28 маусымда Алматыдағы Жамбыл атындағы кітапханада журналист, саясаттанушы Рахат Мамырбек атындағы саяси журналистика байқауының қорытындысы жарияланды. Жиынға белгілі журналистер мен БАҚ өкілдері қатысты.
Ұйымдастырушылардың бірі Есей Жеңісұлының сөзінше, былтырғы жылмен салыстырғанда биыл байқаудың ауқымы кеңейген.
– Былтыр екі номинация бойынша отыздан аса мақала болса, биыл алпыс бес мақала, дүние түсіп отыр. Қателеспесем, соның 41-і – мақала, 21-і – видео. Қамту аймағы да өте кең болды. Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданынан бастап, Шығыс Қазақстан облысындағы бір аудандардан жіберді. Мектеп оқушыларына дейін қатысты, – дейді журналист Есей Жеңісұлы.
Байқауда "Үздік саяси мақала" номинациясы бойынша "Қамшы" порталының журналисі Меліс Сейдахметов бас жүлде алды. Ал "Үздік саяси видео" номинациясы бойынша бас жүлде "Қазақстан" арнасындағы "Апта" бағдарламасының тілшісі Амангелді Сейітханға берілді.
Меліс Сейдахметов биліктен тәуелсіз журналистикаға қысым күшейген тұста тілшілерді қолдайтын мұндай байқаулардың болуы өте маңызды деп санайды. Сөзінше, елде билік тағайындайтын сыйлықтарға балама байқаулар болуға тиіс.
– Өкінішке қарай, халықаралық ғылыми-зерттеу орталықтары Қазақстанда баспасөзге бақылау күшейіп бара жатқанын көрсетіп отыр. Осы ретте тәуелсіз, бейтарап, объективті ақпарат жазуға, таратуға тырысатын тілшілерді қолдау аса маңызды. Осының жарқын бір мысалы – бүгінгі байқау, – дейді Меліс Сейдахматов.
Саяси журналистика бойынша Рахат Мамырбек атындағы байқау журналистер күні қарсаңында екінші жыл қатарынан өтіп жатыр.
Рахат Мамырбек саяси әр жылдары "Қазақстан", "31-арна", "КТК" және "Алматы" телеарналарында жүргізуші, редактор болып қызмет істеді. "Қазақстан" телеарнасында "Күлтөбе" бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі болды. "Алматы" арнасында "Пікірлер пирамидасы" хабарын тізгіндеді. 2012 жылы Азаттық радиосының Қазақ редакциясына қызметке келді. Редактор және жүргізуші болып қызмет атқарды. "Еркін сөз" бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі болды.
Рахат Мамырбек Алматыда 2017 жылы 20 желтоқсанда 39 жасында қайтыс болды. 2018 жылы "Ұлт туралы арман" кітабы жарық көрді.
ПІКІРЛЕР