Accessibility links

Алматы прокуратурасы зейнеттегі генерал Новиковке тиесілі жердегі өзенді даулап жатыр


Алатау бөктеріндегі "Международная ассоциация клубов" компаниясына тиесілі 832 га жердің аумағы көрсетілген карта.
Алатау бөктеріндегі "Международная ассоциация клубов" компаниясына тиесілі 832 га жердің аумағы көрсетілген карта.

Алматы прокуратурасы Алатау бөктеріндегі зейнеттегі генерал Павел Новиковке тиесілі жердің бір бөлігін мемлекетке қайтарғысы келеді. Прокуратура 10 қазанда Алматының экономикалық сотына "Международная ассоциация клубов" компаниясы мен Алматы облысы Қарасай ауданы әкімдігінің үстінен шағым түсіріп, жерді сату-сатып алу туралы келісімді жарамсыз деп тануды сұраған.

Прокуратура Новиковке тиесілі үлкен аумақтың нақты қай бөлігін даулап жатқаны белгісіз. Алайда жер иесінің айтуынша, дау сол жерде ағып жатқан Поганка өзеніне байланысты шыққан.

– Прокуратура шағымы жерге байланысты емес, онда бір өзен ағып жатыр. Олардың сол бойынша сұрақтары бар екен. Өзеннің шекарасы, оны сақтау, күту туралы әңгіме болатын шығар. 31 қазанда сот болады, анығын сонда білеміз, – деді Павел Новиков Азаттыққа.

Ол прокуратура шағымына наразылығы туралы ештеңе демеді. Алайда 23 қазанда Новиковтың иелігіндегі "Бағанашыл" спорт-ойын-сауық кешенінің Instagram парақшасында "Международная ассоциация клубов" компаниясы қызметкерлерінің видеосы жарияланды. Олар прокуратура шағымына наразы екенін айтып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан осы жағдайға араласуын сұраған.

– Прокуратура "Международная ассоциация клубов" компаниясына тиесілі жерде өзен ағып жатқанын алға тартып отыр. Бірақ бұл өзен ағып жатқан Ремизов шатқалы мен әл-Фараби даңғылы бойына тұрғызылған қымбат үй кешені иелеріне ештеңе демейді. Біз бұл учаскелерді мақсатына сай пайдаланамыз, коттедж, ғимараттар тұрғызған жоқпыз. Біз әйгілі Алматы апортын өсіреміз, оны жерлестеріміз бен қонақтарға жеткізіп отырмыз, – деді видеода компания қызметкерлері.

Алматы қаласы Бостандық ауданының Іле-Алатауы ұлттық паркімен шектесетін жеріндегі 832 гектар жерді алып жатқан жиыны 17 жер учаскесіне "Международная ассоциация клубов" ЖШС иелік етеді. Компания құрылтайшысы Павел Новиков Алматы қаласының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімовтің көмекшісі болған, көп жыл қорғаныс министрлігінде түрлі лауазымды қызмет атқарған.

832 гектардың 100 гектарында алманың бірнеше түрі, соның ішінде әйгілі апорт та өседі, алмұрт та бар. Қалған жүздеген гектар жер бос жатыр. Бұл жерді Новиковтың компаниясы 2004 жылы мемлекетке 25 миллион теңге төлеп сатып алған. Былтыр жазда Алматы прокуратурасы ол жерді тексергенін, "заң бұзу фактісі анықталмағанын" хабарлаған.

2023 жылғы 1 тамызда Алматының экономикалық соты Павел Новиковтың компаниясы меншіктеп алған 30 гектар жерді заңсыз алынған деп тапты. Бұрын Қарасай ауданына тиесілі болған, қазір Алматының Бостандық ауданы аумағына енетін бұл 30 гектар жер әлгінде айтылған 832 гектардан бөлек жатыр. Алматы прокуратурасының дерегінше, 2004 жылы "Международная ассоциация клубов" компаниясы осы 30 гектар жерді Алматы облысы Қарасай ауданы әкімдігінен алған. Бірақ 1,1 миллион теңге кадастрлық құнын мемлекетке төлемеген. Сот осы 30 гектар жерді сату туралы барлық келісімдердің күшін жойып, оны мемлекет иелігіне қайтаруды бұйырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG