Accessibility links

Алматы облысы Іле ауданының әкімі ұсталды


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ғимараты
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ғимараты

Алматы облысы Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев ұсталды. Мұны Алматы облысының прокуратурасы мәлім етті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлесе отырып Іле ауданындағы қоқыс полигоны қызметін тексерген прокуратура аудан әкімін жемқорлық күдігімен ұстаған.

Прокуратура Қарасаевқа "кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысты", "лауазым өкілетін асыра пайдаланды" және "мемлекеттік мүдделерге нұқсан келтірді" деген айып тағылды деді. Хабарламада қоқыс полигоны қызметіне байланысты қандай заңсыздық болғаны ашып айтылмаған.

Сотта қылмысы дәлелденген жағдайда Қарасаев мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін.

Прокуратураның айтуынша, 4 сәуірде қылмыстық іс материалдары сотқа жіберілген. Бұдан әрі сот күдіктіні бұлтартпау шарасы бойынша шешім қабылдайды.

Қарасаевтың өкілдері жемқорлықпен күрес агенттігінің ақпаратына байланысты жария түрде пікір білдірген жоқ.

60 жастағы Бағдат Қарасаев 2018 жылдан бері Іле ауданының әкімі қызметін атқарған.

Қарасаев әр жылдары кәсіби-техникалық училище директоры, "Алакөл-Агро", "ТSС-Агро", "Тау-Самал Ltd" және "Қайыңды" сияқты мекемелерді басқарған, Алакөл ауданы әкімінің орынбасары, Алматы облысы әкімі аппаратының жетекшісі, Талдықорған қаласының әкімі, Алматы облысы әкімінің кеңесшісі қызметтерін атқарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG