Accessibility links

Трамп Харриспен екінші дебатқа шығудан бас тартты


Республикалық партия кандидаты және АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамп (сол жақта) пен вице-президент және Демократиялық партиядан президенттікке кандидат Камала Харрис дебатта. 10 қыркүйек, 2024 жыл.
Республикалық партия кандидаты және АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамп (сол жақта) пен вице-президент және Демократиялық партиядан президенттікке кандидат Камала Харрис дебатта. 10 қыркүйек, 2024 жыл.

АҚШ-тағы президент сайлауына Республикалық партиядан түсіп жатқан кандидат, бұрынғы президент Дональд Трамп Демократиялық партия кандидаты, қазіргі вице-президент Камала Харриспен екінші теледебатқа шығудан бас тартты. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Сауалнама нәтижелеріне сүйенген агенттіктің жазуынша, көрермендердің басым бөлігі 10 қыркүйекте АВС телеарнасы тікелей эфирде көрсеткен дебатта Харрис жеңімпаз болды деп жауап берген.

Nielsen зерттеу орталығының мәліметінше, дебатты 67 миллион америкалық телекөрермен бақылаған. Кандидаттар кездесуі аяқталғаннан кейін Харрис сайлаушылармен кездесті. Ол республикашылдар сайлаушыларға тағы бір дебат өткізуге "қарыз" болды деген.

Дебат аяқталған соң Харристің сайлау штабы Демократиялық партия кандидаты Республикалық партияның кандидатымен тағы бір дебатқа түсуге дайын деді. Дебатқа дейін Камала Харрис мұндай ой айтпаған.

Трамп интернеттегі оқырмандарына дебатта жеңдім деп айтқанымен, бірнеше сауалнама агенттігі Харрис Трампқа қарағанда өзін жақсы көрсетті деді.

АҚШ-та 10 қыркүйекте президенттікке кандидаттар Камала Харрис пен Дональд Трамп арасында АВС News телеарнасы ұйымдастырған дебат 90 минутқа созылды. Бұл 5 қарашада өтетін сайлау алдындағы маңызды сәт саналды. Харрис пен Трамп дебатқа дейін бір-бірімен кездеспеген, телефонмен де сөйлеспеген.

Дебатты жүргізген модераторлар экономика, жасанды түсік жасату, миграция, билікті бейбіт жолмен беру, Украинадағы соғыс, Таяу Шығыстағы соғыс, денсаулық сақтау мәселесіне қатысты сұрақтар қойды. Трамп пен Харрис дебат кезінде бір-бірін жалған айтып тұр деп бірнеше рет айыптады.

Қазір вице-президент қызметіндегі Камала Харрис биыл тамызда Демократиялық партиядан АҚШ президенттігіне кандидат атанған. Оған дейін демократтар ұсынған үміткер, қазіргі президент Джо Байден Трамппен болған дебаттан кейін сынға қалып, жақтастарының қысымынан кейін сайлау додасынан өз еркімен шыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG