АЭС салу туралы референдумда Түркістан қаласында бақылаушы болған Құрал Сейітханұлын учаскелердегі заңсыздықтар туралы жазбасынан соң полицияға апарып, түсініктеме жаздырды. Бұл туралы Азаттыққа бақылаушының өзі айтып берді.
Түркістандағы №931 референдум учаскесінде "Ұлы көш" қоғамдық қорынан бақылаушы болған Сейітханұлының сөзінше, 6 қазан кешке референдум учаскелері жабылып, дауыс санау процесі басталмас бұрын комиссия төрағасы Ләззат Нысанқұлова полиция шақырып, "Сейітханұлы жұмысқа кедергі келтірді" деп акт толтырып, учаскеден шығарып жіберген.
– Кешке үйге келгеннен кейін маған Түркістан қаласының полициясынан хабарласып, сыртқа шығуымды сұрап, құжат беретінін айтты. Сөзіне сенбедім, шыға алмаймын деп, телефонды сөндіріп қойдым. Бүгін таңертең тағы хабарласты, не істейін деп жатқандарын сұрадым, қызметкер "полиция басқармасына апаруым керек, бастық шақырып жатыр" деп айтты, – деді Құрал Сейітханұлы Азаттыққа.
7 қазанда бақылаушыға барған полиция қызметкері "Түркістан қалалық полиция басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұрат Нұрланға барайық. Референдумға байланысты әлеуметтік желіге жариялаған видеоларыңыз бойынша сол жерде заң аясында талқылайтын боламыз" деген.
Бақылаушының сөзінше, полиция басқармасында оған референдум күнгі "карусель" әдісімен дауыс беру болды деп күдіктенген видеосын өшір деп қолқа салған. Құрал Сейітханұлы "жазбамды өшірмеймін" деп айттым деді. Кейін бақылаушыдан түсініктеме алып, босатқан. Түсініктемеде референдум барысында көрген бірнеше заңсыздық туралы жаздым деді бақылаушы.
6 қазанда Сейітханұлы "карусель" әдісімен дауыс беру болды деп күдіктеніп, прокуратураға арыз түсірген. Оның айтуынша, ондаған адам учаскеге бір уақытта екі рет келген. Бақылаушының сөзінше, "дауыс берушілер" – саябақта істейтін қарапайым жұмысшылар. Олардың кейбірі бақылаушыға "бізді автобуспен алып келіп жатыр" деп айтқан.
Құрал Сейітханұлының сөзінше, полиция "референдум учаскесінде сізден басқа басқа бақылаушылар болды ма?", "комиссия төрайымы Ләззат Нысанқұлова бақылаушы қызметіңізге байланысты ескерту жасады ма?" деп те сұраған. Сейітханұлы "ескерту болмады, кешкі жетіден асқан соң полиция шақыртып, мені кедергі келтірді деп акт толтырып, учаскеден шығарып жіберді" деп жауап бергенін айтты.
– Көз алдымда бір жігіт 5-6 бюллетеньді жәшікке салмақ болды, "оны тоқтатыңдар, салмасын, бұл заңсыз" деп айттым. Комиссия төрайымы көрсе де көрмегендей кейіп танытты. Сол мезетте Түркістан қаласының прокуратурасына eOtinish-тен арыз түсірдім. Көп ұзамай полиция келіп, мені шығарып жіберді, – деді ол.
Сейітханұлы жоғарыдан нұсқау немесе әлдебір тапсырма болды ма деген сұрағыма полиция "айта алмаймын" деп жауап берді деді. Бақылаушының сөзінше, өзі жүргізген санаққа сәйкес, дауыс беруші 2438 адамның 500-ге жуығы келген. "Бұл – кейбіреуге 5-6 бюллетень тастатып, адамдарды автобуспен тасып жүріп жеткен жетістік" деді Сейітханұлы.
Түркістан қаласының полициясы осы жағдайға байланысты Азаттық сауалына әзірге жауап берген жоқ.
6 қазанда Қазақстан азаматтары жалпыұлттық референдумда "Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген сұраққа жауап берді. Бюллетеньде "иә" немесе "жоқ" деген екі жауап болды. Орталық референдум комиссиясының алдын ала қорытындысына сәйкес, дауыс беру құқына ие 12 284 487 Қазақстан азаматының 63,66 пайызы, яғни 7 820 204 адам таңдау жасаған. 5 561 937 адам АЭС құрылысын қолдап, 2 045 271 адам қарсы дауыс берген.
Түркістан облысында дауыс беруге 888 415 адам қатысқан. Бұл өңірде Қазақстанда АЭС салуды 693 766 адам қолдаса, 178 148-і қарсы болған.
ПІКІРЛЕР