Accessibility links

Трампқа жасалған қастандық сайлау науқанына әсер ете ме?


АҚШ-тың бұрынғы президенті, биылғы президенттік сайлауға республикашылдар атынан түсіп отырған Дональд Трамп Пенсильвания штаты Батлер қаласындағы қастандықтан кейін қауіпсіздік күштерінің қоршауында. 13 шілде.
АҚШ-тың бұрынғы президенті, биылғы президенттік сайлауға республикашылдар атынан түсіп отырған Дональд Трамп Пенсильвания штаты Батлер қаласындағы қастандықтан кейін қауіпсіздік күштерінің қоршауында. 13 шілде.

Республикашылдар атынан президенттік сайлауға түскен Дональд Трампқа оқ ату АҚШ халқын дүр сілкіндірді. Бұл – елдің кейінгі 40 жылдық тарихында президентке не осы қызметке үміткер адамға жасалған алғашқы қастандық.

Бастапқы деректер бойынша, шабуылды 20 жастағы ер азамат жартылай автоматты винтовкамен жасаған. Қаскүнем шабуыл осыған дейін сүлесоқ саналып келген сайлау науқанын түбегейлі өзгертуі ықтимал. Сайлауға түскен екі бас үміткер де егде жастағы азаматтар. Бұл екеуі осыдан төрт жыл бұрын бәсекелес болған.

Шабуыл 13 шілденің кешінде Пенсильвания штаты Батлер қаласында болған. Пенсильвания – әр сайлауды әртүрлі дауыс беретін маңызды құбылмалы штаттардың бірі. Трамп онда жақтастарының алдында сөйлеп жатқан. Қастандықтан Трамп аздап жарақат алды, бірақ өміріне қауіп жоқ. Шабуылдаушының бұл әрекетке не себепті барғаны әлі белгісіз. Бірақ ол оқиға орнында мерт болды.

Қастандық республикашылдар ұлттық съезіне екі күн қалғанда жасалды. Бұл съезде Трамп республикашылдардың кандидаты ретінде бекітілуі керек еді. Нағыз сайлауалды науқанды осы съезд бастайды деп саналады.

Азаттық сарапшылармен сөйлесіп, олардан бұл қастандық президенттік сайлауға қалай әсер ететінін сұрады.

ШАБУЫЛ ТРАМПТЫҢ БЕДЕЛІН АРТТЫРА МА?

Әлеуметтік желіде Трамп бұл шабуылды өз пайдасына жаратады деген пікір қаптады. Расымен, X платформасының (бұрынғы Twitter) иесі, ықпалды миллиардер Илон Маск 13 шілдедегі қастандықтан соң дереу Трампқа қолдау білдірді.

Сайлауалды науқан шешуші кезеңге жақындаған сайын әлеуметтік сауалнамадағы қандай да бір оң өзгеріс кандидат үшін аса маңызды. Алайда сарапшылар бұл қастандық төрт айдан кейін болатын сайлауға елеулі түрде әсер ете қоймайды дейді.

Кортлендтегі Нью-Йорк штаты университетінде саясаттану профессоры болып жұмыс істейтін Роберт Спитцер шабуыл Трамптың рейтингіне уақытша серпіліс беруі мүмкін, бірақ бұл серпіліс қарашаға дейін жете қоймайды дейді.

"Съезден кейін Трамптың кандидаттығына қолдау күшейеді деп күтуге болар. Бәлкім қастандық әрекетінен кейін қолдау одан да жоғары болып қалар. Бірақ меніңше, оны әсері бірнеше аптада сейіледі де, Трамп пен президент [Джо] Байденнің салыстырмалы рейтингтері кейінгі бір-екі айдағы межеге оралады" деді ол Азаттыққан.

Саясат тарихының профессоры Мэтью Даллек тарихтан саясаткерлер қастандықтан кейінгі қолдауды сайлаудағы жеңіске сәтті айналдырғаны жайлы мысалды көп көрмейміз дейді.

"1912 жылы президенттік сайлаудың алдындағы науқан кезінде Теодор Рузвельтке оқ тиді, бірақ ол бәрібір жеңілді. 1950 жылы президент Гарри Трумэнге қастандық жасалды, бірақ бұл сол жылы өткен аралық сайлауда оның Демократиялық партиясына көмектеспеді. 1975 жылы Джеральд Фордқа екі рет қастандық жасалды, бірақ ол сол жылы кейінірек өткен президенттік сайлауда жеңілді" дейді ол.

ТРАМПҚА ҚАСТАНДЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫ ӨРШІТЕ МЕ?

Даллек осы сайлау циклінде зорлық-зомбылық Трампқа жасалған шабуылмен аяқтала қоймайды деп күдіктенеді.

"Әдетте зорлық зорлыққа бастайды емес пе? Қастандық болып, артынан бәрі тыныштала қоймайды ғой. Сол себепті бұл шабуыл алдағы айларда не жылдарда елді қауіпті жағдайға итермелеуі ықтимал" дейді ол.

Дональд Трамп өзіне жасалған қастандықтан бір күн өткенде Милуоки Митчелл әуежайына қонды.
Дональд Трамп өзіне жасалған қастандықтан бір күн өткенде Милуоки Митчелл әуежайына қонды.

Даллектің айтуынша, сауалнамалар оңшылдар арасында да, солшылдар арасында да "зорлық-зомбылық дұрыс" деген азшылық барын көрсеткен. Бұл – "өте үрейлі жағдай" дейді ол.

Спитцердің айтуынша, осы сәт елді біріктіріп, партиялық жікке бөлінуді бәсеңдетуі керек дейді. Бірақ ол "бағытынан тайған үні қатты топтар" жақтастарын қарулануға шақыруы мүмкін екенін айтады.

"Өкінішке қарай, бұл осы оқиғаның ауыр салдары болуы мүмкін" дейді Спитцер.

ҚАСТАНДЫҚ РЕСПУБЛИКАШЫЛДАР СЪЕЗІНЕ ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТПЕК?

Даллектің пікірінше, республикашылдар съезінде және сайлауалды науқанында Трампқа жасалған қастандық әрекеті алға шығады.

"Меніңше, олар Трампты өз елі мен жақтастары үшін құрбан болуға дайын адам етіп көрсетеді" дейді ол.

Даллектің айтуынша, Трамп өзіне жасалған қастандық әрекетін "мықты адам" деген репутациясын күшейтуге пайдалануы мүмкін, оның жақтастарының көбі мұндай репутацияны ұнатады.

САЙЛАУ НАУҚАНЫНДАҒЫ РИТОРИКА ӨЗГЕРЕ МЕ?

Демократиялық партия сайлау алды жарнамаларын уақытша тоқтататынын мәлімдеді. Даллектің айтуынша, бұл – мұндай жағдай үшін қалыпты тәжірибе.

Бірақ осыдан кейін Трампты демократияның жауы ретінде көрсетуге тырысып келген демократтар тактикасын өзгерте ме?

Трамп вице-президентікке таңдауы мүмкін деген сенатор Джеймс Дэвид Вэнс (Огайо штаты, республикашыл) шабуылға Байденнің сайлауалды науқаны түрткі болды деді. Спитцер бұл айыптау "шектен шығу" екенін айтады. Оның сөзінше, Байден мен ол жүргізіп отырған науқан мұндай қастандыққа ешқалай итермелей алмаған.

Даллек Трамптың иммигранттар секілді кейбір топтарға қарата араздық қоздыратын сөздерді айтатынын, өкілдер палатасының бұрынғы спикері Нэнси Пелосидегі (Калифорния штаты, демократ) күйеуіне жасалған қастандық жөнінде әзілдейтінін атап өтеді.


Трамп сондай-ақ 2021 жылғы 6 қаңтарда жақтастарын Капитолийге шабуылдауға үндеді деп айыпталады. Сол шабуылда бір адам мерт болған.

Даллек мұндай риторика сайлауалды науқанның ортасында өзгере қояды деп күтпегенін айтады.

"Мұндай оқиғалар агрессиялы риторикалар мен айыптаулардың бағытын түбегейлі өзгертетінге ұқсамайды" дейді ол.

Иммиграция – агрессия тілін күшейтетін тақырыптардың бірі. Бұл бәлкім Трамп үшін Байденді сынауда негізгі ұстаным болып қала бермек. Байден тұсында шетелдіктердің АҚШ аумағына заңсыз өту жағдайлары бұрын-соңды болмаған дәрежеге жетті. Оларды қазір АҚШ-тың көптеген қаласынан кездестіруге болады.

ҚАСТАНДЫҚ ЖАСАУШЫНЫҢ САЯСИ ПИҒЫЛЫ МАҢЫЗДЫ МА?

Даллектің айтуынша, кей адамдар қастандықты шабуылдаушының психикалық ауытқуынан көргенімен, әдетте саясаткерлерге қарсы зорлық-зомбылыққа шабуылдаушының қандай да бір идеяға сенімі түрткі болады.

Олар "өздеріне ұнаған сөздер мен идеялардан шабыт алады" дейді ол. Мәселен, президент Джеральд Фордты өлтіруге тырысқан адамдардың бірі соғысты айыптайтын радикал болған. Ол осы арқылы АҚШ-тың Вьетнамдағы соғысын аяқтауды көздеген.

"Мұндай адамдар – АҚШ-тағы саяси зорлық-зомбылық мәдениетінің бір бөлігі. Олар нормадан тыс емес. Олар америкалық саяси мәдениеттің бір бөлшегі. Сірә, бұл мәдениет ұсқынсыз, көбі оның болмағанын қалар еді. Меніңше, мұндай адамдар нені көздегенін ұғуға тырысқан жөн" дейді сарапшы.

ДЕМОКРАТТАР ҚАРУДЫ БАҚЫЛАУ МӘСЕЛЕСІН КҮН ТӘРТІБІНЕ ШЫҒАРА АЛА МА?

Трампқа қастандықты AR үлгісіндегі жартылай автоматты винтовканы пайдаланған 20 жасар ер азамат жасаған. Бұл жайт сайлау науқаны кезінде қаруды бақылау тақырыбына дем беруі мүмкін. Демократтар жылдар бойы жекелеген адамдар үшін, соның ішінде жастар үшін жартылай автоматты қаруларды сатып алу тым оңай деп шағынып келеді. Олар мектептердегі атыстарды осыдан көреді.

Ұлттық атқыштар ассоциясы (National Rifle Association) арналған үндеуінде Трамп өзін "қару ұстаушылардың Ақ үйдегі ең мықты досымын" деп атап, офиске оралса, Байден әкімшілігінің қаруды бақылау жөніндегі заңдарын жоятынын мәлімдеген.

"Мұндай қарулардың қолжетімді болуы, шабуылдаушылар жаппай үрей тудыратын зорлық-зомбылық жасауда AR үлгісіндегі қаруларды жиі пайдалануы... Меніңше, Байденнің командасы осындай тақырыптарды алдағы күндерде не апталарда жиі қозғамақ" дейді Спитцер.

Даллек қастандық әрекетінен кейін қаруды бақылау маңызды тақырыптардың бірі болады дегенге келіседі, бірақ бұл шешуші мәселе болмайды дейді ол. Оның сөзінше, америкалықтардың қару жөніндегі ұстанымы берік, бұл қастандық оған әсер ете қоймайды.

"Бастауыш мектеп оқушыларын қарумен өлтіру қаруды бақылау мәселесін түбегейлі өзгерте алмағанда, осы бір шабуыл не кез келген өзге шабуыл адамдардың көзқарасына ықпал етуі екіталай" дейді ол.

"Қаруды бақылау осы сайлаудың басты мәселесі болудан қалған. Қазір ол тақырып қайта күшеюі мүмкін, бірақ шешуші мәселеге айнала қоймайды. Олай болса, республикашылдар мен демократтардың бұл мәселе жөніндегі көзқарасы алшақтай түспек" дейді Даллек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG