Accessibility links

Әшімбаев "Қаңтарға бұрынғы режимді қалпына келтіруге мүдделі күштер түрткі болғанын" меңзеді


Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев "Время" газетінде жарияланған мақаласында Қасым-Жомарт Тоқаев президенттігінің алғашқы жылдары жақтастарымен ескі биліктегі элитаның қарсылығын еңсеруге мәжбүр болғанын мәлімдеді.

Әшімбаевтың айтуынша, 2019 жылы наурызда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан президенті өкілетін тапсырғаннан кейін, сол кездегі сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келген.

"Билігі бар элита өкілдерінің көбі инерция бойынша бұрынғы шешім қабылдау орталығына жалтақтауды жалғастырды. Шын мәнінде, ол кезде қос билік болды", – дейді Әшімбаев.

Әшімбаевтың сөзінше, 2019 жылғы 9 маусымдағы кезектен тыс президент сайлауында (бірнеше қалада наразылық акциясы өткен, оған шыққан азаматтарды полиция жаппай ұстаған – Ред.) жұрт 30 жылда алғаш рет "белсенділігін жасанды емес, нақты түрде" көрсеткен. Ресми мәліметтерге сәйкес, Тоқаев сол кезде 70,96 пайыз дауыс жинаған.

"Жаңа президент әкімшілігі ескі элита өкілдерінің жасырын қарсылығын жеңуге мәжбүр болды" дейді сенат төрағасы.

Ол мақаласында 2019 жылы маусымда Арыстағы әскери қоймада болған жарылыс туралы жазған. Жарылыстан үйлердің 90 пайызға жуығы зақымданған, мыңдаған адам үй-жайын тастап көшуге мәжбүр болған еді.

Әшімбаев 2022 жылғы қанды Қаңтар оқиғасына да жеке тоқталған, дүрбелең кезінде Назарбаевтың жақын серіктерінің бірі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған Кәрім Мәсімов ұсталған, Тоқаев экс-президент Назарбаевта қалған соңғы лауазым — Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметін өзіне алған. Кейін Мәсімов 18 жылға сотталды.

Сенат төрағасы 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы "жоқ жерден пайда болды" дей келе, оған "бұрынғы режимді қалпына келтіруге мүдделі күштер түрткі болды" деп жазды.

Сенат төрағасы "мемлекет құру кезінде, нарықтық реформалар сәтті құрылып, мұнай қымбат болып тұрған сәтте мәселелерге назар аударылмай я жасырылғанын" айтады.

"Пандемия, саботаж және реформаға қарсылардың әрекеті кейінгі жылдарда жиналған мәселелерді ушықтырып, кедейленген халықтың тыныштығын бұзып, ашуын көтеріп жіберді" деп жазады ол мақаласында.

Бұған қоса ол "елдегі бейбіт митингілер мен наразылықтарды сахна сыртындағы кураторлар теріс жаққа бұрып, жаппай тәртіпсіздікке, өртеп-қиратуға, ашық тонауға, адам өлтіруге алып келді" дейді.

Сенат төрағасы мақаласында адамдардың есімі мен лауазымдарын нақты атамаған.

Ол қаңтардағы дүрбелең кезінде Тоқаевтың ескертусіз оқ атуға бұйрық бергені туралы тікелей айтпаған. Қаңтар кезінде 200-ден аса адам қаза болған.

Бірақ Әшімбаев мақаласында "елде астан-кестен болып жатқан кезде президентке ең қиын шешім қабылдауға және жауапкершіліктің бәрін өз мойнына алуға тура келді" деген.

"Тез арада тәртіп қалпына келді. Шындығына келгенде, мұндай жағдайларда құрбандар болады. Өкінішке қарай, адамдар қаза болды. Бірақ президент заң мен тәртіпті қамтамасыз етуде берік болмаса, құрбандар көп болар еді. Елді жоғалтып алар едік", – деген Әшімбаев.

Сенат төрағасы Қазақстан кейінгі бес жылда ел суперпрезиденттен "күшті парламенті, қоғам бақылауындағы үкіметі, өз бетінше өмір сүріп жатқан өңірлері, бәсекеге қабілетті бизнесі, белсенді азаматтық қоғамы мен шешім қабылдауға қатысатын халқы бар президенттік республикаға" дейінгі жолды еңсерді деп санайды.

Әшімбаев мақаласында Қаңтар оқиғасынан кейін сотталғандар мен азапталғандар туралы, акция алдында белсенділерді ұстап әкететіні туралы айтпаған.

Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстары мен оған жақын саясаткерлер мен кәсіпкерлер әртүрлі себеппен елдегі ықпалынан айырылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG