Орталық референдум комиссиясы алдын ала қорытындыға сәйкес, 6 қазанда дауыс берген ел азаматтарының 71,12 пайызы АЭС құрылысын қолдады деп хабарлады.
ОРК мәліметінше, дауыс беру құқына ие 12 284 487 Қазақстан азаматының 63,66 пайызы, яғни 7 820 204 адам таңдау жасаған. 5 561 937 адам АЭС құрылысын қолдаған, 2 045 271 адам қарсы шыққан.
Екі нұсқа да таңдалып, жарамды деп танылса да, санау кезінде есепке алынбаған бюллетень саны – 82 729.
130 267 бюллетень жарамсыз деп танылған.
Орталық референдум комиссиясының алдын ала қорытындысы бойынша, АЭС құрылысын ең көп қолдаған аймақ – Қостанай облысы (82, 18 пайыз), ал ең көп қарсы дауыс берген – Алматы қаласы (39, 24 пайыз).
Референдумға халқы ең көп қатысқан өңір – Қызылорда облысы (82, 23 пайыз), бұл көрсеткіш бойынша ең төменгі орында – Алматы қаласы (25, 21 пайыз).
Түркістан облысында дауыс беруге 888 415 адам қатысқан. Бұл өңірде Қазақстанда АЭС салуды 693 766 адам қолдаса, 178 148-і қарсы болған.
6 қазанда Түркістан қаласында №931 референдум учаскесінде бақылаушы болған Құрал Сейітханұлы "карусель" әдісімен дауыс беру болды деп күдіктеніп, прокуратураға арыз түсірген. Кешке қарай Сейітханұлы өзін сайлау учаскесінен шығарып жібергенін хабарлады.
Бұдан бөлек, Түркістан облысында тәуелсіз бақылаушының телефонына бюллетеньді топтап салу фактісі түсіп қалған. Азаттық Түркістан облыстық референдум комиссиясы өкілдеріне хабарласқан, бірақ жауап болмады.
6 қазанда жұрт "Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген сұраққа жауап берді. Бюллетеньде "иә" немесе "жоқ" деген екі жауап болды.
Бұған дейін үкімет Ресей, Қытай, Франция мен Оңтүстік Корея компанияларының өтініштері қаралады деп хабарлаған.
Биліктің алдын ала есебі бойынша, егер АЭС салу туралы шешім қабылданатын болса, оның құны сегіз миллиардтан 12 миллиард долларға түсуі, ал құрылыс жұмысы 10 жылға жуық мерзімге созылуы мүмкін.
Бұл жолғы республикалық референдум өткізуге мемлекет қазынасынан 15 жарым миллиард теңге (қазіргі валюта бағамымен 32 миллион доллардан астам) бөлінді.
Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы төртінші референдум. Алғашқы референдум 1995 жылғы 29 сәуірде өткен. Ол жолы Қазақстан президентінің өкілет мерзімін сайлау өткізбей-ақ 2000 жылға дейін ұзарту мәселесі дауысқа қойылған. Референдумның ресми қорытындысы бойынша, дауыс беруге қатысқандардың 95,4 пайызы елді Совет дәуірінен бері басқарып келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаевтың билік басында қала беруін қолдаған.
1995 жылғы 30 тамызда екінші референдум өтті. Онда Қазақстан азаматтарына елдің жаңа Конституциясының жобасы ұсынылды. Орталық сайлау комиссиясы дауыс беруге қатысқан қазақстандықтардың 90 пайыздан астамы жобаны мақұлдады деп хабарлады. Содан бері ол Конституцияға бірінші президенттің өкілет-құзыретін кеңейткен көптеген түзетулер енгізілді.
Назарбаев пен оның отбасының ықпалын азайтуға себеп болған Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін бес айдан соң, 2022 жылғы 5 маусымда үшінші референдум өтті. Онда Конституцияға бірқатар өзгерту енгізу, атап айтқанда Назарбаевқа берілген артықшылықтарды және бірінші президенттің ерекше мәртебесі туралы бапты алып тастау, бұған қоса президентті жеті жылдық бір-ақ мерзімге сайлау, президент туыстарының мемлекеттік лауазымды қызмет атқаруына тыйым салу, Конституциялық сотты қалпына келтіру сияқты өзгертулер енгізу ұсынылды. Ресми мәлімет бойынша, Конституцияға осы өзгерістерді енгізуді дауыс бергендердің 77 пайызы қолдаған.
ПІКІРЛЕР