қарсы жүргізіліп жатқан гибрид соғыстың бір түрі – ресейлік арнаулы операция" екенінің айғағы деп атады.
Зурабишвили 28 қазанда Reuters агенттігіне сұхбатында осы сөзіне түсініктеме беріп, Ресейді дауыс беру қорытындысын бұрмалады деп тікелей айыптаған жоқпын, "алаяқтықтың көп түрін" пайдаланудың "шектен шыққан" әдістері Ресей қауіпсіздік қызметі (ФСБ) қолданатын тактикаға ұқсайтынын меңзедім деп мәлімдеді.
Зурабишвили үкімет ресейлік "шетел агенттері туралы" заңға қатты ұқсайтын, қоғамда дау тудырған "шетелдің ықпалы" туралы заңды мақұлдап, қабылдағаннан кейін іле-шала Ресейдің қолдау танытқаны "Грузин арманы" партиясының Мәскеумен байланысы барын аңғартады деп мәлімдеді.
Грузия қабылдаған "шетелдің ықпалы" туралы заңды АҚШ пен Еуроодақ қатты сынға алған. Ал биылғы парламент сайлауы Еуроодақ пен НАТО құрамына қосылуға бағдар алған Грузия демократиясы үшін сынақ болады деп айтылған еді.
Грузиядағы осы сайлаудың барысын бақылаған үкіметтік емес ұйымдар сайлау учаскелерінде көптеген заңсыз әрекеттер, соның ішінде сайлау жәшігіне топтап бюллетень тастау фактілері тіркелді, билік сайлау нәтижесін бұрмалап, өз партиясын алаяқтық жолмен қолдан жеңімпаз жасады деп мәлімдеген.
Оппозиция өкілдері сайлау қорытындысы жөнінде алғашқы мәліметтер түсе бастағаннан-ақ "Грузин арманы" бәсекелестерінен озды деген ресми ақпараттардың экзитпол кезінде айтылған деректерден мүлде алшақ екенін аңғарған.
28 қазанда өткен брифингте "Менің дауысым" атты бақылаушылар коалициясы сенбі күні 1131 сайлау учаскесінде өз бақылаушылары болғанын, олар сайлау өткізу тәртібі бұзылған 900-ден астам оқиғаны тіркегенін хабарлады.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен "халықаралық және жергілікті бақылаушылар сайлау күні жалпы алғанда жақсы өтті дегенге келіссе де, біз [сайлау тәртібін] бұзу және күш көрсету фактілері туралы хабарлар барын айтқымыз келеді" деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, "халықаралық бақылаушылар сайлаудың қорытындысын еркін және әділ деп бағаламаған".
ЕҚЫҰ миссиясының жетекшісі Паскаль Ализар сайлаушылардың көбі дауыс беруге қатысқанын, әртүрлі саяси партиядан бақылаушылар да көп болғанын атап өтіп, мұны сайлау жүйесі дамығанының белгісіне жатқызды.
Сонымен бірге халықаралық бақылаушылар миссиясы Грузиядағы парламент сайлауына дауыс беру "тең жағдайда өтпеді, қысым мен шиеленіскен ахуалдың көлеңкесінде қалды" деп мәлімдеді.
28 қазанда АҚШ мемлекеттік департаменті Грузиядағы сайлауды бақылағандардың сайлау кезіндегі заңсыздықтар жайлы хабарларын толық тексеруге шақырған үндеуіне қолдау танытты. Мемлекеттік департаменттің өкілі Мэтью Миллер егер грузин үкіметінің бағыты өзгермейтін болса, оның салдары болуы мүмкін деді.
Билікте отырған "Грузин арманы" партиясы сайлауда заң талаптары өрескел бұзылды, дауыс беру нәтижесі бұрмаланды деген айыптарды жоққа шығарды.
Қазіргі кезде Еуропа одағында төрағалық етіп отырған Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан "Грузин арманы" партиясына қолдау білдіру үшін Тбилисиге сапармен барды. Орбан Грузия парламенті жанындағы қонақүйден шыққан сәтте сол жерде тұрған жұрт ысқырып, айғайлап, оны сынап-мінеді.
Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе оппозицияны сайлауда жеңілгенін мойындағысы келмей, "конституциялық тәртіпті шайқалтпақ болды" деп сөгіп, оған қоса "қаржыны қайдан алатыны ашық болуына қарсыласып жүрген" "батысшыл үкіметтік емес ұйымдарды" қолдайды деп айыптады.
Бұл сайлау Грузия үкіметінің Батыспен қарым-қатынасына сызат түсіріп, ол Мәскеуге бетбұрыс жасауы әбден мүмкін деген күмәнді күшейтсе де, Кобахидзе өзі басқаратын үкімет бұрынғысынша Еуропа бағдарынан айнымайтынын айтты.
28 қазанда Азаттықтың Грузин қызметі сөйлескен ел азаматтары қазіргі қалыптасқан ахуалға алаңдайтынын жеткізді.
"Қатты қобалжып жүрмін. Саяси жағдай шиеленісіп бара жатқаны байқалады, – деді Кетеван Кипиани. – Кейінгі кезде болып жатқан нәрселерді көріп, бәрі де мүмкін деп ойлаймын. Тараптардың ешқайсысы өз дегенінен қайтпай отырғаны факт. Әйткенмен азаматтық жанжал болады деп ойламаймын".
Нино Гурешидзе қазіргі жағдай шарасыздық сезімін тудырады деді Азаттыққа.
"Алайда біздің халықаралық серіктестеріміздің көмегінің және грузин саясаткерлерінің парасатты шешімдерінің арқасында бұл дағдарысты еңсереміз деп әлі де болса сенемін. Бірақ келеңсіз салдарға әкелуі де ықтимал", – деп ойын айтты Гурешидзе аласапыран мен жанжалды меңзеп.
Оппозициялық күштер парламент сайлауы қайта өтуі керек деген талап айтты. "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясы жетекшілерінің бірі Георгий Вашадзе ол сайлау халықаралық байқаушылардың қадағалауымен өтуі керек деді.
28 қазанда кешке Тбилисидегі парламент маңынан хабар таратқан жергілікті және халықаралық БАҚ наразылық митингісі бейбіт түрде, ұрыс-керіссіз тыныш өтті деп хабарлады.
Парламент алдындағы наразылық митингісі жергілікті уақытпен кешкі тоғыз жарымға дейін жалғасты. Жиынға қатысқан жұрт Грузия мен Еуропа Одағы гимндерін шырқағаннан кейін біртіндеп тарқады.
Mapchecking сервисінің есебінше, шараға шамамен 15 мыңға жуық адам қатысқан.
Грузияда 26 қазан күні өткен сайлауда ел азаматтары ұлттық парламентті бұрынғыдай аралас жүйе емес, толық пропорционал жүйе бойынша дауыс берді.
Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) хабарлауынша, елдегі жиынтығы 3111 сайлау уческесінің 3109-ында (99,93%) сайлау заңға сай өткен. Ал екі жерде – Марнеулидегі сайлау учаскесінде дауыс беру қорытындысы жойылды, Душетиде хаттама толтырылған жоқ деп мәлімдеді ОСК төрағасы Георгий Каландаришвили.
Сайлаудың ресми алдын ала қорытындысына сәйкес, "Грузин арманы" партиясы 53,92 пайыз дауыспен бәсекелестерінен озып, 11-шақырылымдағы Грузия парламентіндегі 150 орынның 89-ына ие болған. 2012 жылдан бері билікте отырған бұл партияны кезінде Ресейде бизнес жүргізіп байыған миллиардер Бидзина Иванишвили құрған.
ОСК парламентке бес пайыздық межені еңсерген батысшыл төрт оппозициялық күш те өткенін хабарлады: "Өзгерістер үшін коалициясы" – 18, "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясы – 17, "Қуатты Грузия" – 14, "Гахария Грузия үшін" партиясы – 12 орын иеленді.
"Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясының жетекшісі әрі "Грузияны құтқару жолындағы бірлік" коалициясын басқаратын Тина Бокучава "бізден ұрлап алған сайлау қорытындысын мойындамаймыз" деп мәлімдеді.
Парламентке өткен төрт оппозициялық партия жаңа парламент құрамында жұмыс істеуден бас тартатынын мәлімдеп, өз жақтастарын наразылық митингісіне шығуға үндеген.
Грузия Конституциясы бойынша, жаңадан сайланған парламенттің алғашқы жалпы отырысы өтетін күнді ел президенті белгілеуі тиіс. Бірақ президент Саломе Зурабишвили сайлаудың ресми қорытындысын мойындаудан бас тартты.
ПІКІРЛЕР