Accessibility links

АҚШ құпия қызметінің басшысы Трампқа жасалған қастандық бойынша сұрақтарға жауап берді


АҚШ құпия қызметінің директоры Кимберли Читл.
АҚШ құпия қызметінің директоры Кимберли Читл.

АҚШ құпия қызметінің директоры Кимберли Читл қауіпсіздік сақталмағанына байланысты қызметтен кетуді талап еткен екі партияның да өтінішін қабылдамады. Сайлауалды митингідегі шабуыл кезінде республикашылдар атынан президенттікке кандидат Дональд Трамп жеңіл жараланған еді.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Читл заң шығарушыларға оқиғаның егжей-тегжейін айтпаған, бұл олардың наразылығын тудырған.

АҚШ өкілдер палатасы қадағалау комитетінің төрағасы, республикашыл Джеймс Комер мен жетекші демократ Джейми Раскин Кимберли Читлді қызметтен кетуге шақырды.

Раскиннің айтуынша, Читл "ел тарихындағы өте маңызды сәтте Конгресс сенімінен айрылған".

Істі төрт жарым сағаттан аса қараған кезде Читл 13 шілдедегі атысты "құпия қызметтің кейінгі онжылдықтардағы ең маңызды сәтсіздігі" деп атады, ол бұл оқиғаны 1981 жылы АҚШ президенті Рональд Рейганға жасалған қастандықпен салыстырды.

Читл қызметтен кету туралы үндеулерді бірнеше рет қабылдамаған, ол өзін "құпия қызметті басқаруға қабілетті" деп санайтынын айтқан.

Митингіде Трамптан бөлек тағы екі адам жараланған. Оқ атқан деген күдікке ілінген адамды сол жерде қауіпсіздік қызметкерлері атып өлтірді. ФБР оны 20 жастағы Томас Мэттью Крукс деді. Қастандықтың мән-жайы анықталып жатыр. Бұрынғы президентке не себепті шабуыл жасағаны әзірге белгісіз.

ФБР директоры Кристофер Рэй сәрсенбіде палатаның заң комитеті алдына шығады. Өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон екі партиядан тергеуге қосылатын жұмыс тобын құруы мүмкін дейді Reuters агенттігі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG