Accessibility links

"Психикалық ауруға шалдыққан" емшінің асырап алған балаларын қинағаны шетін мәселелерді көрсетті


Асырап алған алты баласын ұрды деп айыпталған емші Ұлықбек Сманов.
Асырап алған алты баласын ұрды деп айыпталған емші Ұлықбек Сманов.

Шымкент соты "асырап алған алты баласын қинады" деп айыпталған 53 жастағы емші Ұлықбек Смановты мәжбүрлі түрде емге жіберіп, қылмыстық жауаптан босатты. Балалар Шымкент, Алматы, Астана қаласындағы балалар үйіне қайтарылып, мемлекеттің қамқорлығына берілді. Осы шудан соң елде бала асырап алам деген отбасыларды, асыранды балалардың жағдайын тексеруді күшейту мәселесі айтылды.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ПЕН МӘЖБҮРЛІ ЕМГЕ ЖІБЕРУ

"Сманов балаларды түнгі уақытта жұмысқа жеккен. Балаларға мал бақтырады, балалардың қарны аш болады. Киімдері жыртық, лас. Түнде ұйықтағанда аяқ қолдарын байлап қояды. Себебі балалар жуынбағандықтан түнде қасынады. Балалардан қандай тамақ жейсіңдер деп сұрағанда, сарайдағы мысық-иттерді сойып береді деп айтты".

Шымкенттегі балалар құқығын қорғау бойынша уәкіл Жанетта Жазықбаева "Еуразия" телеарнасына емші Смановтың асырап алған алты баласына көрсеткендерін осылай баяндап берді.

Медиадағы осы шудан соң балалар дереу мемлекет қамқорлығына беріліп, Сманов Қылмыстық кодекстің "Қинау" және "Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау" баптары бойынша күдікке ілінді.

Ал 18 маусым Шымкенттегі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сот Алматы, Астана, Шымкент қаласынан "асырап алған алты баланы қинады" деп айыпталған Смановты мәжбүрлі түрде емдеуге жіберіп, оны қылмыстық жауаптан босатты. Сот Смановтың Талғар қаласындағы Алматы облыстық психикалық денсаулық орталығына жатқызылғанын хабарлады.

Ұлықбек Сманов пен әйелі Индира Сманова асырап алған алты баламен осы үйде тұрған. Шымкент, 25 маусым 2024 жыл.
Ұлықбек Сманов пен әйелі Индира Сманова асырап алған алты баламен осы үйде тұрған. Шымкент, 25 маусым 2024 жыл.

Сот-психиатриялық сараптама қорытындысы Смановтың 1995 жылдан бері созылмалы психикалық ауруға шалдыққанын анықтап, "параноидты шизофрения" диагнозын қойған. Оның психикалық аурумен ауыратынын сотта сенімді өкілі болған әпкесі де растаған.

Істі жабық қараған судья Болат Қарабаев Абай аудандық полиция қызметкерлері, Шымкенттегі №3 балалар үйінің басшысы, Шымкент, Алматы, Астана қалалық білім басқармасы басшыларына, бөлім басшылары мен мамандарына кеткен кемшіліктерге байланысты тиісті шара қолдану жөнінде жеке қаулы шығарды.

Судья Қарабаев сотқа Смановтың сенімді өкілі ретінде қатысқан оның әпкесі "бауыры бала кезден психикалық ауруға шалдыққанын" айтып, соттан оны мәжбүрлі түрде емдеуге жіберуді өтінгенін мәлімдеді. Мұны Азаттыққа Смановтың адвокаты Ибадулла Нұрманов та растады.

АЛТЫ БАЛА МЕМЛЕКЕТ ҚАМҚОРЛЫҒЫНА БЕРІЛДІ

Биыл ақпанда балалар құқығын қорғайтын арнайы топ Смановтың үйіне барып, ол асырап алған балалардың "адам төзгісіз ауыр жағдайда тұрып жатқанына куә болған". Олардың мұндай күйге тап болғанын асырап алған баланың бірі №3 балалар үйінің директорына хабарлаған. Ал полиция тағайындаған сот-сараптама балалар "жеңіл жарақат алған" деген қорытынды шығарған.

Шымкент қалалық білім басқармасы қамқоршылық және қорғаншылық бөлімінің бас маманы Жадыра Төгісбекованың Азаттыққа айтуынша, Ұлықбек Сманов асырап алған алты баланың үлкені – 16 жаста. Қалған бесеуі – 3-5 жас аралығында. Үлкен ұлы тұтығып сөйлейді, қалғанының дамуында тежелу бар, сөйлей алмайды. Бәрінің ата-анасы баласынан бас тартып, балалар үйіне тастап кеткен, ата-ана құқығынан айырылған.

Төгісбекованың сөзінше, үлкен ұл 12 жасында Смановтың отбасына келген. Бала өз еркімен сотта Сманов пен оның әйелін ата-ана деп тануды сұраған. Қалғанын egov.kz порталы арқылы өтініш беріп, балалар үйіндегі тастанды балаларды таңдап, олармен кездесіп, "Неке және отбасы" туралы заң талабына сай тиісті құжаттарды жинап, тапсырған. Білім басқармасы "2023 жылы қыркүйекте Бас прокуратураның "Азаматтық қызмет" жүйесінде және электронды үкімет порталында Смановтың сотты болмағаны және ешбір аурумен есепте тұрмайтыны көрсетілген" деп отыр.

Төгісбекова заң талабына сай, құжаттарын реттеп өткізген адамға "қалалық білім басқармасы бала асырап алуға қарсы шешім шығаруға құқығы жоқ" екенін айтады. Оның сөзінше, басқарма асырап алған балалардың жайын алты айда бір рет қана тексеруге құқылы және тексеруге баратыны жөнінде алдын ала хабар беруге міндетті.

Қазақстанда балаларды қамқорлыққа беру және асырап алу "Неке және отбасы" заңымен және Білім және ғылым министрлігінің 2020 жылдың 24 сәуірдегі "Отбасы және балалар саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы" № 158 бұйрығымен реттеледі. Бұл бұйрықта мемлекет жетім балаларды қамқорлығына алған отбасына ақшалай көмек көрсететіні жазылған. Бұйрыққа сай, білім басқармасы жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың жағдайын көру үшін асырап алушы отбасыға алты айда бір рет қана бара алады.

Ал 2024 жылдың ақпан айында Сманов пен оның әйелі асырап алған алты баланың үлкені өзі тәрбиеленген №3 балалар үйінің директорына хат жазып, алып кетуді сұраған. Білім басқармасы осы хабарлама негізінде балаларды алып кетуге шешім шығарған.

– Барсақ үлкен ұлы мен әкесі үйінде жоқ екен. Үй ауласында күттік. Ауладағы сарай ішінен балалардың дауысы шыққан соң ішке кірдік. Бес баланың үшеуі дәрет сындырып "горшокта" отырды. Бірін көтеріп едім, денесінің көгергенін байқадым. Бәрін тексере бастадық. Сөйлей алмайтын төрт баланың жағдайы ауыр еді, дене қызуы жоғары болды. 16 жастағы бала қалудан бас тартты. Смановтың қарсылығына қарамастан балаларды тартып алдық. Шындығында, ол кезде Смановтың соттылығын да, психикалық аурумен есепте тұрғанын да білген жоқпыз, – дейді бас маман Төгісбекова.

Балалардың екеуі кәмелет жасқа толмаған балаларды бейімдеу орталығына, төртеуі балалар үйіне орналастырылған. Төгісбекова әсіресе Сманов асырап алған 16 жастағы бала психологтың көмегіне аса мұқтаж екенін айтады.

– Асырап алған әкесі туралы сөз болса қобалжып, тұтығып, қолы дірілдей бастайды. Оған ұзақ мерзімді психологтың көмегі керек, – дейді ол.

КҮДІКТІНІҢ БҰРЫН СОТТАЛҒАНЫ ДА АНЫҚТАЛДЫ

Ұлықбек Сманов пен оның отбасы Шымкент іргесіндегі Көкбұлақ тұрғын алабында өмір сүреді. Өзі жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Дегенмен көрші-колаңы оны емші ретінде таниды. Айтуларынша, оның отбасы ешкіммен араласпайды, жеке-дара өмір сүреді.

– Бұл үйге ешкім кірмейтін, өздерінің қашан кіріп-шығатынын көрмейтін едік. Күйеуін полиция алып кеткеннен соң әйелі таңертең ерте үйінен шығып кетеді, кеш батқанда келеді, – дейді Смановтың көршісі оның үйін нұсқап. – Олардың бала асырап алғанын жақында білдік. Бұл – оның бесінші не алтыншы некесі. Әйелінің аяғы ауыр деді, сосын балалы болды деп естідік. Көп өтпей бесіктой жасады. Үлкен баласы келгенде "бірінші әйелінен туған баласы екен" деді. Алты бала асырап алғанын естігенде таң қалдық.

Азаттық тілшісі Смановтың әйелі Индира Сманованы үйіне іздеп барғанымен, үйінде болмады.

Ұлықбек Сманов үйі орналасқан көше. Шымкент, 25 маусым 2024 жыл.
Ұлықбек Сманов үйі орналасқан көше. Шымкент, 25 маусым 2024 жыл.

Шымкент қалалық білім басқармасының мәліметінше, Сманов пен оның әйелі бала асырауға өтініш берген кезде Абай аудандық полиция басқармасы екеуіне оң мінездеме берген.

Десе де биыл мамырда Шымкенттегі балалар құқығы жөніндегі уәкіл Жанетта Жазықбаева Сманов асырап алған "балаларды қараусыз қалдырып, ауласындағы сарайда аш ұстап, ұрып-соққан" деп мәлімдеген соң полиция қылмыстық іс қозғап, тексеріс жүргізген. Тексерісте Смановтың сотты болғаны анықталған.

– Смановтың үстінен іс қозғалғаннан кейін тергеушілер оның 1994 жылы абайсызда адам өлтіргенін, психикалық ауруына байланысты қылмыстық жауаптан босатылғанын анықтаған, – дейді Смановтың адвокаты болған Ибадулла Нұрманов.

Қорғаушы Нұрманов бала асырап алатын отбасына тексерісті күшейту керегін айтады.

– Астана, Алматы, Шымкент қаласының білім басқармасы бұрын сотты болған, психикалық аурумен есепте тұрған адамға асырап алуға бала берген. Құжаттарды тексерумен шектелген, үй-жайын көрмеген, көрші-қолаңымен сөйлеспеген. Мұның соңы қайғылы оқиғалармен аяқталуы мүмкін еді. Бұл оқиға қайталанбауы үшін асырап алатын адам мен оның отбасын тексеруді күшейту маңызды, – дейді ол.

Шымкент қалалық білім басқармасы балаларды Смановқа асырауға бергенде оның дерті мен бұрын сотты болғаны жөнінде базаларда ешбір дерек болмағанын алға тартады.

Балалардың жағдайы анықталып, олар аянышты хал-жағдайда екені бұқараға жария болғаннан кейін Бас прокуратураның "Ақпараттық қызмет" жүйесінде Смановтың 1994 жылы "Абайсызда адам өлтіру" бабымен күдікке ілініп, денсаулығындағы психикалық кінәратына байланысты қылмыстық жауаптан босатылғаны жөнінде дерек пайда болған. Психикалық ауруына байланысты мәлімет Сманов күдікке ілініп, тергеу басталғанда сот-психиатриялық сараптамасы қорытындысынан соң шыққан.

"ӘР АЙМАҚТА БІРНЕШЕ ОМБУДСМЕН БОЛУЫ КЕРЕК"

Әйелдер мен балалар құқығын жиі көтеріп жүрген "НеМолчи.kz" қорының жетекшісі Дина Смаилова тек Смановты ғана емес оның әйелін де жауапқа тарту керек деп санайды. Оның пікірінше, бала асырап алғанда олардың өміріне, қауіпсіздігіне ерлі-зайыптылар бірдей жауапты.

"Немолчи.kz" қорының жетекшісі Дина Смаилова.
"Немолчи.kz" қорының жетекшісі Дина Смаилова.

– Қазақстанда балалардың құқығы толық қорғалмаған. Балалар мемлекеттік қолдауынан тыс қалып жатыр. Бала өз құқығының бұзылғаны жөнінде өтініш жазуға құқығы жоқ. Өтінішті оның заңды өкілі жазады. Меніңше, бала құқығы туралы заңды қайта қарау керек, – дейді ол.

Қазақстандық құқық қорғаушы Әйгерім Құсайынқызы Шымкенттегі алты баланың оқиғасы Астана, Алматы, Шымкент қалалық білім басқармаларының қателігі деп санайды. Оның пікірінше, баланы асырауға я қамқоршылыққа бергенде баланың тұратын үйін ғана емес, олардың жағдайын егжей-тегжейлі тексеру керек. Оқиғаны Балалар құқығы туралы халықаралық конвенциямен түсіндірген заңгер "алты баланың барлық құқығы бұзылғанын" айтады.

– Қуандық Бишімбаевтың ісі (әйелі Салтанат Нүкенованы азаптап өлтірді деп 24 жылға сотталған экс-министр) Қазақстанда әйелдердің қаншалықты қорғалмағанын көрсетсе, бұл оқиға ата-анасыз, қамқоршысыз, асыраушысыз қалған балалардың қауіпке түсу ықтималдылығын көрсетті. Жетім балалардың санын азайту керек деген мақсатпен олардың тағдырына балта шабылып жатыр. Алты баланың өміріне, болашағына материалдық, моралдық тұрғыдан келтірілген нұқсанды есептеу мүмкін емес, – дейді құқық қорғаушы.

Құсайынқызы да бір отбасына асыранды болып барған баланың жағдайын қадағалауды күшейту керегін айтады.

– Меніңше, заңды қатайту мәселені шешпейді. Бақылау мен тексеруді реттеу керек. Бірақ білім басқармасының асырауға не қамқоршылыққа берген балаларды үнемі бақылап, қадағалауға ресурсы жетпейді. Әр аймақта бала омбудсмені біреу емес бірнеше болуы қажет. Оларға ақы төлеу, жұмысын мемлекеттік қызмет санатына жатқызу маңызды. Ал заңды қатайту адам құқығына, жүріп-тұруына, Конституциялық құқықтардың біреуіне қайшы келуі мүмкін, – дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG