Accessibility links

Бопса, қорлау, күш көрсету. Балалар арасындағы әлімжеттік неге тыйылмай тұр?


Интернетте тараған әлімжеттік видеосынан скриншот.
Интернетте тараған әлімжеттік видеосынан скриншот.

Қазақстанда кәмелетке толмаған жеткіншектер арасындағы қорлау, кемсіту, бопсалау, күш көрсету кейде баланың мезгілсіз ажалына себеп болады. Ресми дерек бойынша, биылғы жылдың алғашқы төрт айында кәмелетке толмағандарға қатысты мыңға жуық қылмыс, 11 мыңға жуық әкімшілік іс тіркелген. Балалар арасындағы буллингке ата-ана да, қоғам да жауапты дейді мамандар.

"ЖАЛҒЫЗЫМНАН АЙЫРДЫ, КЕШІРІМ БЕРМЕЙМІН"

18 мамыр түнде Қызылорда облысы Шиелі ауданы Төңкеріс ауылындағы №158 мектептің 9-сынып оқушыларын 10-сыныпта оқитын балалар ауыл шетіне шақырып, әлімжеттік көрсеткен. Оқиға сол жерде ауыр жарақат алған 15 жасар Ерасыл Төребаевтың мезгілсіз қазасымен аяқталды.

"Өмірімнің мәніне айналған жұбанышым – жалғыз ұлым еді" дейді қайғыдан қан жұтып отырған Сәуле Жақсылықова. Ерасылдың әкесі осыдан бес жыл бұрын қайтыс болған.

Анасының айтуынша, 18 мамыр күні сағат 21 шамасында Ерасыл сыныптастары доп ойнауға шақырғанын айтып сұраныпты. Сәуле баласының түнделетіп сыртқа шығуына рұқсат бермеген. "Мама, тез қайтамын" деп бірнеше рет өтініш жасаған соң көңілін қимай жіберген едім дейді ол. Ұлы үйден шығып кеткеннен кейін бір сағат өткенде Ерасылдың талып қалғанын естіген бойда Сәуле тұра жүгірген.

– Өмірге келуінен кетуі тез болды ғой, – дейді көз жасы құрғамаған әйел ауыр күрсініп. – Алаңға барсам балам сұлқ түсіп жатыр екен. Қайтем енді, бір түйір балам еді, қолқанатым еді.

Сәуле Жақсылықованың айтуынша, 10-сынып оқушылары өздерінен бір сынып төмен оқитын ұлдарды ауыл шетіндегі каналдың бойына шақырған.

– "Сендер бізді сыйламай кеттіңдер" деп бір-бірден ұрып-соққан. Ерасылдың кеуде тұсынан екі рет тепкенде дем жетпей құлаған. Қарақұсы тасқа тиіп, сол жерде тіл тартпай кеткен, – дейді қапияда мерт болған ұлдың анасы.

Сәуле бұған дейін ұлының жүріс-тұрысынан сезікті ештеңе байқамағанын, Ерасылдан жоғарғы сынып оқушылары қысым жасайды деген сөзді ешқашан естімегенін айтады.

Қызылорда облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқушының мезгілсіз қазасына себеп болған оқиғаға байланысты кәмелет жасқа толмаған екі бала күдікті ретінде ұсталып, қамалған. Тергеу басталып, сараптама тағайындалған. Оқушы өліміне байланысты іс Қылмыстық кодекстің қандай бабымен қозғалғаны әзірге белгісіз.

Күдікке ілінген екі оқушының ата-анасы марқұмның анасынан кешірім беруін сұрапты.

– Кешірмеймін. Жалғыз баламның өмірін қиды ғой. Талабым – кінәлілер жазадан сытылып кетпесін, ең ауыр жаза алсын, – дейді Сәуле Жақсылықова.

Облыстық білім басқармасы Төңкерістегі оқушылар арасындағы әлімжеттік пен қайғылы оқиғаға байланысты Азаттыққа пікір беруге құлық танытпады.

Кейінгі айларда Қазақстанда оқушылар арасындағы әлімжеттік оқиғасынан кемінде үш бала мезгілсіз қазаға ұшырады. Оның екеуі Жамбыл облысында болған. 13 мамыр күні Меркі ауданы Қабылбек Сарымолдаев ауылында мектеп оқушылары арасындағы төбелестен 16 жастағы Артем Садков қайтыс болды. Күдікті ретінде төрт оқушы ұсталған. Полиция "Адам өлтіру" бабымен іс қозғап, аудандық сот бір оқушыны қамауға алуға санкция берген.

Тергеу амалдарына көңілі толмаған Артемнің ағасы Михаил Садков та кінәлілер жазадан сытылып кете ме деп алаңдап, Instagram парақшасы арқылы Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға үндеу жасады. Михаил күдікке ілінген оқушылардың ата-аналары кешірім сұрап, "өзара келісуге" келгенін айтқан.

"Кешірім берілмейді, заң бойынша жазасын алсын", – дейді ол.

Михаил Садков Азаттыққа тергеу амалдарының құпиялығына байланысты, болған оқиғаның жай-жапсарын айта алмайтынын жеткізді.

Құмжота ауылында мезгілсіз қазаға ұшыраған оқушыға әлімжеттік жасалған орын – мектеп әжетханасы. Жамбыл облысы Байзақ ауданы. 3 мамыр, 2024 жыл.
Құмжота ауылында мезгілсіз қазаға ұшыраған оқушыға әлімжеттік жасалған орын – мектеп әжетханасы. Жамбыл облысы Байзақ ауданы. 3 мамыр, 2024 жыл.

Биыл мамыр айының басында Жамбыл облысы Байзақ ауданы Құмжота ауылындағы Ыбырай Алтынсарын атындағы мектептің 9-сынып оқушысы өзінен бір сынып төмен оқитын баланы мектеп ауласындағы әжетханада ұрып өлтірген деген күдікпен екі айға қамалды. Жәбірленуші бала оқиға орнында тіл тартпай кеткен.

Полиция күдіктінің үстінен "Абайсызда адам өлтіру" бабымен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Марқұмның және күдіктінің ата-аналары оқиғаға бір емес, бірнеше баланың қатысты болуы мүмкін деп топшылайды.

"ЕКІ ҮЙДІҢ БІРІНДЕ БАЛАҒА ҚЫСЫМ ЖАСАЛАДЫ"

Оқу-ағарту министрлігі Азаттық сауалына берген жауабында мектептерде балаларға қолайлы әрі қауіпсіз орта құру, тәрбиелік-психологиялық жұмысты жүйелеу, әлімжеттік көрсету мен буллингтің алдын алу және жою үшін нормативті құқықтық актілер базасын күшейтіп, жоспар, бағдарламалар мен әдістемелер әзірленгенін тізіп көрсеткен. Аймақтарда бала құқықтары жөніндегі уәкілдер сайланып, 12 облыста психологиялық қолдау орталығы ашылғанын, балалар мен ата-аналарға жедел көмек көрсету мақсатында "Бала қорғау" телеграмм-чаты мен 111 сенім телефоны іске қосылғанын да айтқан.

"Мұның бәрі мектептердің бала үшін неғұрлым қауіпсіз орта құру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған", – дейді министрлік Азаттыққа жолдаған жауабында.

Мамандар балалар арасындағы әлімжеттіктің бірнеше себебі барын, көбіне баланың жан-дүниесіндегі күйзелістің нышаны ретінде көрінетінін айтады.

– Жанына терең жарақат түскен, қараусыз қалған балалар әлімжеттік көрсетуге бейім келеді. Оның іс-әрекетінің астарынан эмоционалды қиындыққа тап болғанын, өз қорқынышын жеңіп, еңсеруге тырысуын аңғаруға болады. Олар өзін қорғаумен арпалысады. Атыс-шабыс, қырып-жою, күш қолдану арқылы басымдыққа жетуге негізделген онлайн ойындарды көп ойнаудың да балаға теріс әсері бар, әлімжеттік жасауға итермелейді, – дейді психолог Ақгүл Төлеуханқызы.

Психолог баланың буллингке ұшырағанын оның жан-тәніндегі кейбір белгілерден байқауға болатынын айтады. Мысалы, баланың еңсесі түсіп, тұйықталады. Немесе керісінше, шектен тыс белсенділігі байқалады. Ашушаң, ызақор, бойкүйез, менмен және т.б. мінез пайда болады. Мектепке барғысы келмей, көпшілікпен кездесуден тартынады. Оқу үлгерімі нашарлап, көңіл-хошы болмай, тәбеті қашады. Баланың күнделікті әдеті өзгере бастайды. Осындай белгілер байқалған баламен байланыс орнату маңызды дейді психолог.

– Ата-анасымен арада өзара сенімге негізделген байланыс болмаса, бала жәбір көріп жүргенін жасыруы мүмкін. Ата-ана балаға әлімжеттік көрсе айтуын, көмек бере алатынын түсіндіргені жөн. Бала біреуге жәбір көрсетудің не екенін толық пайымдай алмайды. Өзгені жәбірлеу ондайға ұшыраған адамға қалай әсер ететінін, оның салдарын, заң алдында жауапты болатынын түсіндіру керек, – дейді Ақгүл Төлеуханқызы.

Психологтың сөзінше, Қазақстанда ересек адамдардың балаға қысым көрсетуі – өте жиі кездесетін жайт, кейде тіпті оны өздері де түсінбеуі мүмкін.

Мысалы, баланы бірнеше үйірмеге беріп, оған шамадан тыс міндет арту, іс-әрекеті мінсіз болуын талап ету де қысымға жатады. Мұндайда бала әділетсіздікке тап болдым деп ойлап, күштілігін басқа балаларды кемсітіп, тұқырту, ұрып-соғып, жәбірлеу арқылы дәлелдеуге тырысуы мүмкін.

Кей бала өзін кінәлі сезініп, жан күйзелісін ішке бүгіп, бұйығып, өзгелерден оқшауланады. Ондай балалардың суицид жасау қаупі жоғары немесе тәнін жаралап, өз-өзін жазалауы ықтимал дейді психолог.

Ақгүл Төлеуханқызы оқушылар арасындағы әлімжеттік салдарымен күреске емес, оның себебін анықтап, алдын алудың қамын жасауға басымдық берген жөн деп санайды. Ата-ана балаға өзге қатарласымен түсініспеушілікті ұрыс-төбелессіз шешу жолдарын үйретуі керек, ал мектеп психологтары оқушылармен сенімді байланыс орнатып, бір-біріне сүйеу болатын, өзара жақын сезінетін іс-шараларды жиі өткізу тиімді дейді маман.

Әлімжеттіктің алдын алуда мектеп психологтары қағазбастылықпен емес, балалардың жан-дүниесімен жұмыс істей алуы үлкен роль атқаратынын ескеру керек.

– Әлімжеттік мектептің қай жерінде қалай болғанын анықтау маңызды. Ауызша, физикалық, жыныстық, психологиялық әлімжеттік қай балада қалай көрінеді? Мысалы, бойындағы агрессиясын басқара алмайтын, іс-шараға қатыспайтын, сабақ оқуға қиналатын, оқшауланып, шеттетіліп қалған балаларды анықтап, ерекше бақылау керек. Бала күйзеліске түскенде өзін қалай тыныштандырып, кімнен көмек алуға болатынын білуі қажет, – дейді психолог Ақгүл Төлеуханқызы.

"ӘЛІМЖЕТТІК ЖАСАЙТЫН БАЛАНЫҢ ӨЗІ ҚОЛДАУ МЕН КӨМЕККЕ МҰҚТАЖ"

ЮНИСЕФ-тің балалық шақты қорғау бағдарламаларының жетекшісі Айсұлу Бекмұсаның Азаттыққа айтуынша, дүниежүзінде 13-15 жас аралығындағы әрбір үшінші бала қорлық көреді, төбелеске қатысады. Қыздардың психологиялық әлімжеттікке тап болу ықтималдығы, ұлдардың физикалық зорлық-зомбылық пен қоқан-лоққыға ұшырау қаупі жоғары дейді ол.

Сарапшы әлімжеттікті физикалық, ауызша, әлеуметтік, психологиялық және кибербуллинг деп бөледі. Физикалық әлімжеттік ұрып-соғу, мүліктің зақымдануынан көрінсе, ауызша әлімжеттікке ат қойып, айдар тағу, кемсітіп, қорлау, қорқыту жатады. Әлеуметтік әлімжеттік елеусіз қалдырудан, шеттетіп, топтан жырақтаудан тұрса, жағымсыз көзқарас қалыптастыру, қудалау пихологиялық әлімжеттікке кіреді. Ал кибербуллинг түрлі хабарлама тарату, әлеуметтік желілерді, шоттарды бұзу жолымен жасалады.

Бекмұса әлімжеттік оқшауланған оқиға емес, жүйелі әдеттің бір түрі дейді. Әлімжеттік көрсетуге көбіне жасы үлкен, күші басым, ортасына танымал, әлеуметтік жағдайы жоғары балалар баратынын, әлімжеттік мектепте, мектепке баратын жолда немесе мектептегі іс-шаралар кезінде және балалар жиналатын орында жасалатынын айтады.

– Балаға әлімжеттік туралы айтып отыру керек. Ол өз құқығын біліп, қорғай алуы, буллингке тап болған жағдайда қайда, кімге баруды білгені абзал. Ата-ана әлімжеттіктің алдын алуды немесе оған жауап беруді білгені жөн. Ата-ана мен баланың ашық әрі жиі сөйлесуі де маңызды. Ата-ана мен баланың, мұғалім мен оқушының арасында сенім орнаса, әлімжеттік туралы айту балаға жеңіл болады, – дейді Айсұлу Бекмұса.

Сарапшының сөзінше, әлімжеттік жасайтын балалардың өзі қолдау мен көмекке мұқтаж болады. Оқушылар арасындағы әлімжеттікті тыю үшін оның себебіне үңілу керек дейді ол. Мысалы, бала өз құқықтарын білмейді. Қорғануға құқығы барын немесе өзгенің кұқығын бұзуға болмайтынын түсінбеуі мүмкін. Оқушылар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысын үздіксіз жүргізу де әлімжеттікті азайтуға септеседі дейді Бекмұса.

"БІРІНШІ СЫНЫП ШӘКІРТІ "АТАМАН" КІМ ЕКЕНІН БІЛЕДІ"

Әлеуметтанушы Әйгерім Жақыпбек әлімжеттік жеке адамның емес, әлеуметтік мәселе, ол көпшіліктің қарым-қатынасында болып жатыр дейді. Мысалы, сыныпта бір оқушы емес, бірнеше оқушыны қамтуы мүмкін.

Қазақстанда әлімжеттіктің дәстүрлі түрі бұрыннан бар, оған әсер ететін фактор көп дейді ол. Айталық, 1-сыныпқа барған шәкірт әуелі "атаман" кім екенін біледі. Яғни бала өзін білім емес, білек күшімен танытып, "атаман" атанады. Көпшілік жұрт бұған қалыпты жағдай деп қарайды. 5-6-сыныпта әлімжеттік формасы өзгереді. Бұл кезде оқушылар жеке-дара емес, топтасып буллинг жасауға көшеді. Олар әсіресе оқу үлгерімі нашар балаларға күш көрсетуі мүмкін. 7-11-сыныпта ақша жинаудан бастап, агрессияға ұласады.

Жақыпбектің пікірінше, Қазақстанда әлімжеттіктің ең көп тараған түрі – жоғарғы сынып оқушыларының төменгі сынып оқушыларынан ақша жинатуы. Мысалы, бұл ұлдар арасында жиі кездеседі. Бопсалап ақша жинау, қорқытып-үркіту, ұрып-соғу – әлімжеттіктің кең тараған формасы. Бұл келеңсіз құбылыс мемлекеттік мектептерде жиі кездесетіні жасырын емес.

Мектеп оқушылары арасындағы әлімжеттік туралы әлеуметтік желіде тараған видеодан скриншот.
Мектеп оқушылары арасындағы әлімжеттік туралы әлеуметтік желіде тараған видеодан скриншот.

– Ұрып-соғу әлімжеттіктің шырқау шегі. Оның соңы кейде адам өлімімен, я баланың денсаулығына қандай да бір зақым келтірумен аяқталуы мүмкін. Мұны бір бала емес, бірнешеуі қосылып істейді. Жамбыл және Қызылорда облысындағы бала өлімімен аяқталған кейінгі оқиғалар соның көрінісі, – дейді әлеуметтанушы.

Әйгерім Жақыпбек әлімжеттіктің көбеюін отбасындағы тәрбиемен бірге халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-әуқатының төмендеуімен де байланыстырады. Күнкөріс қамымен кеткен ата-ананың бала тәрбиесімен айналысуға уақыты жоқ. Баланы тыңдау, оған уақыт бөлі, пікір алмасып, ой бөлісу азайған.

– Әлімжеттікке бейім сыныптың әлеуметтік, психологиялық портреті қандай деген сұраққа жауап болмайды. Көбіне себебімен емес, салдарымен күреседі. Мәселені анықтаудың модельдері жоқтың қасы. Мектепте кіреберіске қойылған сенім жәшігіне оқушының сенімі аз. Ол жәшікке хат тастаудың өзі әлімжеттік көріп жүрген балаға қауіпті екені ескерілмеген, – дейді маман.

Жақыпбек оқушылар арасындағы әлімжеттікті мектеп әкімшілігінің қоғамнан жасырып-жабуы қауіпті екенін ескертеді. Ол балаға адамның өмірі құнды екенін санасына жеткізе түсіндіру керек деп біледі. Бұл мәселені ата-ана, мектеп әкімшілігі ғана емес, мемлекеттік деңгейде көтеру қажет деп санайды.

БАЛАЛАР АРАСЫНДАҒЫ ӘЛІМЖЕТТІК АЗАЙМАЙ ТҰР

2022 жылы "Бала құқығы туралы" және "Білім туралы" заңдарға "жәбірлеу және кибербуллинг" ұғымы енгізілді. Оқу-ағарту министрлігі әлімжеттіктің алдын алу жөніндегі уәкілетті органға жатады.

Бас прокуратураның qamqor.gov.kz ақпараттық порталының дерегінше, 2023 жылы кәмелетке толмағандарға қатысты тіркелген 2253 қылмыстық істің мыңға жуығы ауыр және аса ауыр қылмыс түріне жататын әрекеттер бойынша ашылған. Оның ішінде "Адам өлтіру" (24 іс), "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" (54 іс), "Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру" (114 іс), "Өзін өзі өлтіруге дейін жеткізу" (44 іс) тәрізділері бар.

2024 жылдың алғашқы төрт айында кәмелетке толмағандарға қатысты мыңға жуық қылмыстық іс тіркелген. Арасында денсаулыққа түрлі деңгейде зиян келтіру, қинау, өзін өзі өлтіруге дейін жеткізу, абайсызда адам өлтіру сияқты баптар бойынша қозғалған істер бар.

Былтыр 22 мыңға жуық бала әкімшілік жауапқа тартылған. Оның үш жүзден астамы жеке бастың құқықтарына қол сұғатын құқықбұзушылық жасаған. Үш жүзден аса істің 226-сы денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру бабымен қозғалса, 69 іс ұрып-соғу бабымен қаралған.

Биылғы жылдың бірінші тоқсанында он бір мыңға жуық іс әкімшілік тәртіппен қаралған. Соның 137-сі жеке бастың құқықтарына қол сұққаны үшін қозғалған. 95 іс денсаулыққа қасақана зиян келтіру бабымен, 31 іс ұрып-соғу бабымен тіркелген.

Қазақстанда ішкі істер органдарында төрт жарым мыңнан астам бала есепте тұр. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, елде ауыр және аса ауыр қысмыс жасаған ұл балаларға арналған қауіпсіздігі орташа бір түзеу мекемесі бар. Онда қазір 49 бала жазасын өтеп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG