Accessibility links

Ақтөбе облысында мектеп оқушысы мерт болып, екі бала ұсталды


Ақтөбе көшесінде кетіп бара жатқан медициналық жедел жәрдем көлігі. Азаттық архивіндегі фото.
Ақтөбе көшесінде кетіп бара жатқан медициналық жедел жәрдем көлігі. Азаттық архивіндегі фото.

Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа ауылында мектеп оқушысының қазасынан соң 10-сыныпта оқитын екі бала ұсталды. Полиция оқушылар арасында болған жанжалға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Бірақ ұсталған балалар қандай күдікке ілінгенін айтпады.

Оқиға 2 қыркүйекте 22.30 шамасында болған. Қопа ауылындағы орта мектептің директоры Руслан Қаржауов оқушылар арасындағы жанжалға не себеп болғанынан бейхабар екенін айтты.

"Тергеу жүріп жатқандықтан күдіктілер туралы ештеңе айта алмаймын. Қайтыс болған оқушы биыл 9-сыныпқа көшкен. Отбасындағы бес баланың бірі. Толыққанды, тәрбиелі отбасынан шыққан. Анасы мектепте іс қағаздарына жауапты маман", – деді Руслан Қаржауов Азаттыққа. Оқушы 15 жасқа толуына бір ай қалғанда мерт болған.

Осы оқиғадан кейін Ақтөбе облысының білім басқармасы жұмыс тобын құрған. "Олар Қопа ауылына барып қайтты. Облыстағы мектептерде буллинг пен агрессияға қарсы жұмыс күшейтіледі" деді білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан.

Білім басқармасының басшысы оқушының "жүрегі тоқтап қалғанын" ғана айтып, оқиғаның мән-жайы жайлы ешқандай ақпарат бермеді.

Балалар арасындағы буллинг – Қазақстандағы өзекті мәселенің бірі. Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 2023 жылғы желтоқсанда балалардың денсаулығы мен әл-ауқатына байланысты зерттеуінде мектеп оқушыларының 17,5 пайызы оқтын-оқтын буллингіге ұшырайды деген.

2022 жылы "Бала құқығы туралы" және "Білім туралы" заңдарға "жәбірлеу және кибербуллинг" ұғымы енгізілді. Оқу-ағарту министрлігі әлімжеттіктің алдын алу жөніндегі уәкілетті органға жатады.

Бас прокуратураның qamqor.gov.kz ақпараттық порталының дерегінше, 2023 жылы кәмелетке толмағандарға қатысты тіркелген 2253 қылмыстық істің мыңға жуығы ауыр және аса ауыр қылмыс түріне жататын әрекеттер бойынша ашылған. Оның ішінде "Адам өлтіру" (24 іс), "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" (54 іс), "Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру" (114 іс), "Өзін өзі өлтіруге дейін жеткізу" (44 іс) тәрізділері бар.

Былтыр 22 мыңға жуық бала әкімшілік жауапқа тартылған. Оның үш жүзден астамы жеке бастың құқықтарына қол сұғатын құқықбұзушылық әрекет жасаған. Үш жүзден аса істің 226-сы денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру бабымен қозғалса, 69 іс ұрып-соғу бабымен қаралған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG