Accessibility links

Бектенов тасқыннан кейін 3155 отбасы жаңа баспана алғанын айтты


Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов парламент палаталарының бірлескен отырысында отыр. Астана, 21 маусым, 2024 жыл.
Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов парламент палаталарының бірлескен отырысында отыр. Астана, 21 маусым, 2024 жыл.

Қазақстанда көктемдегі тасқыннан зардап шеккен 33 141 отбасы 100 АЕК (369 200 теңге) көлемінде бір реттік өтемақы алды, оған бюджеттен 12 млрд теңгеден аса қаржы бөлінді. 21 маусымда сенат пен мәжілістің бірлескен жиынында премьер-министр Олжас Бектенов осылай деп мәлімдеді.

Оның сөзінше, зардап шеккен 3155 отбасы жаңа баспана алған, қазір су басқан өңірлерде 2049 үй салынып жатыр. Тасқыннан бүлінген үйлерді қалпына келтіруге және салуға 251 млрд теңге бөлінді деді премьер-министр.

Ол "күн суытқанға дейін азаматтардың бәрі жаңа үйге көшіп, инфрақұрылым нысандары да қалпына келеді" деді.

Бектеновтің айтуынша, су кірген 18 мыңға жуық үйге тексеру жүргізіліп, 15 мыңнан аса үйді бағалау аяқталған. Премьер үйлердің жартысына жуығы жөндеуді және қалпына келтіруді қажет етеді дейді. Соған байланысты 5823 отбасы өтемақы алған, ал оған 38,6 млрд теңге бөлінген. Бектеновтің сөзінше, комиссия 8 мыңнан астам үйді апатты жағдайда деп таныған.

"120 мыңнан аса адам эвакуацияланды. Олардың 67 570-і үйіне оралды. Қазір эвакуация орталығында 3952 адам бар. 12 мың үй және 26 мың саяжай учаскесі су астында қалды. 98 үйді әлі су басып тұр" деді Бектенов.

Премьер тасқын кезінде республикалық және жергілікті жолдардағы 290 учаскеде көлік қатынасы үзілді дейді. Айтуынша, Атырау облысындағы бір учаскені қоспағанда, қалған учаскелердің бәрінде қозғалыс қалпына келген, ал Атыраудағы жол су қайтқан соң ашылады.

"39 білім беру нысанын су басты. Оның 11-і күрделі жөндеуді қажет етеді, 9 білім беру нысаны пайдалануға мүлде жарамсыз, оларды жаңадан салады. Тексеру әлі жүріп жатыр" деді Бектенов.

Ол зардап шеккендерге көмектесуге "ірі бизнес өкілдері елеулі қолдау көрсетті, бюджет ресурстары да тартылды" деді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін тасқын салдарын жоюға көмектескендерді марапаттағанда "қалыс қалған кәсіпкерлер де" барын айтқан.

19 мыңнан астам үйді су алған көктемдегі тасқын кезінде Қазақстанның 10 аймағында төтенше жағдай жарияланып, ондаған мың адам мекен-жайын тастап кетуге мәжбүр болған.

Атырау облысы Құлсары қаласының тұрғындары тасқыннан кейін үкіметтен бүлінген үйінің әр шаршы метрін 400 мың теңгеден есептеуді және ақшаны қолға беруді сұрап, әкімдік алдына жиналған. Бір аптаға созылған наразылықтан соң тұрғындар үйіне тарады, олардың әр шаршы метрге 400 мың теңге төленсін деген талабы орындамалмады, әкімдік үйлердің шаршы метрі 200-240 мың теңгеден бағаланады деп, ақшаны тұрғындардың шотына аударған.

Ақтөбе облысында да тасқыннан зардап шеккен тұрғындар жаңа үй құрылысына жұмсалатын қаржыны қолға беруді талап еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG