Accessibility links

Telegram деген не? Оның кемшілігі қандай? Түсіндіреміз


Telegram-ның негізін қалаушы Павел Дуров.
Telegram-ның негізін қалаушы Павел Дуров.

Осы демалыс күндері Францияда Telegram-ның негізін қалаушы Павел Дуровты полиция ұстағанын естігенде, бірулер қуанып, біреулер мысқылдай күлді. Кей адамдар үшін Telegram репрессивті қоғамдағы белсенділердің негізгі байланыс құралы саналатын. Ал басқалары мессенжерді педофил, есірткі сатушылар мен жалған ақпарат платформасы деп көрді.

2020 жылы Беларусьте президент сайлауынан кейін билікке қарсы наразылық өршігенде белсенділер үйлестіру жұмыстарын Telegram платформасына көшіріп, Александр Лукашенко басқаратын репрессивті режимнің қатаң бақылауынан сытылып кетті. Бұл мессенжердің қаншалық пайдалы болуы мүмкін екенін көрсетті.

Бірақ Telegram-да модерация жоғын, хаттарды шифрлау қызметі барын арам пиғылды кісілер де тез түсінді. Есірткі сатушылар мен педофилдерден бастап, Украинада соғысып жатқан ресейлік әскерилер мен олардың әлеуметтік желіде жалған ақпарат тарататын пропагандистеріне дейін Telegram-ды белсенді пайдалана бастады.

24 тамызда Парижде Telegram-ның негізін қалаушы Павел Дуров ұсталған соң, мессенжер тағы да қоғам назарына ілікті. Француз басылымдарының жазуынша, Дуров Франциядағы ішкі істер министрлігінің жасөспірімдерге қарсы қылмыстарды зерттеумен айналысатын арнайы бөлімінің сұрауымен ұсталған.

26 тамызда Telegram компаниясы Дуровтың жасыратын ештеңесі жоғын, хат алмасу платформасын басқа мақсатта пайдаланған адамдар үшін оның иесін жауапқа тарту ақымақтық екенін жазды. 39 жастағы миллиардер, Франция азаматтығын алған.

Сол күні кешке Париж прокуратурасы Павел Дуров 12 қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінді деді.

TELEGRAM ДЕГЕН НЕ?

Telegram желісінің негізін 2013 жылы Павел Дуров пен оның ағасы қалады. Ол кезде Ресейде үкіметке қарсы жаппай наразылықтардан кейін қатаң репрессия жүріп жатты. 2011 және 2012 жылдары болған наразылықтар Мәскеуді дүр сілкіндірген оқиға болды.

Telegram-ның бір артықшылығы – платформа хабарламаларды шифрлап, қолданушылардың аты-жөнін құпия сақтауға мүмкіндік береді. Топтарда қолданушының телефон нөмірі көрінбейді.

Telegram қолданушыларының саны 900 миллионнан асады. Олардың көбі Ресей, Украина және Совет Одағы құрамында болған өзге де республикаларда бұрынғы совет республикаларында тұрады. Бұл – әлемде WhatsApp пен Messenger-ден кейінгі ең үлкен коммуникациялық платформа.

Басқа мессенжерлермен салыстырғанда, заңсыз контентті қадағалау тұрғысынан Telegram-ның қауіпсіздігі төмен деді Стэнфорд университетінің зерттеушісі Дэвид Тиль.
Басқа мессенжерлермен салыстырғанда, заңсыз контентті қадағалау тұрғысынан Telegram-ның қауіпсіздігі төмен деді Стэнфорд университетінің зерттеушісі Дэвид Тиль.

Басқа мессенжерлермен салыстырғанда, заңсыз контентті қадағалау тұрғысынан Telegram-ның қауіпсіздігі төмен деді Стэнфорд университетінің зерттеушісі Дэвид Тиль Associated Press агенттігіне.

ҚУДАЛАНҒАНДАР ҚҰРАЛЫ

2020 жылы Беларусьтегі наразылық кезінде Telegram белсенділер мен халықтың ақпарат алмасып, ұйымдасуында негізгі рөл атқарды. Telegram-дағы NEXTA live каналы Минскідегі наразылықтардан тікелей хабар таратып отырды. 9 тамыздағы президент сайлауының даулы қорытындысынан кейін каналға жазылушылар саны 2 миллионға жетті. Каналды ашқан 22 жастағы Степан Путило Беларусьте террорист деп жарияланды.

Иранда Telegram-ды 40 миллион адам пайдаланады. 2018 жылы бүкіл елде үкіметке қарсы наразылық болғанда, Telegram халықтың негізгі ақпарат көзі болды. Ирандықтардың көбі отбасы және достарымен сөйлесу үшін Telegram-дағы жеке топтарды пайдаланды. Олар қоғамдық каналдарға жазылып, мемлекеттік ақпарат құралдарында жазылмайтын жаңалықтарды біліп отырды. Сондықтан 2018 жылғы тәртіпсіздіктер кезінде Иран билігі Telegram-ды бұғаттауға тырысты.

ЗАҢСЫЗ ҚЫЗМЕТ

Telegram-дағы хабарламаларды шифрлау қызметі балалардың жыныстық сипаттағы суреттерін немесе ұрланған карта нөмірлерін сататын кісілерге тартымды көрінді. 2019 жылы BBC жүргізген зерттеу Telegram мен Discord сияқты қорғалған хабар алмасу қосымшалары полицияның даркнетке қарсы сәтті операцияларынан кейін танымал бола бастағанын көрсетті. Даркнет деп арнайы құралдар арқылы ғана қолдануға болатын желілерді айтады.

Осы зерттеу педофильдер Telegram мен Discord желісін пайдаланып, заңсыз материалдар таратқанын, ал Telegram топтарының сілтемелері YouTube-тағы видео астына жазылған пікірлер арасында жасырылғанын анықтады.

ПРОПАГАНДА ҚҰРАЛЫ

Telegram – қорғалған хат-хабар алмасуға мүмкіндік беретін жалғыз платформа емес. Сонда да жалған ақпарат таратудың негізгі құралына айналды.

Орталық және Шығыс Еуропада Telegram дезинформацияның ірі платформасы саналады. Бұл туралы 2023 жылғы журналистік зерттеулер есебінде айтылған. Онда неміс тілді каналдар Орталық және Шығыс Еуропаның қалған бөлігіне әсер ететін экстремалды пікір орталығы ретінде маңызды рөл атқарады делінген.

Бұл Германия билігіне ұнамады. 2022 жылы Германия Telegram операторларына 5,1 млн евро (5 млн доллар) жергілікті заңдарды бұзғаны үшін көлемінде айыппұл салды.

Ресей президенті Владимир Путин 2022 жылы ақпанда Украинаға басып кіргелі Кремль де Telegram-ды жиі пайдалана бастады.

Цифрлық қылмыстарды зерттеу зертханасының (DFRLab) маусымдағы есебінде "Соғыстың бірінші айларында Кремль Батыстың әлеуметтік желілеріне қарсы қатаң шара қолданды. Бірақ Telegram-ға тимей, оны өз мақсатына пайдалануды жалғастыра берді. 2022 жылдың ақпанынан бастап Karaulny, Z SIL0VIKI және WarGonzo сияқты жетекші каналдарда жазылушылар саны өсті" делінген. 2024 жылға қарай оқырмандар саны қайта азайды.

DFRLab Ресейдің "Вагнер" жекеменшік жалдамалы әскери топтары Telegram-ды ақша жинап, адамдарды соғысқа тартып, ақпарат алмасуға пайдаланғанын анықтаған. Зерттеу авторлары "Вагнер" тобы адамдарды соғысқа тарту үшін 30-ға жуық канал ашқан дейді. Бірақ 2023 жылы маусымда жалдамалы топ Ресейдің әскери басшылығына қарсы бүлік шығарғаннан кейін Роскомнадзор "Вагнердің" каналдарын жауып тастаған.

TELEGRAM КОНТЕНТІН ӨШІРУГЕ ҮНДЕУ

Telegram-ның коммуникация мен пропаганда құралы ретінде маңызды рөл атқаратынын ескеріп, ресейлік блогерлер мен шенеуніктер Франциядағы Дуровтың ісін жіті бақылап отыр.

Telegram-дағы Ресейдің қауіпсіздік қызметімен байланысты Baza каналы 25 тамызда қорғаныс министрлігіне, белгілі кәсіпкерлерге және бірқатар қауіпсіздік органдарындағы офицерлерге мессенжерден жұмысқа қатысты хабарламаларды өшіріп тастау жайлы бұйрық түскенін жазды.

"Z-блогерлер мен Z-пропаганда үшін бұл шынымен сұмдық жағдай, өйткені олардың бүкіл қызметі Telegram-ға, анонимді және жартылай анонимді каналдарға байланған", – дейді Латвиядағы Novaya Gazeta Europe бас редакторы Кирилл Мартынов. Ол "Z" сөзі арқылы Ресей билігін жақтайтын блогерлер мен жалған ақпаратты меңзеп отыр.

"Бұл – жай ғана жаңалықтар көзі емес, заманауи рация сияқты оперативті құрал. Адамдар Telegram-да өз "әскери операцияларының" жай-жапсарын сөйлеседі", – дейді Мартынов Азаттыққа қарасты Current Time басылымына берген сұхбатында.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG