Accessibility links

АҚШ Израильдің жоспары жайлы құпия құжаттар қалай тарап кеткенін тексеріп жатыр


АҚШ Израильдің 1 қазанда Иран жасаған зымыран шабуылына қарымта қайтару жоспарлары туралы америкалық барлау қызметтерінің аса құпия құжаттары қалай тарап кеткенін тексеріп жатыр. Бұл туралы АҚШ әкімшілігіндегі дереккөздерге сүйеніп, Associated Press агенттігі мен CNN хабарлады.

Бұл тексеруге АҚШ барлау қауымдастығының екі мекемесінің өте құпия құжаттарының тарап кетуі себеп болды. Құжаттардың бірін Ұлттық геокеңістіктік барлау агенттігі жасаған деп көрсетілген, онда Израиль Иранға жасауы ықтимал шабуыл алдында әскери техниканы көшіріп жатқаны айтылған.

Дерек көзі Ұлттық қауіпсіздік агенттігі деп көрсетілген екінші құжатта Израиль әскери-әуе күштері әуе-жер зымырандарын қолданып жасайтын жаттығулары жайлы айтылған. "Өте құпия" деген белгі қойылған бұл құжаттар жұма күні телеграм-арналарда тарала бастады.

Бұл қажаттардың көпке тарап кетуі "қатты алаңдаушылық тудырды", – деді CNN сөйлескен адамдардың бірі. Жұртқа жария болған құжаттардың мазмұны алаңдаушылық туғызбайды – оларда Израильдің немесе АҚШ-тың нақты жоспарлары туралы мәліметтер жоқ. Алаңдатып отырғаны – бұл ақпарат қалайша тарап кеткені және басқа америкалық барлау құжаттары да жария болу қаупі бар ма деген мәселе, ол жағы әлі белгісіз. Құжаттар қалай тарап кетті ме, мақсатты түрде ме немесе мысалы, хакерлік шабуыл көмегімен алынды ма, осы жағы тексеріліп жатыр.

Пентагон құжаттар тарап кетуін тексеру жайлы хабардар екенін мәлімдеді және түсініктеме беруден бас тартты. Федералдық тергеу бюросы мен барлау қызметтері де бұқаралық ақпарат құралдарына ешқандай түсініктеме бермеді.

Израиль билігі Иранның зымыран шабуылына қарымта қайтаратынын бірнеше рет мәлімдеген. Тегеран ол шабуылды АҚШ-та террористік деп танылған ХАМАС пен "Хезболла" топтарының лидерлерін және Иран революциясы сақшылар корпусының жоғарғы шенді офицерін өлтірген Израильден кек алу деп атаған. Израильдің қарымтасы қандай болатыны әзірге белгісіз. Баспасөз құралдары АҚШ әкімшілігіндегі дереккөздерге сүйеніп, Вашингтонмен кеңескеннен кейін Израиль Иранның ядролық немесе мұнай нысандарына емес, әскери нысандарына шабуыл жасау жөнінде шешім қабылдаған деп хабарлаған. Бұл ақпаратты ресми түрде ешкім растаған жоқ.

XS
SM
MD
LG