Accessibility links

Әскерде жүріп жансақтау бөліміне түскен сарбаз айығып келеді


Нұржігіт Әбділпатта.
Нұржігіт Әбділпатта.

Жамбыл облысында әскерде жүргенде комаға түскен сарбаз Нұржігіт Әбділпатта ес жиып, халі жақсарып келеді. Дәрігерлер оның тамағындағы түтікті алған, Нұржігіт қазір жақындарымен сөйлесе алады. Сарбаз әлі реанимацияда жатыр. Бұл туралы Азаттыққа оның анасы Жанна Жаналина хабарлады.

– Бәрімізді танып жатыр, бәрі есінде. Орнынан тұрып, кішкене жүрді. КТ-ға (компьютерлік томография – ред.) түсірді, басы жақсы, өкпесі жазылып жатыр деді. [Әсері күшті] дәрі қабылдағаннан кейін бауырында өзгеріс бар, дәрігерлердің айтуынша, оны емдеуге болады, – деді Жаналина.

19 жастағы Нұржігіт Әбділпатта маусымның аяғына қарай оянған еді. Ата-анасы ол кезде сарбаздың жағдайы әлі ауыр деп айтқан. Жанна Жаналинаның сөзінше, ұлының анализдері жақсарғаннан кейін дәрігерлер реабилитацияға көшкен. Оны жансақтау бөлімінен палатаға қашан ауыстыратыны әзірге белгісіз.

Жаналина ұлымен әскерде болған жағдай туралы әлі сөйлеспедік деді.

– Уақыты келгенде сөйлесеміз деп шештік. Қазір уайымдап, жағдайы нашарлап кете ме деп қорқып, ол тақырыпты көтеріп жатқан жоқпыз, – деді Нұржігіттің анасы.

Нұржігіт қазір Алматыдағы әскери госпитальде жатыр. Оның үйі Қостанайда, ата-анасы баласының жағдайына байланысты Алматыда қалған. Жаналинаның айтуынша, әскери бөлім оларға уақытша бір бөлмелі пәтер жалдап берген.

– Ұлым аяғынан тұрып, толық жазылып кеткенге дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайды әлі де бақылауда ұстасын деген өтінішім бар, – деді Жанна Жаналина.

Нұржігіт Әбділпатта Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылындағы №30212 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүргенде ауруханаға түсті. Анасы ұлына әскерде "әлімжеттік жасаған" деп хабарлаған.

Ішкі істер министрлігінің әскери тергеу басқармасы келісімшарт негізіндегі әскери қызметшінің үстінен "Билікті асыра пайдалану" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Жанна Жаналина тергеу жүріп жатыр деді. Қорғаныс министрлігі бұған дейін сарбаз емдеу мекемесіне түскенде оның денесінде көгерген іздер болмады деп хабарлаған.

Нұржігіт әскерге биыл мамырда алынған. Әскерге барардан бұрын Шымкенттегі "Авиценна" жоғары медицина колледжінде 1-курста оқып жүрген. Демалыста Қостанайдағы үйіне қайтқанда әскерге өз еркімен барғысы келетінін айтқан.

17 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы оқиғаның мән-жайын мұқият зерттеуді және кінәлі адамдарды жазалауды талап еткен. Президент қорғаныс министріне әскерде мұндай жағдайға жол бермеу қажетін ескертіп, тергеуді бақылауға алуды тапсырған.

Бұған дейін қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов әскерде әлімжеттік барын жоққа шығарған. Жақсылықов "сарбаздар суицидінің 99 пайызының әскердегі борышын өтеуге қатысы жоқ" деген. Министр әскердегі сарбаздар қазасын "адамның жеке басындағы мәселемен" байланыстырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG