Accessibility links

Алматыда ҰҚК шекара академиясының курсанты қаза болды, полиция іс қозғады


ҰҚК шекара академиясының қақпасы. Көрнекі сурет.
ҰҚК шекара академиясының қақпасы. Көрнекі сурет.

Алматыда ҰҚК шекара академиясында оқитын 19 жастағы курсант қаза болды деген ақпарат әлеуметтік желілерде тарады. Телеграм-арналардың жазуынша, оқиға 22 қыркүйекке қараған түні болған.

Жексенбі күні күндіз Алматы қалалық полициясы аталған оқиғаға қатысты қысқа ғана хабарлама таратты. Онда аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалғаны, мән-жай анықталып жатқаны ғана жазылған. Онда қай бап бойынша қылмыстық іс қозғалғаны айтылмайды.

Ақпаратқа қарағанда, "әскери қызметкер немесе сарбаз көз жұмған жағдайда "өзіне қол жұмсауға итермелеу" бабы бойынша қылмыстық іс міндетті түрде қозғалады, кейінірек тергеу барысына қарай істің бабы ауыстырылуы мүмкін".

Кейінгі жылдары ақпарат кеңістігінде Қазақстан армиясындағы қайғылы оқиғалар туралы хабар жиі шығып жатыр.

Аягөз әскери гарнизонында қызмет істеген 26 жастағы лейтенант 19 қыркүйекте әскери қызметтен тыс уақытта пәтерінен өлі күйде табылды. Әскери гарнизон таратқан ресми хабарламада "әскери қызметкер өзіне қол жұмсаған болуы мүмкін" деген болжам айтылады. Туыстары марқұмның өзіне қол жұмсауы мүмкін емес деп санайды.

Биліктің мәліметінше, 2020 жылдан бері Қазақстанда 270 әскери қызметкер қаза болған. Ресми мәлімет бойынша, олардың өліміне көп жағдайда ауру, жол апаты мен суицид себеп болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG