Accessibility links

"АЭС жарнамасы" мен "тұрақты энергияға мұқтаждық". Алматыдағы қоғамдық талқы қалай өтті?


Белсенді Мадина Көкетаева АЭС жөніндегі тыңдауда осындай қағаз ұстап жүрді. Алматы, 16 тамыз 2024 жыл.
Белсенді Мадина Көкетаева АЭС жөніндегі тыңдауда осындай қағаз ұстап жүрді. Алматы, 16 тамыз 2024 жыл.

Дау-дамай, айқай-шу, айыптау. 16 тамызда Алматыда АЭС салу жоспары талқыланды. Талқылауға шақырылған спикерлер атом станциясын тұрақты энергия көзі деп мақтады, бұған қарсы азаматтар экологиялық қауіпсіздік мәселесін көтеріп, құрылыстың экономикалық тиімділігі мен АЭС салдарын сөз етті.

Таңғы сағат 9:00. Абай даңғылы бойында орналасқан "Алматыбасжоспар" ғимаратының алдына адамдар жиналып жатыр. Көбі – ересек азаматтар. Шетте полиция қызметкерлері, олардың жанында патруль көліктері тұр.

Ғимараттың бірінші қабатындағы зал үш секторға бөлінген. Бірінші секторда костюм киген кісілер отыр. Олар – Алматы қоғамдық кеңесінің өкілдері. Залды суретке түсіргенімде, көбі түрін көрсеткісі келмей, сырт айналды.

АЭС жөніндегі тыңдау өтеді деген ғимарат алдында полиция күзетіп тұр. Алматы, 16 тамыз 2024 жыл.
АЭС жөніндегі тыңдау өтеді деген ғимарат алдында полиция күзетіп тұр. Алматы, 16 тамыз 2024 жыл.

Ортадағы сектордың бірінші қатары спикерлерге бөлінген: мұнда энергетика министрлігі, Қазақстан ұлттық ядролық орталығындағы атом энергиясы институты, "Қазақстан атом электростанциясы" компаниясы мен Ядролық физика институтының өкілдері отыр.

Осы сектордың қалған орындары мен үшінші секторға экобелсенділер мен тұрғындар жайғасқан. Олар қолдарына "Қазақстан халқы АЭС бойынша референдумға қарсы" деген және "АЭС-ті қолдамағандар – халық жауы" деген жазуы бар А4 қағаздар ұстаған.

Спикерлер кезекпен микрофон алдына шығып, АЭС пайдасын түсіндіруге тырысты. Әр спикерге 10 минуттан берілді.

Көзілдірік, ақшыл түсті пиджак пен қара шалбар киген әйел "Қазақстанға АЭС не үшін керек?" деген сұрақтан бастады. Энергетика министрлігі атом энергиясы мен өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова баяндама кезінде слайд көрсетті. Үлкен экранға әлемде жұмыс істеп тұрған және салынып жатқан реакторлар, Қазақстандағы уран өндірісі жайлы ақпарат шықты.

Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Ерлан Батырбеков елдегі энергия тапшылығын сөз қылды.

– Бізге тұрақты электр энергиясы керек, – деді ол.

Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Ерлан Батырбеков АЭС салу жөніндегі жиында. Алматы, 16 тамыз 2024 жыл.
Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Ерлан Батырбеков АЭС салу жөніндегі жиында. Алматы, 16 тамыз 2024 жыл.

Батырбековтың сөзінше, мәселенің үш түрлі шешімі бар: гидрогенерация, көмір және атом энергиясы. Сарапшы бізге кейінгісі сай келеді дейді.

Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев "атом энергиясынан қорқудың қажеті жоқ" деп есептейді. Ол Алматының іргесіндегі зерттеу орталығында 57 жылдан бері су реакторы жұмыс істейтінін, оның негізінде медициналық радиоизотоптар өндірілетінін айтты.

– 57 жылда ғалымдар, инженерлер мен мамандардың кемі төрт буыны ауысты. Осының бәрі ядролық физика институты базасында кадрлар дайындауға болатынын көрсетеді. Атом электр станциясының құрылысына 2 мың маман керек. Олардың 200-і – территорияны тазалап, күзететін кісілер. Қалған 1800 маманның 400-і жоғары білімді мамандар, оларды біздің институт дайындайды, – дейді Сахиев.

Спикерлердің сөзінен кейін модератор қосымша баяндама жасайтын адамдарға 5 минуттан сөйлеуге мүмкіндік берді.

– Зияны жайлы! Зияны жайлы айтыңдар! Неге тек пайдасы туралы айта бересіңдер? Бір кемшілігін болсын, айтсаңдаршы! – деді залдан шыққан әйел дауысы.

Модератор талқылау басталғаннан "Қазақстан халқы АЭС бойынша референдумға қарсы" деген плакат ұстап тұрған белсенді Мадина Көкетаеваға бұрылып:

– Қазақстанда 20 миллион халық тұрады. Сізге ешкім мандат бермеді. Бәрінің атынан сөйлемеңіз. Сізді танымаймын, көрмегенмін. Мен де халықпын, – деді белсендіден плакатын түсіруді сұрап.

Залда отырғандар белсендіні қолдай жөнелді.

– [Плакат] бізге кедергі келтіріп жатқан жоқ. Кедергі емес, – десті олар.

Микрофон саясаттанушы Марат Шибұтовқа тиді. Ол да елде, әсіресе, оңтүстік аймақтарда электр тапшылығы барын айтты.

– Қазақстанның оңтүстігінде газ станциялары салынып жатыр! Бұл туралы неге айтпайсыз? – деді көк костюм киген кісі спикерге қарап. Ол энергетика жөніндегі сарапшы Әсет Наурызбаев.

– Газ жоқ! – деді Шибұтов. – Газ – сенімсіз нәрсе. Өзбектерге сендік, ал олар биыл газды жауып тастап, қытайлардан басқа ешкімге сатпады… Бұл шешімнің жауапкершілігі жоғары екенін түсініп, ақымақтыққа ермеу керек!

Белсенді Мейірхан Әбдіманапов залдан айқайлап, "талқылау емес, АЭС-тің жарнамасын ғана көріп тұрмын" деді.

Белсенді Мейірхан Әбдіманапов АЭС жөніндегі тыңдауда. Алматы, 16 тамыз 2024 жыл.
Белсенді Мейірхан Әбдіманапов АЭС жөніндегі тыңдауда. Алматы, 16 тамыз 2024 жыл.

– Ешқандай қоғамдық талқылау жоқ! Тек АЭС-ті жарнамалап жатырсыздар. Қоғамдық талқылау болса, спикерлердің жартысы АЭС құрылысына қарсы азаматтардың арасынан жиналар еді.

Зал белсендінің сөзін қолдап, қол соға жөнелді. Ду қол шапалақтан оның соңғы сөздері естілмей қалды.

– Бұл – Путин мен басқа да атом корпорацияларының жарнамасы! Сендер – саяси лоббиссіңдер! Атом саласына лобби жасап отырсыңдар! – деп айқайлады белсенді.

Күтпеген жерден залдың ортасына қара киінген әйел атып шықты.

– Сіз инженерсіз бе?! Одан да инженерлер сөйлесін! Сендерге не керек?! Ғалымдарға сұрақ қояйық! Не деп тұрсындар? Жалғыз өзің халықсың ба? – деді ол АЭС құрылысына қарсы азаматтарға бұрылып. – Ғалымдар сөйлеуі керек! Мамандар! Атом саласының мамандары. Мыналарың емес. Бұл не сонда?!

Кейінірек сұрақ-жауап сессиясында бұл әйел өзін қоғам қайраткері Бибінұр Шерәлиева деп таныстырды.

Залда пікірталас қызғанда, ақ кимешек киген қарт әйел сөз кезегін сұрады. Модератор микрофон секторлар арасында жүр деп, әзірге отыра тұруды өтінді. Ол алдыңғы қатарға барып, жалғыз бос орынға жайғасты. Көрші орындықта отырған энергетика министрлігінің өкілі Гүлмира Мұрсалова "Бұл – директорымның орны!" деп оны итеріп жіберді.

– Бұл жерге отыруға құқығым бар! – деді әйел.

Біреулер полиция шақырайық деп айқайлады. Бірақ полиция келген жоқ.

Мұрсалова жанындағы көршісін тағы да итеруге тырысты, кейін оған тесіле қарады.

– Маған олай қарамай-ақ қойсаң да болады, қорықпаймын – деді орнынан тапжылмаған әйел. Шу басылды.

Микрофон алғандар атом электр станциясының артықшылығын жарыса айтып жатты. Залдағылар "Әсет! Әсет! Әсет!" деп айқайлады. Осылай модератордан энергетика сарапшысы, электр желілерін басқаратын KEGOC компаниясының бұрынғы басшысы Әсет Наурызбаевқа сөз беруді талап етті.

– Өкінішке қарай, энергетика министрлігі президенттің сөзін дұрыс тыңдамаған. Ол Қазақстан халқы өзі шешуі керек деді. Оның орнына энергетика министрлігі үгіт-насихат жүргізіп жатыр, – деді Наурызбаев 10 минут беруді сұрап.

– Қазақстан халқына қазіргі және болашақ ұрпақ мойнына алатын қауіп жайлы шешім қабылдауға тура келіп отыр, – деді Әсет Наурызбаев. – Салдары жайлы неге айтып отырмыз? 60-80 жыл жұмыс істейтін АЭС-тен үш-төрт толқын электр энергиясын алар, ал одан кейінгі ұрпаққа радиоактивті қалдықтарды сақтау жауапкершілігі қалады. Жаңартылатын энергия көздерінде ондай мәселе жоқ. Күн панелін немесе жел құрылғыларын орнатса, одан радиоактивті қалдықтар сияқты ешкімнің өміріне қауіп төнбейді. Референдумда бірінші кезекте "Ұрпағымызға таудай үйілген радиоактивті қалдық қалдыруға дайынмын ба?" деген сұраққа жауап беріңіз.

KEGOC компаниясының бұрынғы басшысы Әсет Наурызбаев АЭС жөніндегі тыңдауда. Алматы, 16 тамыз 2024 жыл.
KEGOC компаниясының бұрынғы басшысы Әсет Наурызбаев АЭС жөніндегі тыңдауда. Алматы, 16 тамыз 2024 жыл.

Наурызбаев кей спикерлердің энергия тапшылығы туралы болжамын "барып тұрған өтірік" деп бағалады.

– Тапшылық туралы айтып жатқандары – бұл саланы жақсы білмеудің көрінісі. Бізде 4 қуатты газ электр станциясы салынып жатыр. Батыс Қазақстанда газ өндіріледі. Ресейден келетін газ бар. Газ көп. [Мұнай өндірісі кезінде] өзімізде өндірілетін газдың жартысын ғана өңдеп, қалған жартысын қайтадан жер астына жіберіп жатырмыз, – деді Әсет Наурызбаев.

Қазақстан үкіметінің дерегінше, атом реакторын салуға Франция, Оңтүстік Корея, Қытай мен Ресей компанияларының бірі таңдалуы мүмкін. Наурызбаевтың пікірінше, АЭС салуға Ресей компаниясы таңдалса, бұл Қазақстанның көрші мемлекетке экономикалық тәуелділігін күшейтеді. Энергетик АЭС салынатын Балқаш көлінің болашағына да алаңдайды.

Осы тұста әңгімеге эколог Мэлс Елеусізов араласты. Ол дамыған елдер жасыл энергетикаға көшіп, бірқатар Еуропа мемлекеттері АЭС-тен бас тартып жатқанын айтты.

Спикерлердің сөзінен кейін сұрақ-жауап кезеңі басталды.

Карлин Махпиров АЭС салу экономикасы мықты елдердің ермегі екенін, Қазақстанда капитал, білім және технология қажет деңгейде емесін атап өтті.

– Ескі станцияларды модернизациядан өткізіп, жел электр станцияларын салып, экологияны сақтап қалуға болар еді, – деді Махпиров.

Мұрсалова бұл орындалмайтын арман екенін бірден айтты.

– Өткен ғасырда салынған кей станциялардың жұмысын тоқтату керек. Олар қазірдің өзінде дұрыс істемей, жөндеуден өтіп, бұған көп ақша бөлініп жатыр. Олар өз ресурсын беріп болды. Өкінішке қарай, биылдың өзінде бізге 2 мың мегаватт энергия жетпейді.

Энергетика министрлігі атом энергиясы мен өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова. Алматы, 16 тамыз 2024 жыл.
Энергетика министрлігі атом энергиясы мен өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова. Алматы, 16 тамыз 2024 жыл.

Өзін Берікбол деп таныстырған, Алматының іргесіндегі Еркін ауылында тұратын жас жігіт үкіметке сенбейтінін, сондықтан АЭС құрылысына қарсы екенін айтты.

– Мектепте үнемі "Әлі-ақ көресіңдер, жақсы өмір сүреміз!", "EXPO (2017 жылы Астанада "Болашақтың энергиясы" тақырыбында өткен көрме – ред.) өткізіп алайық, өміріміз жақсарады" деп айтатын. "Қазақстан-2030", "Қазақстан-2050"... 30 жылда үкіметтің уәделерін тыңдап келдім. Соған сеніп, болашағымызды осы уәделермен байланыстырдық. Ендігі болашағымды қазіргі үкіметтің қолына тапсырғым келмейді. Өзімнің және елімнің болашағын өз қолыма алғым келеді. Жас азамат ретінде [АЭС] құрылысына қарсымын, өйткені үкімет бастаған жобалардың бәрі жүзеге аспайтынын көрдім…. Үкімет қазіргі электр желісін, ескі станцияларды неге модернизациядан өткізбейді? – деді ол.

Өзін Берікбол деп таныстырған мына жігіт АЭС жөніндегі тыңдауда сұрақ қойып тұр. Алматы, 16 тамыз 2024 жыл.
Өзін Берікбол деп таныстырған мына жігіт АЭС жөніндегі тыңдауда сұрақ қойып тұр. Алматы, 16 тамыз 2024 жыл.

– Рахмет, – деді модератор Борис Джапаров жігіттің сөзін бөліп. – Тақырып бойынша сұрағыңыз болмаса, жергілікті атқарушы органдарға хат жазсаңыз болады.

– Тақырып бойынша ғой! Тақырып бойынша! – деді залдағылар шулап.

Қоғамдық талқылауға жиналғандар АЭС құрылысы электр энергиясының тарифтеріне қалай әсер ететінін сұрады.

– АЭС салу электр энергиясының қымбаттауына әкелмей ме? Өндірілетін энергия арзан болғанымен, станция қымбат тұрады. Электр энергиясының бағасына станция шығындары да кіре ме? – деді өзін Нұржан деп таныстырған жас жігіт.

"Қазақстан атом электр станциялары" компаниясының басшысы Тимур Жантикин АЭС құрылысына 8-11,5 миллиард доллар кететінін айтты. Бұл цифрдың қандай деректерге негізделгені белгісіз. Жантикин мысалға келтірген Түркиядағы "Аккую" атом электр станциясы (оны ресейлік "Росатом" корпорация салып жатыр) 25 миллиард долларға түскен.

Алматыдағы жиында "Қазақстан атом электр станциялары" компаниясының басшысы Тимур Жантикин де сөз сөйледі.
Алматыдағы жиында "Қазақстан атом электр станциялары" компаниясының басшысы Тимур Жантикин де сөз сөйледі.

– Бір киловатт сағатқа – 12,35 цент. Бұл – тариф емес, ["Аккую" станциясындағы] электр энергиясын сатып алу бағасы. Электр энергиясының жартысын осы бағаға алады. "Росатом" [Түркияда] бүкіл табысын қосқанда, осындай шартпен жұмыс істейді, – деді Жантикин. Оның сөзінше, АҚШ-та тариф – 3 цент, ал Қытайда 6 цент тұрады.

Сұрақ қойғысы келгендерге 2 минуттан уақыт берілді. Уақыт аяқталған соң, микрофонды өшіріп тастады. АЭС құрылысын жақтаушы спикерлер сөйлеп жатқанда, уақыты аяқталып, микрофон өшіп қалса да, қайта қосып отырды.

Қоғамдық талқылау шамамен 3 сағатқа созылды. Алматы осындай қоғамдық талқылау өткен 19-қала болды. Мұндай форматтағы шара осыған дейін АЭС салынуы мүмкін Балқаш көлінің жағасындағы Үлкен ауылында, Қарағанды, Түркістан, Шымкент, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Орал, Өскемен, Семей және Талдықорған қалаларында өткен.

Қазақстанның барлық өңірінде қоғамдық талқылау өткен соң, АЭС салу мәселесі жалпыхалықтық референдумға шығарылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев референдум биыл күзде өтетінін айтқан. Бірақ әзірге референдум күні белгіленген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG