"Ақша жымқырды" деген күдікпен ұсталған "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының бұрынғы төрағасы мен бас мердігерді тергеу ісі аяқталды. Қазақстанның Бас көлік прокуратурасы 4 қыркүйекте істі Астана қаласы сотына жолдағанын хабарлады.
Прокуратура хабарламасында "ҚазАвтоЖолдың" бұрынғы төрағасы мен бас мердігердің аты-жөні көрсетілмеген. Ұлттық компанияны 2021 жылғы сәуір мен 2022 жылғы ақпан аралағында басқарған Асқар Мұратұлын биыл сәуірде Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұстаған.
Бас көлік прокуратурасының ақпаратына қарағанда, Ақмола облысындағы Жақсы – Есіл – Бұзылық тасжолын күрделі жөндеуге, соның бойындағы Есіл өзеніне көпір салуға бөлінген мемлекет қаржысы жымқырылған. Тергеу мәліметінше, "ҚазАвтоЖол" басшылығы мердігерге негізсіз артықшылықпен 200 млн теңге аванс беріп, бір көзден сатып алу әдісімен заңсыз шарт жасасқан. Прокуратура аванс жол жөндеуге жұмсалмаған деді.
Күдіктілердің адвокаттары мен туыстары іс бойынша әзірге пікір білдірген жоқ.
Асқар Мұратұлынан кейін "ҚазАвтоЖол" компаниясының басқарма төрағасы болған Мейірхат Қасымбаев былтыр қазанда "өз еркімен" қызметінен кеткен.
"ҚазАвтоЖол" – халықаралық және республикалық маңызды 25 мың шақырым автомобиль жолын басқаратын ұлттық оператор. Компанияның міндетіне халықаралық және республикалық маңызды автомобиль жолдарын салу, жөндеу, қарау, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын дамытуды бақылау жатады. "ҚазАвтоЖол" ақылы жолдарға да жауапты.
ПІКІРЛЕР