Accessibility links

Еуроодақ Грузияны қатарына қабылдау процесін тоқтатты


Грузиядағы Еуропа одағының елшісі Павел Герчинский.
Грузиядағы Еуропа одағының елшісі Павел Герчинский.

Еуроодақ Грузияның интеграция процесін тоқтатты. Бұл туралы Еуропа Одағының Грузиядағы елшісі Павел Герчинский Тбилисиде Еуроодақтың кеңеюі туралы халықаралық конференцияда айтты.

Оның сөзінше, Еуроодақ жетекшілеріне қазіргі Грузия үкіметінің ойы түсініксіз. Герчинский ел парламенті қабылдаған "Шетел ықпалының ашықтығы туралы" заңды Тбилисидің Еуроодаққа барар жолындағы басқа жетістіктеріне қарағанда "кері қадам" деп атады.

"Батысқа қарсы, Еуропаға қарсы риторика Еуроодаққа кіру мақсатына мүлдем сәйкес келмейді", – деді Герчинский. Ол Грузияның интеграция процесі тоқтап қалғаны "өкінішті" деді.

Елшінің айтуынша, Еуроодақ Грузияның қорғанысын қолдауға бөлінген 30 млн еуроны бұғаттаған, бұл "тек бірінші қадам" дейді ол. Герчинский Грузияның Еуропа одағына қосылуы бойынша жұмыс 2024 жылғы қазанда өткелі отырған парламент сайлауынан кейін жалғасады деп үміттенеді.

Грузия Еуроодаққа үміткер мәртебесін 2023 жылы желтоқсанда алған еді. Бірнеше айдан кейін биліктегі "Грузия арманы" партиясы парламентке "Шетел ықпалының ашықтығы туралы" заң жобасын қайта енгізді, оны сынайтындар құжатты Ресейдегі "Шетел агенті туралы" заңның көшірмесі деп санайды. Заң жобасына оппозиция қарсы болған, елде бірнеше ай бойы наразылықтар өтті, Грузия президенті Саломе Зурабишвили заң жобасына вето қойған. Бірақ "Грузин арманы" партиясы ветоны еңсеріп, заң маусымда күшіне енді.

Еуроодақ елдері мен АҚШ Грузия билігін заң жобасын қабылдамауға шақырған. Құжат қабылданғаннан кейін Еуроодақтың бірнеше елі Тбилисимен визасыз режимді жоюды ұсынды, ал АҚШ елде демократияны бұзды деп санаған адамдарға қарсы санкция салды.

Жаңа заңға сәйкес, биыл тамыздан бастап 2023 жылы қаржы көзінің 20 пайызынан көбін шетелден алған БАҚ пен үкіметтік емес ұйымдар "шетелдік күштің мүддесін жүзеге асырушы ұйым" ретінде әділет мекемесіне тіркелуге өтініш тапсыруға міндетті болмақ. Бұл талапты орындауға жататындардың басым бөлігі – Батыс қорларымен әріптестік орнатып, жұмыс істеп келген Грузиядағы онлайн-БАҚ пен коммерциялық емес ұйымдар.

Заң жобасының авторлары бұл құжатта репрессия шаралары жоқ және ол коммерциялық емес салада қызмет атқаратын ұйымдардың ашықтығын арттыруды көздейді деді. Олар бұл заң Ресейдің емес, Америкадағы заң нормаларынан алынған деген уәж келтірген.

Грузиядағы билік партиясы бұл заң жобасын былтыр да ұсынған. Бірақ екі күнге жалғасқан жаппай наразылықтан соң құжатты қайтарып алған еді.

Грузияда не болып жатыр?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:16 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG