Accessibility links

Тасқын салдарын жоюға көмектескендерді марапаттаған Тоқаев "ешкімді мәжбүрлеген жоқпыз" деді


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

19 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада су тасқынына қарсы шараларға атсалысқан құтқарушыларды, еріктілер мен қоғам белсенділерін, әскери қызметшілер мен дәрігерлерді, қарапайым жұмысшыларды, кәсіпкерлер мен ірі бизнес өкілдерін марапаттады.

Марапатталғандар арасында Forte Bank пен Burger King франшизасының Қазақстандағы иесі Болат Өтемұратов, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаев, BI Group директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев, Freedom Holding брокерлік компаниясының басшысы Тимур Турлов, Astana Group иесі Нұрлан Смағұлов бар.

Тоқаев тасқын кезінде Forbes тізіміндегі кәсіпкерлерді су басқан аймақтарға көмектесуге шақырған. Қазақстан президенті бұған "ешкімді мәжбүрлеген жоқпыз" деп айтты.

"Тасқын зардабын жоюға бірқатар кәсіпкеріміз қомақты қаражат бөлді. Олар әрдайым туған елімен бірге екенін нақты іспен дәлелдеді. Ұлт мүддесіне сай жауапкершілігі мол кәсіпкерлік дегеніміз – осы. Әрине, қалыс қалған кәсіпкерлер де аз емес, олардың кім екенін де жақсы білеміз. Біз ешкімді мәжбүрлеген жоқпыз. Әркім өз таңдауын жасады" деген Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент биылғы тасқынды "бұрын-соңды болмаған ең жойқын табиғи апат" деп атады. Ол баспанасыз қалған адамдарға "Қазақстан халқына" қоры үй салуға қаражат бөлгенін айтып, жалпы 2200-ден астам үй салынады, 10 мыңға жуық баспана күрделі жөндеуден өтеді деп мәлімдеді.

Тоқаев апат кезінде көмек көрсеткен өзге елдерге, халықаралық компаниялар мен ұйымдарға алғыс айтты.

Атырау облысы Құлсары қаласының тұрғындары тасқыннан кейін үкіметтен зардап шеккен үйінің әр шаршы метрін 400 мың теңгеден есептеуді және ақшаны қолға беруді сұрап, әкімдік алдына жиналған. Бір аптаға созылған наразылықтан соң тұрғындар үйіне тарады, олардың әр шаршы метрге 400 мың теңге төленсін деген талабы орындамалмады, әкімдік үйлердің шаршы метрі 200-240 мың теңгеден бағаланады деп, ақшаны тұрғындардың шотына аударған.

19 мыңнан астам үйді су алған көктемдегі тасқын кезінде Қазақстанның 10 аймағында төтенше жағдай жарияланып, ондаған мың адам мекен-жайын тастап кетуге мәжбүр болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG