Accessibility links

Марат Жыланбаевқа омбудсменнің облыстағы өкілі барды


Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақмола облысы бойынша өкілі Абылай Мұханжаров.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақмола облысы бойынша өкілі Абылай Мұханжаров.

19 маусымда Ақмола облысы Степногорск қаласындағы №4 мекемеге барған Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақмола облысы бойынша өкілі Абылай Мұханжаров Азаттыққа белсенді және марафоншы Марат Жыланбаевпен жолыққанын хабарлады. Биыл қаңтарда Жыланбаевты осы түрмеге ауыстырған.

Мұханжаровтың айтуынша, шамамен екі сағатқа созылған кездесу 19 маусымда түстен кейін болған. Омбудсмен өкілі Жыланбаевтың түрме қызметкерлерінен қысым көргені туралы мәлімдемесін жоққа шығарды.

– Қамауда ұстау шарттары бойынша шағымдары жоқ. Кір жууға, тамақтануға байланысты талаптар қойды, қазір бәрін қалпына келтірді. Спортпен шұғылдануға жағдай жасалған. Осы тұста оның құқығы бұзылып отыр ма, жоқ па, соған баса назар аудардым. Бұл жағынан бәрі жақсы. Тіпті оған микротолқынды пеш, кір жуатын машина берілген. Оның бәрі жұмыс істеп тұрғанына және бұл заттарды өзі де қолданып отырғанына көз жеткіздім, – деді омбудсмен өкілі.

Мұханжаровтың айтуынша, Степногорсктегі түрмеге бару бұған дейін жоспарда болған және ол Жыланбаевпен жолығу үшін ғана бармаған.

Апта басында әлеуметтік желілерде Марат Жыланбаевтың №4 мекеменің қызметкерлерінен өзіне қауіп төніп тұрғанын айтып, елдің адам құқығы жөніндегі уәкілі Артур Ластаевты Степногорск қаласындағы түрмеге шақырған жазбаша мәлімдемесі тарады.

Абылай Мұханжаров "Жыланбаевтың жанына аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарды отырғызды ма?" деген сұраққа да жауап берді.

- Кісі өлтіргендер мен рецидивистер жоқ. Мен одан [бұл туралы] тікелей сұрадым. Ол "бұл бойынша ештеңе айтпаймын" деді. "Біреуге қатысты немесе нақты адамдар бар ма?" дедім, ол "нақты айтатын адамдарым жоқ" деді. Ол меңзеген адамдар бойынша сұрақ шешілді. Бұл енді қауесет, ойдан шығарылған сөз болып қалды, – деді Мұханжаров.

Дүйсенбі, 17 маусымда Марат Жыланбаевтың адвокаты Мейіржан Досқараев Степногорск қаласына барып, онымен кездескен. Адвокаттың айтуынша, Марат Жыланбаев отырған жерге аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандарды орналастырған. Адвокаттың хабарлауынша, Жыланбаев мекеме әкімшілігі сотталған басқа адамдарды өзіне "қарсы қойып жатқанын" айтқан.

19 маусымда Азаттық тілшісі Ақмола облысы Степногорск қаласындағы №4 мекемеге барып, Жыланбаевтан оның жағдайы туралы сұрамақ болған, бірақ кездесуге рұқсат бермеді. Түрме әкімшілігі оның жақын адамдарымен аз ғана уақытқа кездесуі жоспарланған деп мәлімдеді.

Мекеме басшының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Алмас Мүслімов түрме әкімшілігінің қысымы туралы ақпаратты жоққа шығады. Мүслімов Азаттық тілшісіне "түрме әкімшілігінде Жыланбаевты бөлетін мүмкіндік жоқ" деп айтты. Оның сөзінше, колония жүздеген тұтқынға арналған, олардың арасында "кісі өлтіру" сияқты баптар бойынша сотталғандар өте көп, бір баракта 20-30 адам бар. Ол "Жыланбаев басқа да адамдар сияқты сотталушы" деді.

  • 2023 жылы қарашада сот тіркелмеген "Алға, Қазақстан!" партиясының жетекшісі Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша 7 жыл түрмеге кескен.
  • Қазақстан билігі Жыланбаевтың шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, ҚДТ қозғалысының лидері Мұхтар Әблязовпен байланысы бар деп санайды. Астана Әблязов құрған ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент ҚДТ қозғалысын "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды.
  • Жыланбаев үкімге наразылық ретінде түрмеде бірнеше рет аштық жариялаған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін белсендіні босатуға үндеп келеді.
  • Қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.
  • 5 маусымда Қазақстан Жоғарғы соты былтыр күзде жеті жылға бостандығынан айырылған марафоншы, оппозициялық белсенді Марат Жыланбаевтың өзін ақтап, босатуды сұраған кассациялық арызын қараудан бас тартты. Сот алқасы "оған негіз жоқ" деп тапқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG