Accessibility links

Мәжіліс төрағасы үкіметтен "шикі" күйінде түсетін заң жобаларына сын айтты


Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.

Қазақстан парламенті мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов сегізінші шақырылымның екінші сессиясын қорытындылаған кезде заң жобаларын дайындаудағы кемшіліктер мен депутаттық сауалдарға келетін "сырғытпа" жауаптар туралы айтты.

28 маусымда бірлескен отырысқа сенаттың 48 депутаты мен мәжілістің 96 депутаты қатысты. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов сегізінші шақырылымның екінші сессиясы аяқталғанын, парламентте демалыс басталғанын хабарлады.

Мәжілістің мәліметінше, екінші сессия барысында парламент 179 заң жобасын қарап, оның 102-сін қабылдаған.

Қазір парламент қоржынында 71 заң жобасы бар. Қошановтың айтуынша, депутаттар алда бірқатар заң жобасымен, соның ішінде дін мәселелері жөніндегі жобалармен жұмыс істеуі керек.

Мәжіліс төрағасы парламентке "шикі" күйінде түсетін заң жобалары барын айтып, депутаттар оны тағы да пысықтап, қайта жазуға мәжбүр болатынын мәлімдеді.

"Нормалар жеткілікті пысықталмайды, сапасы төмен. Ол туралы жылда айтамыз", – деді Қошанов. Ол мұның "айқын мысалы" деп Су кодексі және Құрылыс кодексі жобасын атады.

Қошановтың айтуынша, екінші сессияда парламент депутаттары жүздеген елді мекенге барып, екі мыңға жуық кездесу өткізген. Сессия барысында екі палатаның депутаттары үкіметке және басқа да мемлекеттік органдарға 700-ден аса сауал жолдаған.

Мәжіліс төрағасы "мемлекеттік органдардың депутат сауалына беретін жауабы депутаттардың көңілінен шыға бермейді" деп мәлімдеді. Ол бұл мәселеге үкімет назар аударуы керек деді.

"Сырғытпа, үстірт жауап беріледі, нақтылық жоқ. Оның артында қаншама азаматтың тағдыры, талап-тілегі мен мұң-мұқтажы тұрғанын түсінген жөн", – деді Қошанов.

Дәстүр бойынша, парламент кезекті сессия қорытындысын маусымның аяғында жасайды. Сессия аяқталғаннан кейін депутаттар қыркүйекке дейін демалысқа шығады. Сессия жабылғаннан кейін депутаттар халықпен кездесуге аймақтарды аралайды деп жатыр.

Маусымның басында Қазақстан парламенті "Масс-медиа туралы" заң жобасын мақұлдады. Бұл жоба сәуірде мәжілістен сенат қарауына берілген.

19 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев медиасарапшылар мен журналистер сынға алған "Масс-медиа туралы" заңға қол қойды. Баспасөз құқығын қорғаушылар заңдағы өзгерістер қабылданса, мемлекет БАҚ-қа бақылауын одан сайын күшейтуі мүмкін деп алаңдаған.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы "Масс-медиа туралы" жаңа заңдағы кей баптар сөз бостандығына қауіп төндіріп, БАҚ еркіндігін бұрынғыдан бетер шектейтінін мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG