Accessibility links

Саяси журналистика бойынша Рахат Мамырбек атындағы байқау қорытындысы жарияланды


Жүлдегерлер марапатталып жатқан сәт. Алматы, 27 маусым 2023 жыл
Жүлдегерлер марапатталып жатқан сәт. Алматы, 27 маусым 2023 жыл

Бүгін, 27 маусымда Алматыдағы Жамбыл атындағы кітапханада саяси журналистика бойынша Рахат Мамырбек атындағы байқаудың қорытындысы шықты.

"Ең үздік мақала" аталымы бойынша жүлде "Қазақстанның бағын саяси демократия ғана ашады" деген мақаласы үшін Turaninform ақпараттық сараптама порталының бас редакторы Құрманғали Қалмаханға берілді.

"Ең үздік видео" аталымы бойынша жүлдені "Бес министр ауысты. Не өзгереді?" деген сараптамалық хабары үшін "Жетісу" телеарнасындағы "Безбен" бағдарламасының редактор-жүргізушісі Айбек Құттыбек алды. Жеңімпаздарға арнайы диплом және ақшалай сыйлық табысталды.

Байқау қорытындысына арналған жиынға белгілі журналистер, БАҚ өкілдері келді.

Байқауға демеушілік еткен Ғабиден Құлахмет атындағы қордың хабарына қарағанда, Рахат Мамырбек атындағы байқау бұқаралық ақпарат құралдарының кәсіби мерекесі қарсаңында жыл сайын өтеді.

Байқауға ұсынылатын материал шарттары биыл 1 мамырда жарияланып, 15 мамырдан 15 маусымға дейін қабылданған. Демократия институттары, адам құқығы мен бостандықтары, құқықтық мемлекет, саяси жүйенің дамуы, азаматтық қоғам, еркін сөз бен плюрализм, партиялар бәсекесі, билік тармақтарының легитимдігі және өзге де саяси-қоғамдық тақырыптағы видео және жазба материалдар қабылданатыны хабарланған.

Белгілі журналист Рахат Мамырбек 2017 жылы 20 желтоқсанда 39 жасында Алматыда өмірден озған еді. Өзі қайтыс болған соң, 2018 жылы "Ұлт туралы арман" кітабы жарық көрді. Кітапқа журналистің әр жылдары жазған мақалалары, сұхбаттары, ғылыми еңбегі мен Азаттық сайтында жарияланған блогтары енген. Оларда автордың Қазақстан мен әлем елдерінің даму үрдістері, мәдени құндылықтар мен қоғамдық-саяси оқиғалар туралы ой-толғамы берілген.

Рахат Мамырбек 2012 жылдан бері Азаттықтың Қазақ редакциясы Алматы бюросында редактор және жүргізуші болып қызмет атқарды. Ол Азаттықтағы "Еркін сөз" бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі болды.

Рахат Мамырбек ҚазҰПУ-ды саясаттанушы мамандығы бойынша бітірген. Азаттыққа келгенге дейін "Қазақстан", "31-арна", КТК және "Алматы" телеарналарында жүргізуші, редактор болған. "Қазақстан" телеарнасында "Күлтөбе" телехабарының авторы әрі модераторы ретінде халыққа кеңінен танылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG