Accessibility links

Трамп Байденді "ең нашар президент" деп атады


Дональд Трамп.
Дональд Трамп.

АҚШ президенттігіне кандидат Дональд Трамп Джо Байденнің президент сайлауы бәсекесінен шығатынына байланысты пікір білдірді. CNN сөйлескен Трамп Байденді "ел тарихындағы ең нашар президент" деп атады. Трамп сайлауға демократтар атынан президенттікке кандидат ретінде Камала Харрис түссе, оны жеңу оңай болады деді.

Байден 21 шілдеде X желісінде Демократиялық партия мен өз елінің мүддесі үшін биыл қарашада өтетін президент сайлауына түсуден бас тартқанын жазды. Ол енді президенттік мерзімім аяқталғанша "міндетімді атқаруға көп көңіл бөлемін" деді.

Байден демократтар атынан президенттікке кандидат ретінде өзінің вице-президенті Камала Харристі ұсынды. Егер ол жеңіске жетсе, Харрис АҚШ тарихындағы алғашқы әйел президент және шыққан тегі азиялық-америкалық бірінші президент болмақ.

Бұған дейін Демократиялық партияның көптеген саясаткері Байденді сайлаудан бас тартуға шақырған еді. Кейінгі айларда сауалнамаларға қатысқандардың басым бөлігі 81 жастағы президенттің тағы төрт жыл мерзімге сайлануға тым қартайып қалғанын айтқан. Маусымда ол Республикалық партиядан президенттікке кандидат 78 жастағы Дональд Трамппен бірге дебатқа қатысып, сәтсіздікке ұшыраған. Дебатта Байден кейбір ойын толық аяқтай алмай, кей тұста аузына сөз түспей, жауаптан жаңылған.

Осыдан соң президенттің рейтингі төмендей бастады, сауалнамалар қорытындысы негізгі штаттарда Трамп қолдаушылар басым болуы мүмкін деген болжам жасауға негіз болды. Демократтар Трампты жеңу үшін Байденді басқа кандидатпен ауыстыру мүмкіндігін талқылай бастады. Байден кейінгі апталарда сайлауға қатысамын деген, бірақ кейін шешімін өзгертті.

Джо Байден – 1968 жылы президент сайлауы бәсекесінен өз еркімен шыққан демократ Линдон Джонсоннан кейін қайта сайлауға түсуден бас тартқан бірінші президент. Джонсон төмен рейтингі мен денсаулығына байланысты екінші мерзімге сайлауға түсуден бас тартқан. Партия кандидат ретінде вице-президент Хьюберт Хамфриді таңдаған, бірақ ол сайлауда Ричард Никсоннан жеңілген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG