Accessibility links

Ақтөбе облысында жол апатынан тағы бес адам мерт болды, үшеуі – бала


Ақтөбе облысы Самара – Шымкент тасжолында болған жол апаты. 26 тамыз, 2024 жыл.
Ақтөбе облысы Самара – Шымкент тасжолында болған жол апаты. 26 тамыз, 2024 жыл.

Ақтөбе облысындағы Ойыл ауылының тұрғыны әйелі, ұлы және екі немересімен бірге жол апатынан мерт болды. Апат 26 тамыз кешкі жеті жарым шамасында Самара – Шымкент тасжолында болған. Көлік жүргізушісі ауыр жараланған.

"Қобда ауданы Әлия Молдағұлова атындағы ауыл маңында Mercedes маркалы жүк көлігі мен Volkswagen Polo жеңіл көлігі соқтығысып, бес адам қаза болды" деп хабарлады Ақтөбе полициясы.

Жол апатына ұшыраған көліктегі үш баланың ең кішісі ауруханаға жеткен соң көз жұмған. "Төрт жасар ер баланың өмірі үшін Қобда ауылының дәрігерлері жарты сағаттан аса күресті. Реанимациялық іс-шаралар нәтиже бермеді" деп хабарлады Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Оқиға болған жерде тіл тартпастан кеткен ер бала – 14, қыз бала 12 жаста болған. Ал ерлі-зайыптылардың жасы 50-де.

Дәрігерлердің мәліметінше, Volkswagen Polo көлігінің жүргізушісі апаттан аман қалған, бірақ жағдайы қиын. Қабырғалары сынған, жарақаты көп деді. Сол себепті оны Қобда ауданындағы ауруханадан облыс орталығы Ақтөбеге апарған. Volkswagen Polo көлігін айдаған 28 жастағы жүргізуші әке-шешесі мен бауырларын Ақтөбе қаласынан тұрғылықты жері Ойыл ауылына апара жатқан.

Самара – Шымкент тасжолының Ақтөбе облысы аумағындағы бөлігінде жол апаты жиі болады. Әсіресе, Ақтөбе мен Хромтау қалаларының арасындағы жолда қауіп көп. Сол себепті Ақтөбе полициясы осы бағыттағы экипаж санын көбейткен. "Бұрын бұл бағытты 6 экипаж қадағалайтын. Апат көбейген соң тағы 10 экипаж қосылып, жалпы саны 16 экипаж болды" деді Ақтөбе полициясы.

Биыл Ақтөбе аумағындағы тасжолдарда 97 адам мерт болған. Жарақат алғандар саны – 617.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG