Accessibility links

Израиль "Хезболла" қазынасы сақталған бункерді тапқанын айтты


Ливандағы "Хезболла" банкі
Ливандағы "Хезболла" банкі

Израиль армиясы (ЦАХАЛ) 21 қазан кешке Ливанда "Хезболла" радикал тобының ақшасы сақталған бункерді тапқанын хабарлады.

ЦАХАЛ пресс-атташесі Даниэль Хагаридің айтуынша, бункер Бейруттегі әл-Сахел ауруханасы ғимаратының астында орналасқан. Онда "Хезболла" қазынасының негізгі бөлігі – бірнеше жүз миллион доллар қолма-қол ақша, алтын құймалар сақталған болуы мүмкін. Осы хабардан кейін ауруханадан пациенттер мен қызметкерлер эвакуацияланды.

Хагаридің сөзіне қарағанда, "Хезболланың" алтын қоры екі көзден: топқа Ираннан жіберілген ақшадан және Ливанды қалпына келтіруге әрі ондағы бейбіт тұрғындарға әлеуметтік көмекке деп бөлінген қаржыдан алынған. Хагари "Хезболла" бейбіт мақсаттарға арналған ақшаны иемденіп, аурухана сияқты қаладағы бейбіт нысандар астына бункерлерін орналастырып жатыр деп, Ливан үкіметі мен халықаралық ұйымдарды бұған қарсы тұруға шақырды.

"Хезболла" өкілдері Израиль мәлімдемесі шындыққа жанаспайды деп, Ливан үкіметінің армиясына аурухана астында қойма жоқ екеніне көз жеткізу үшін ол жерді тексеруді ұсынды.

Израиль армиясы Ливанның оңтүстігінде операциясы жалғасып жатқанын, 21 қазанда "Хезболланың" жеті бригада командирін өлтіргенін хабарлады. Haaretz газетінің мәліметінше, ЦАХАЛ Дамаскіде "Хезболланың" жоғары шенді командирін өлтірген, ақпаратқа қарағанда, ол Ираннан қару-жарақ пен оқ-дәрі жеткізуге, топтың экономикалық қызметінің бір бөлігіне жауапты болған. "Хезболла" командирі Сирияға газ экспорттауға, Ливанда, Сирияда, Йеменде және Түркияда "Хезболла" бақылауындағы фабрикалар мен зауыттардың дамуына жауапты болған, олардан түскен пайда топтың әскери бағытына жұмсалған деп жазды басылым. Қаза болған адамның аты-жөні аталмаған.

Израиль армиясы Ливандағы операциясы кезінде "Хезболланың" зымыран арсеналының шамамен 70 пайызын жойып, екі мыңға жуық сарбазын өлтірдік деп есептеп отыр.

  • АҚШ пен Еуроодақта "террористік ұйым" деп танылған палестиналық ХАМАС тобы 2023 жылы қазанда Израильге тұтқиылдан шабуыл жасаған күннің ертесіне "Хезболла" тобы Израильді нысанаға алып зымырандар ұшырды. Содан бері шекарада күн сайын атыс болады. Екі жақтан да мыңдаған тұрғын шекара маңындағы аудандардан көшірілген.
  • Израиль 23 қыркүйекте "Хезболлаға" қарсы операция бастады. Оның мақсаты – топтың әскери инфрақұрылымын жойып, елдің солтүстігінен көшкен Израиль тұрғындарының үйіне оралуына жағдай жасау деп мәлімдеген.
  • АҚШ "Хезболланы" террористік ұйым деп атайды. Ал Еуропа одағы оның қарулы қанатын ғана террористік деп таныған. "Хезболла" партиясы өкілдері Ливан парламентінде отыр. Израиль шабуылдарының бірінде топ жетекшісі Хасан Насралла қаза тапқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG