Ақтаудағы №51809 әскери бөлімінде келісімшарт бойынша қызмет атқарған әскери қызметкер мезгілсіз қаза болған. Бала күтіміне байланысты декреттік демалыста болған ол өзі тұрып жатқан үйден 28 қыркүйек кешке өлі табылған. Бұл туралы 30 қыркүйекте жергілікті телеграм-арналар мен БАҚ хабарлады.
Ақтау гарнизоны баспасөз қызметі таратқан ақпаратта: "Алдын ала мәліметке сай, келісімшарт бойынша қызмет атқарған сержант отбасындағы жанжалдан соң өзіне қол салған. [Оқиғаның] себебі мен мән-жайы анықталып жатыр, қылмыстық іс қозғалды", - деп жазылған.
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі бірнеше БАҚ-қа Ақтаудағы әскери қызметкердің мезгілсіз қазасы туралы ақпаратты растады. Ресми жауапқа сәйкес, 1985 жылы туған ер адам шамамен бір жылдан бері демалыста болған.
19 қыркүйекте Абай облысы Аягөз әскери гарнизонына қарасты әскери бөлімдердің бірінде қызмет атқарып жүрген офицер үйінен өлі табылған. Ресми орындар алдын ала ақпарат бойынша, офицер өзіне қол жұмсаған болуы мүмкін деп хабарлаған. Марқұмның туыстары бұған күмән келтірді.
16 қыркүйекте Түркістан облысы Арыс гарнизоны әскери бөлімдерінің бірінде келісімшарт бойынша қызмет атқарып жүрген сарбаз басынан жараланып, ауруханаға түскен. Гарнизон 24 жастағы жігіт "отбасындағы жанжалға байланысты травматикалық тапаншамен өзін атпақшы болған" деп хабарлады.
7 қыркүйекте Маңғыстау облысы "Оймаша" полигонындағы оқу-жаттығу жиынында кезекші офицер Макаров тапаншасынан рұқсатсыз оқ атып, мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген қатардағы жауынгер жараланды деген ақпарат тарады. Бетіне оқ тиген сарбаз госпитальға бара жатқан жолда қаза болған. Марқұмның әкесі қылмыс қасақана жасалған болуы мүмкін деп санайды. Ол ұлы өлерінен бірер күн бұрын ақша сұрауды жиілеткенін айтқан.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 2020 жылдан бері Қазақстанда 270 әскери қызметкер қаза болған. Ресми мәліметте олардың өліміне көп жағдайда ауру, жол апаты мен суицид себеп болған деп көрсетілген.
ПІКІРЛЕР