Accessibility links

Байден президент сайлауына түсуден бас тартты


АҚШ президенті Джо Байден
АҚШ президенті Джо Байден

АҚШ президенттігіне кандидат Джо Байден президент сайлауы бәсекесінен шығатынын мәлімдеді.

Ол 21 шілдеде X желісінде жариялаған мәлімдемесінде Демократиялық партия мен өз елінің мүддесі үшін биыл қарашада өтетін президент сайлауына түсуден бас тартқанын жазды. Сөзінше, ол енді президенттік мерзімі аяқталғанаша "міндетін атқаруға көп көңіл бөлмек".

Ол демократтар атынан президенттікке кандидат ретінде өзінің вице-президенті Камала Харристі ұсынды. Енді демократиялық партия Харристі кандидат ретінде бекітуі тиіс.

Камала Харрис
Камала Харрис

Егер Демократиялық партия 59 жастағы Камала Харристі кандидат деп таңдаса, ол ірі партия атынан сайлауға түсетін алғашқы қара нәсілді әйел болмақ. Харрис бұған дейін прокурор және Калифорния атынан сенатор болған еді.

Ол вице-президент қызметінде иммиграция, сайлау құқығы және бала мен ата-ана құқығы сынды мәселелермен айналысқан.

Демократиялық партия атынан кандидат болуға Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом, Мичиган губернаторы Гретхен Уитмер, Иллинойс губернаторы Джей Роберт Притцкер де аталған.

Дегенмен Харрис партия ішінде басқалардан бір бас жоғары тұр. Себебі оның кандидатурасы туралы осыған дейін де айтыла бастаған және оның сайлау науқанына арналған қаржыны пайдалануға мүмкіндігі бар.

Харристің де қазіргі рейтингі төмендеу. Бірақ сарапшылар америкалықтардың көбі Харристі әлі жақын танымайтынын, оның сайлау науқаны кезінде беделін көтеруге мүмкіндігі барын айтады.

БАЙДЕННІҢ САЙЛАУДАН ШЫҒУЫНА СЕБЕП БОЛҒАН ЖАЙТТАР

81 жастағы Байден 5 қарашада өтетін президент сайлауына Демократиялық партия атынан кандидат болған еді. Бірақ ол 27 маусымда Республикашылдардан президенттікке кандидат 78 жастағы Дональд Трамппен болған дебатта сәтсіздікке ұшыраған. Дебатта Байден кейбір ойларын толық аяқтай алмай, кейбір тұста аузына сөз түспей, жауаптан жаңылған.

Осыдан кейін The New York Times басылымы қазіргі президент сайлаудан бас тартуы тиіс, әйтпесе мұнысы "ессіз авантюра" болмақ деп жазды. Ал Байденнің өзі дебаттағы сәтсіздігін халықаралық рейстерден қалжырағандығымен түсіндірді.

Дебаттан соң Байденнің денсаулығына және жасына байланысты түрлі сөз де көбейді. Демократиялық партияның бірнеше демеушісі егер Байден сайлаудан бас тартпаса, кампанияны қаржыландыруды тоқтататынын ескертті.

Беделді демократтар да Байденді президент кампаниясынан бас тартуға үндеді. Бизнес пен азаматтық қоғам өкілдері де Байденді "демократия мен ұлттың болашағы үшін" сайлаудан бас тартуға шақырды.

Джо Байденнің өзі президент сайлауына қатысып, жеңіске жететінін айтқан. Ал Ақ үй Байденнің денсаулығына қатысты күмән-күдіктерді сейілтуге күш салған. Бұдан бөлек, Вашингтонда өткен НАТО саммитінде Байден Украина президенті Владимир Зеленскийді Путин деп, вице-президенті Камала Харристі Трамп деп шатастырды. Өткен аптада Байденнің коронавирус жұқтырды.

АҚШ-та президент сайлауы 5 қарашада өтеді. Республикалық партия атынан оған бұрынғы президент Дональд Трамп қатысады. Байденнің кандидатурасы тамыз айында демократтар съезінде түпкілікті түрде ресми түрде бекітілу керек болған.

Ал Дональд Трамп Байден президенттіктен шыққаннан соң Truth Social желісінде "ол сайлауға түсуге лайық болмады" деп жазды.

Байден мақтаған Харристі партия жақтай ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:42 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG