Telegram корпорациясы енді "заңды негізде сұрау салған" қауіпсіздік органдарына қосымшаны заң бұзу үшін пайдаланатын мессенджер қолданушыларының IP-мекенжайы мен телефон нөмірін береді.
Бұл туралы 23 қыркүйекте Telegram-ның негізін қалаған Павел Дуров хабарлады. Биыл тамызда ол Әзербайжаннан Францияға жеке ұшақпен ұшып барғанда Telegram қызметіне байланысты ұсталып, кейін сот бақылауына алынды. Француз билігі Telegram құқық қорғау органдарына тергеу жүргізуге қажет ақпаратты бермеді деді.
Дуровтың жазуынша, Telegram мессенджерді пайдалану ережелерін жаңартқан. Оның айтуынша, кейінгі апталарда модераторлар жасанды интеллекті қолданып, Telegram-ның іздеу жүйесінен зиян болады деген контенттің бәрін өшірген.
Бұған дейін Telegram-ды пайдалану ережелерінде құқық қорғау органдары мессенджерді қолданушыны терроризмге қатысы бар күдікті деп таныса, оның IP-мекенжайы мен телефоны әшкереленеді деп ескертілген, енді бұл тұсы өзгерді.
"Егер Telegram сот органдарынан сізді мессенджердің қызмет көрсету шарттарын бұзатын қылмыстық іс бойынша күдікті екеніңізді растайтын ордер алса, біз оны заңды түрде қарап, IP-мекенжайыңыз бен телефон нөміріңізді тиісті органдарға ашып бере аламыз" деп жазылған жаңа ережеде.
"Медуза" сайтының жазуынша, Telegram енді ашықтық туралы есепті жылына екі рет емес, төрт рет шығарады.
Француз прокуратурасы және Telegram-ды сынайтындар мессенджер есірткі саудасы үшін немесе балалар порнографиясын алмасу мақсатында қолданылған деп мәлімдеді. Дуров сот бақылауына алынып, босап шыққаннан кейін мессенджер билікпен бірге жұмыс істейді деп уәде берді. Ол Telegram-ды қылмыстық мақсатта пайдаланатын адамдар мессенджерді адал ниетпен қолданатындар қауіпсіздігіне қауіп төндірмеуі керек деді.
ПІКІРЛЕР