7 тамызда Ақтөбе облысында жол апаты болып, бір көлікте болған 8 адам қаза тапты. Олардың бесеуі – мектеп жасындағы бала. Оқиға Самара – Шымкент тасжолында болған. Оқушылар мінген Toyota Ipsum маркалы көлігі Хромтау қаласынан 20 шақырым жерде MAN маркалы жүк көлігіне соғылған.
– Жүк көлігінің жүргізушісі аман. Жеңіл көліктегі жүргізуші мен жеті жолаушы оқиға орнында қаза болды, – деді жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдос Құлжанов.
Полицияның ақпаратынша, көлік апатынан бір отбасының екі баласы мерт болған. Көлікте олардың әкесі де отырған. Құлжановтың айтуынша, жол апатынан қаза болған ересектердің бірі – 1991 жылы туған көлік жүргізушісі, өзге екеуі – балалармен бірге жолға шыққан Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Қарашатау ауылының тұрғындары.
Ақтөбе полициясы жол апатынан соң "Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарына пайдалану қағидаларын бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
Облыстық білім басқармасының мәліметі бойынша, Қарашатау ауылының балалары Маңғыстау облысында өтетін футбол жарысына бара жатқан.
"Бұл – ресми жарыс емес, жоспарға енбеген, жеке қайырымдылық қоры ұйымдастырған шара. Футболдан жарыс өтетінін білім басқармасы да, полиция да білмеген" деді білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан.
Ақтөбе облысының спорт басқармасы таратқан ақпаратқа сәйкес, ауыл балалары арасындағы футбол турнирі 10-11 тамызда Маңғыстау облысы Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр ауылында өтеді деп жоспарланған. Жарысты "Халық" қайырымдылық қоры ұйымдастырған.
Аты-жөнін атамауды сұраған ауыл тұрғынының айтуынша, Маңғыстаудағы футбол жарысына Қарашатау ауылынан 12 бала мен үш ересек шыққан. Бес бала мен екі ересек бір таксиге, жеті бала мен тағы бір ересек адам екінші таксиге мінген. Екінші көліктегі адамдар аман. Қарашатау ауылының 2013- 2015 жылы туған балалары облыс орталығы Ақтөбеге дейін такси жалдап, одан әрі Маңғыстауға кетпек болған.
7 тамызда бес оқушының қазасына байланысты брифинг кезінде Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан "біз бұл оқиғадан сабақ алуымыз керек" деді.
30 шілдеде Қазақстан ішкі істер министрі Ержан Сәденов үкімет отырысында жыл сайын елде екі мыңнан аса адам жол апатынан опат болады деп мәлімдеді.
- Ақтөбе облысында мектеп оқушылары мінген көліктің жолда апатқа ұшырауы алғаш рет емес. 2022 жылғы желтоқсанда Темір аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары оқушыларды жарысқа жеке көлігімен апара жатқан кезде апатқа ұшыраған. Көлікте 9 оқушы мен жаттықтырушы болған. Бір оқушы мерт болып, төрт бала мен жаттықтырушы ауыр жараланған.
- Былтыр желтоқсанда Ақтөбе облысы Жаныс би ауылынан шыққан Toyota Alphard көлігі республикалық пәндік олимпиаданың аудандық кезеңіне бара жатып, Ырғызға 50 шақырым қалғанда апатқа ұшыраған. Самара – Шымкент бағытындағы тас жолда үлкен жүк көлігімен соқтығысқан Toyota Alphard-тың салонында екі мұғалім мен 14-16 жастағы бес оқушы болған. Жеңіл көліктегі бір мұғалім мен екі бала тіл тартпай кеткен.
ПІКІРЛЕР