Accessibility links

Тбилисиде "Грузия Еуроодақты таңдайды" деген акция өтті


"Грузия Еуроодақты таңдайды" акциясына шыққан адамдар. Тбилиси, 20 қазан, 2024 жыл.
"Грузия Еуроодақты таңдайды" акциясына шыққан адамдар. Тбилиси, 20 қазан, 2024 жыл.

Грузия астанасының орталығындағы Еркіндік алаңында 20 қазан, жексенбі күні оппозициялық партиялардың жақтастары митинг өткізді. 2003 жылғы 22 қарашада дәл сол жерде "Раушан революциясы" басталған. Ақпарат құралдарының мәліметінше, 20 қазандағы митингіге 50 мыңға жуық адам қатысқан. Митингіде "Грузия Еуроодақты таңдайды" деген ұран айтылды.

Алдын ала келісімге сәйкес, оппозиция лидерлері митингіге қатысқан жоқ, сөз кезегі белгілі қоғам қайраткерлеріне, әншілер мен ақындарға берілді. Олар халықты 26 қазанда өткелі отырған парламент сайлауында биліктегі "Грузин арманы" партиясын алмастыру үшін төрт оппозициялық партияның бірін қолдап дауыс беруге шақырды.

Еркіндік алаңында митингіге шыққандар алдында ел президенті Саломе Зурабишвили сөз сөйледі. Ол мыңдаған адам қатысқан сайлауалды митингіні ұмытылмас тарихи оқиға деп атады.

Зурабишвили Молдова президенті Майя Сандуға "Молдованың Еуропадағы болашағы жөнінде референдумда жеңіс" тілеп, Украина президенті Владимир Зеленскийге алғыс білдірді. Грузия президентінің сөзінше, Украина ғана емес, Грузия да Еуропадағы болашағы үшін күресіп жатыр.

Грузиядағы парламент сайлауына биліктегі партия мен оппозициялық төрт партия түсіп отыр. Атап айтқанда, 2012 жылдан бастап билікте отырған "Грузин арманы" партиясына бұл жолғы сайлауда бұрынғы президент, қазір түрмеде отырған Михаил Саакашвилидің "Біртұтас ұлттық қозғалыс" партиясы және тағы "Мықты Грузия", "Өзгерістерді қолдайтын коалиция" және "Грузия үшін" деп аталатын үш оппозиция бірлестігі қарсы тұр.

Әлеуметтік сауалнамалар қорытындысына сәйкес, егер оппозициялық төрт бірлестіктің бәрі пропорционал жүйеде өтетін сайлау кезінде бес пайыз кедергіні еңсерсе, оппозиция күштері алдағы парламентте 50 пайыздан астам мандат алып, жаңа коалиция үкіметін құру мүмкіндігіне ие болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG