Халықаралық қылмыстық сот (ХҚС) Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен қорғаныс министрі Йоав Галантты Газа секторындағы операция кезінде "әскери қылмыстар істеді" деген айыппен тұтқындауға ордер беру мәселесін қарауды кейінге қалдыруды ұйғарды. Бұл туралы The Jerusalem Post жазды.
Гаага соты 10 маусымда Ұлыбритания "соттың досы" құқығы бойынша ХҚС-ның Израильге қатысты юрисдикциясына байланысты ескертулер ұсынуға өтініш берген соң ордер беруді кейінге қалдырған.
Сот басқа елдерге 2024 жылғы 12 шілдеге дейін осындай өтініш беру құқығын берді, бірақ мұның ашық шақыру емес екенін айтты. The Jerusalem Post осыдан кейін тұтқындауға ордер беру процесі бірнеше айға созылуы мүмкін деп хабарлады.
Ұлыбритания ескертулерін ХҚС-ның алдын ала өндіріс палатасы мүшелері қарайды. Талқылау процесі жария түрде өтуі мүмкін, бірақ әдетте күдіктілерді ескертпес үшін тұтқындауға ордер беру процедуралары құпия қалатын.
Халықаралық қылмыстық сот прокуроры Кәрім Ханның Нетаньяху мен Галантты тұтқындауға ордер беруді талап еткені 20 мамырда белгілі болған. Прокурор палестиналық ХАМАС радикал тобының жетекшілерін де тұтқындауды сұраған. Сот Исмаил Ханияны, Мұхаммед Дейфті, Яхья Синварды тұтқындауға ордерлер беруді кейінге қалдыра ма, жоқ па, ол әзірге белгісіз.
Израиль мен АҚШ, сондай-ақ Израильдің басқа одақтастары Нетаньяху мен Галантқа қатысты ХҚС юрисдикциясына бірқатар себеп бойынша қарсы. АҚШ президенті Джо Байден ХҚС-ның Израильге араласуын "шектен тыс" деп атады.
Израиль де, АҚШ та Халықаралық қылмыстық сот юрисдикциясын мойындамайды.
ПІКІРЛЕР