Accessibility links

Қытай, Батыс пен Ресейдің "үлкен ойыны" Орталық Азияға қауіп төндіре ме? "Қаңтар шындығын ашпаған" кезекті сот


Орталық Азия елдері президенттері (солдан оңға қарай): Қасым-Жомарт Тоқаев (Қазақстан), Эмомали Рахмон (Тәжікстан), Садыр Жапаров (Қырғызстан), Сердар Бердімұхаммедов (Түркіменстан), Шавкат Мирзияев (Өзбекстан).
Орталық Азия елдері президенттері (солдан оңға қарай): Қасым-Жомарт Тоқаев (Қазақстан), Эмомали Рахмон (Тәжікстан), Садыр Жапаров (Қырғызстан), Сердар Бердімұхаммедов (Түркіменстан), Шавкат Мирзияев (Өзбекстан).

Батыс баспасөзі осы аптада сыртқы ойыншылардың аймақтағы сирек жер металдарына таласы Орталық Азияға қандай қауіп төндіретінін талдады. Сонымен қатар Қаңтар оқиғасына байланысты 11 адамға сот үкімі шыққанын, бірақ бұл шындықтың бетін ашпаған кезекті процесс болғанын жазды. Сондай-ақ басылымдар Оңтүстік Кореяның президенті аймаққа не үшін келіп кеткенін сараптады. Одан бөлек бір кезде қазақ даласын мекендеген керқұланның екі ғасырдан кейін елге қайта оралғанына тоқталды.

"ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ СИРЕК ЖЕР МЕТАЛДАРЫ ҮШІН ГЕОСАЯСИ ТАРТЫС"

Орталық Азия, Моңғолия мен Ауғанстанда әлемдегі сирек пайдалы қазбалардың ең ірі қоры бар, бірақ ол негізінен игерілмеген. Сарапшы Пол Гобл АҚШ-тағы Jamestown қорының сайтында аймақтағы сирек жер металдары үшін Қытай, Ресей мен Батыс арасындағы бәсекеге тоқталған.

Орталық Азия елдері сирек жер металдары секторын дамытуға мүдделі, сол арқылы олар мұнай мен газды сатудан түсетін табысқа балама кіріс көзін молайтқысы келеді немесе тіпті оның орнын басуды көздейді. Алайда аймақ елдері бұл ресурсты өз бетінше өндіре алмайды, сондықтан сыртқы елдердің ақшасына жүгінуге мәжбүр. Бұл Қытай, Ресей мен Батыстың бәсекесін тудырды.

Гоблдың жазуынша, бәсекенің асқынғаны соншалық, қайсыбіреулер мұны екі ғасыр бұрынғы Ресей мен Ұлыбитанияның Орталық Азиядағы ықпалға таласқан ойнына теліп, "21-ғасырдың үлкен ойыны" деп жүр. Бірақ айырмасы, бұл жолғы ойынға әртүрлі тараптар, тіпті Орталық Азияның өзі де қатысып жатыр.

"Қытай – Орталық Азия" саммитіне қатысушы елдердің басшылары. Қытай, 19 мамыр, 2023 жыл.
"Қытай – Орталық Азия" саммитіне қатысушы елдердің басшылары. Қытай, 19 мамыр, 2023 жыл.

Ресей ықпалының әлсіреуі және Батыстың негізінен мұнай мен газ секторына көбірек көңіл бөлуі Қытайға сирек жер элементтері секторындағы белсенділігін арттыруға жол ашты. Пекин Қырғызстан мен Тәжікстандағы сирек жер қазбалары кен орындарын бақылайды. Қытайдың бұл әрекеті Батысты осы секторға мойын бұруға мәжбүр етті.

Еуроодақ, Ұлыбритания мен Батыс серіктестері (мысалы, Оңтүстік Корея) осы мәселеге көбірек көңіл бөліп, дипоматиялық алыс-берісті күшейтіп жатыр, ал сарапшылар қауымы баяндамалар жариялай бастады. Батыстың жоғары лауазымды шенеуніктері мен дипломаттары аймаққа сапарлап, Орталық Азия басшыларын өз астаналарында қабылдап, сирек жер металдары өндірісін талқылап жүр.

Гоблдың пайымдауынша, Мәскеу аймақта Батыстың ықпалын тежеу үшін бір жағынан Қытайдың осы сектордағы белсенділігін құптайды. Алайда екінші жағынан Кремль нарыққа жаңа қатысушылардың кіруі сирек жер металдарының бағасын төмендетіп, Ресей экономикасын шығынға батырады деп қауіптенеді. Ресей әзірге өз жерінде және аймақта мұнай мен газ игеруге назар аударып отыр, ол Батыстың сирек жер металдарына қызығушылығын Мәскеуге қарсы бағытталған "неоколониализм" деп санайды. Бұл Кремль Пекиннің осы бағыттағы ұмтылысына риза емес деген сөз. Кремль бір жағынан Орталық Азиядағы сирек жер металдары секторының өсімін тежеп, екінші жағынан Қытайдың қитығына тимейтін сигнал жолдап жатыр.

Аймақта энергетика ресурстары үшін талас Орталық Азия елдерінің үкіметтеріне бір сыртқы күшті екіншісіне қарсы қойып, ойын жүргізуге мүмкіндік береді, бірақ бұл белгілі бір дәрежеде қауіп төндіреді. Гоблдың ойынша, Мәскеу мен Пекин өз ықпалының ары қарай әлсірегенін байқаса, ішкі істерге агрессивті түрде араласуы ықтимал.

Бірақ негізгі қауіп аймақтың, тіпті елдің өз ішінен шығуы мүмкін. Сирек металдар барлық елде бірдей көлемде өндірілмейді. Осылайша аймақта мұнай-газ саласындағы көшбасшылар мен аутсайдерлерден мүлде басқа жеңімпаздар мен жеңіліс тапқандар пайда болуы мүмкін. Сирек элементтер секторының өсімі орталық үкімет, аймақ және элита ішіндегі күштер балансына әсер етеді. Бұл тұрақсыздыққа әкеліп, үкімет қиындыққа тап болуы ықтимал. Мұндай қауіп туындаса, оның арты пайдадан әлдеқайда асып түсетін шығынға ұласады.

11 АДАМҒА ҮКІМ:"ҚАҢТАРДАҒЫ ОҚИҒАЛАР ТІЗБЕГІН АШПАҒАН СОТ"

Eurasianet басылымы Қазақстан 2022 жылдың басындағы Қаңтар оқиғасына қатысушыларды соттауды жалғастырып жатқанын жазды.

11 маусым күні Алматы қаласы Наурызбай ауданының соты "қала әкімдігі мен президент резиденциясына шабуыл жасады" деген айып тағылған 11 адамға үкім шығарды. Айыпталушылардың бірі Ақжол Жандарбеков "жаппай тәртіпсіздікке қатысты", "ғимаратқа басып кірді", "билік өкіліне күш қолданды", "әскери қызметкерді кепілге алды" деген айып бойынша 4 жыл түрме жазасына кесілді. "Ғимаратқа шабуыл жасады", "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деп айыпталған қалған он адамның әрқайсысы 1 жыл 9 айға сотталды.

Алматыда тағы 11 қаңтаршы сотталды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:19 0:00

Мақала авторы Алмаз Куменов айыпталғандардың кейбірі өзіне тағылған кінәні мойындамағанын, көпшілігі қамауда азапталғанын мәлімдегенін келтіреді.

"Құқық қорғаушылар Қаңтарға байланысты осы және оған дейінгі сот процестері айыпталушыларды қорғайтын дәлелдерді елемей, жанама дәлелдерге сүйенді дейді". Сотталушылардың бірін қорғаған адвокат Қанат Бейсебаев айып тағылғандардың көпшілігі оқиғаға қатысушы емес, куәгер екенін айтты. "Барлық сот үкімі факті, заң мен әділетке негізделуі керек, бірақ іс жүзінде олай болмай тұр", – дейді ол.

Басылым Қаңтар оқиғасына байланысты 1400 адам сотталды деп жазды. Көптеген сот процесі жабық өтті. "Осылайша бұл сот оқиғалар тізбегі наразылыққа шыққандар мен күштік құрылымдар арасындағы текетіреске қалай ұласқанын ашқан жоқ".

ОҢТҮСТІК КОРЕЯ ПРЕЗИДЕНТІ АЙМАҚҚА НЕ ҮШІН КЕЛІП КЕТТІ?

АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы Оңтүстік Корея президенті Юн Сук Ёль аймақтағы үш елге не үшін келіп кеткенін талдады.

Юн Сук Ёль осы аптада Түркіменстан, Қазақстан мен Өзбекстанға сапарлады. Мақала авторы Кэтрин Путц сапар алдында The Korea Herald басылымында шыққан президент жанындағы ұлттық қауіпсіздік басқармасы директорының бірінші орынбасары Ким Тэ Хёнің мәлімдемесіне назар аударған. Ким Тэ Хё онда Оңтүстік Корея өзінің техникалық тәжірибесін Орталық Азияның экономикалық даму әлеуетімен біріктіруге тырысатынын, серіктестік "сенім" мен "ынтымақтастыққа" сүенетінін жеткізген. Энергетика, технология мен өндіріс – сапардың басты тақырыбы. Сонымен қатар Оңтүстік Корея Орталық Азиямен сратегиялық серіктестікке бағытталған "K-Silk Road" бастамасын ілгерілетіп жатыр.

Бұдан бөлек Сеул 2025 жылы Орталық Азиядағымен бес елмен С5+1 форматында Оңтүстік Кореяда саммит өткізу жоспарын жария етті. Автор Сеул өзге державалар аймақ елдерімен өткізген, әбден жауыр болған топтық саммит форматын таңдағанына назар аударады. Бірақ сыртқы державалар аймақтың бүкіл басшысымен бір мезетте кездесу арқылы уақыт пен ресурс үнемдейді әрі аймақтағы серіктестікті ынталандырады.

Оңтүстік Корея президенті Юн Сук Ёль (сол жақта) мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, 12 маусым, 2024 жыл.
Оңтүстік Корея президенті Юн Сук Ёль (сол жақта) мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, 12 маусым, 2024 жыл.

Ал Жапонияда шығатын Nikkei Asia басылымы Юн Сук Ёль бұл сапарда сирек жер металдары мен минералдарға қол жеткізуге ұмтылғанын жазды. Кореядағы жетекші компаниялар сирек жер металдарынан жартылай өткізгіш пен батареялар өндіреді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуден кейін екі ел литийді барлау, коммерацияландыру мен жеткізу тізбегі сияқты салалар бойынша 35 келісімшартқа қол қойғаны хабарланды.

Мақала авторы Стивен Боровец президент Юн Орталық Азияда да екі тарапқа да тиімді тақырыптарды көтерді дейді. Тонсо университетінің халықаралық қатынастар жөніндегі профессоры Шон О'Мэлли Оңтүстік Корея мен Орталық Азия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың кеңеюі нәтижесінде екі тарапқа да тиімді келісімшарт жасалуы мүмкін дейді.

"Оңтүстік Кореяда Орталық Азияның дамуына септесетін және инвестиция құятын технологиялық және инфрақұрылымдық компаниялар бар. Ондай дипломатияның арқасында осы компаниялар өздеріне қажет пайдалы қазбаларға қол жеткізе алады", – дейді О'Мэлли.

Хандонг ғаламдық университетінің профессоры Ким Джун Хен "Орталық Азияға сапар айтарлықтай нәтижеге әкелген жоқ, Оңтүстік Корея ұзақ мерзімді келісімшарт жасасу үшін ары қарай дипломатияны тереңдетіп, жұмыс істеуі керек" дейді.

"ҚАЗАҚ ЖЕРІНЕ ҚАЙТА ОРАЛҒАН КЕРҚҰЛАН"

Ұлыбританиядағы Guardian басылымы Берлин мен Праганың хайуанаттар бағынан жеті керқұлан Қазақстанға жеткізілгенін жазды.

Керқұлан (Пржевальский жылқысы). Моңғолия. 11 маусым, 2011 жыл.
Керқұлан (Пржевальский жылқысы). Моңғолия. 11 маусым, 2011 жыл.

Бір кездері Орталық Азияны мекендеген керқұлан жойылып кеткен, бірақ Еуропаның хайуанаттар бағында популяциясы сақталып қалған. Жануарлар Чехияда контейнерге тиеліп, Германия арқылы екі ғасыр бұрын өздері мекендеген Қазақстанға қайта оралды. Жеті керқұлан Қостанай облысы Алтын дала табиғи резерватында жайылады.

Прага хайуанаттар бағының өкілі Филип Машек бұл әлемде қалған жалғыз жабайы жылқы дейді. Оның айтуынша, керқұланның өз мекеніне оралуы аймақтағы биоалуандықты арттыруға септігін тигізеді. Олар өсімдікті қазғанда судың жерге сіңуіне көмектеседі, өсімдіктердің көбеюіне әсер етеді.

Машек алдағы бес жылда Қазақстанға жиынтығы 40 бас керқұлан тасымалдау жоспарланып жатқанын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG