Accessibility links

Түркия Ирак пен Сириядағы Күрдістан жұмысшы партиясымен байланысты нысандарға шабуыл жасады


TUSAŞ компаниясының Анкарадағы штаб-пәтерінен түтін шығып жатқан сәт
TUSAŞ компаниясының Анкарадағы штаб-пәтерінен түтін шығып жатқан сәт

24 қазанға қараған түні түрік әскері Turkish Aerospace штаб-пәтеріне жасалған шабуылға қарымта ретінде Ирак пен Сириядағы Күрдістан жұмысшы партиясымен байланысты нысандарға әуеден шабуылдады.

Түркия билігі 23 қазанда Анкарадағы Turkish Aerospace (TUSAŞ) аэроғарыш компаниясының штаб-пәтеріне жасалған шабуылды күрд көтерілісшілерінен көреді.

Reuters агенттігінің жазуынша, Түркияның барлау басқармасы әскери және барлау нысандарын, оқ-дәрі қоймаларын, логистика және энергетика инфрақұрылымдарын нысанаға алған.

Түркияның әуе күштері Ирак пен Сирияның солтүстігіне әуеден шабуылдап, Күрдістан жұмысшы партиясының 32 нысанын жойды деп хабарлады елдің қорғаныс министрлігі. Анкара ұйымның көптеген мүшесі өлді деді.

Сәрсенбіде Анкарада жасалған шабуыл салдарынан бес адам, оның ішінде TUSAŞ компаниясының төрт қызметкері мен такси жүргізуші қаза тауып, 22 адам жараланған. Полиция шабуыл жасаған екі адамды өлтірді деп хабарлады Түркияның ішкі істер министрі Әли Ерликая. Терактіні әлі ешкім мойнына алған жоқ.

Күрдістан жұмысшы партиясы бірнеше рет Түркияда болған шабуылды мойнына алған. Түркияның өзінде, сондай-ақ АҚШ пен Еуроодақтың бірқатар елінде террористік ұйым деп танылған Күрдістан жұмысшы партиясы Анкарадағы шабуыл жөнінде пікір білдірмеді.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Ресейдің Қазан қаласында өтіп жатқан БРИКС саммитіне барған сапарын үзіп, Анкараға шұғыл қайтуды ұйғарған.

Reuters агенттігінің ақпаратынша, TUSAŞ – аэроғарыш техникасын шығаратын Түркиядағы ірі компания, қазір оқу-жаттығуға арналған ұшақтар, әскери және азаматтық мақсатта қолданылатын тікұшақтар шығарады, одан бөлек, түріктің KAAN жойғыш ұшағын дайындап жатыр. Компания Түркия қарулы күштері қорына және түрік үкіметіне тиесілі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG