Accessibility links

Бұрынғы әйелінің "денсаулығына зиян келтірген" экс-әкімнің бостандығы шектелді


Ринат Ибрагимов, Мақат ауданының бұрынғы әкімі.
Ринат Ибрагимов, Мақат ауданының бұрынғы әкімі.

19 маусымда Атырау қаласының №2 соты Атырау облысы Мақат ауданының экс-әкімін бұрынғы әйелінің "денсаулығына орташа деңгейде қасақана зиян келтіргені" үшін айыпты деп таныды. Бұл туралы Жоғарғы соттың телеграм-арнасы хабарлады.

Сот Ринат Ибрагимовтің бостандығын 2 жылға шектеді. Ақпаратқа қарағанда, сот жаза түрін таңдағанда оның бұрын сотты болмағанын, оң мінездеме берілгенін ескерген.

"Жәбірленушінің 20 млн теңге моральдық шығын өндіру туралы талабы ішінара қанағаттандырылды, Ибрагимов жәбірленушіге 2 млн теңге моральдық өтемақы төлейді" деп хабарлады сот органы. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Сот ақпаратына сәйкес, 2023 жылғы 31 мамырда Атырау қаласындағы пәтерлердің бірінде Ринат Ибрагимов пен оның бұрынғы әйелі Ақмарал Үмбетқалиева жанжалдасып қалған. Ибрагимов жәбірленушінің өзіне материалдық жағынан тәуелді екенін пайдаланып, соны сылтауратып жанжал шығарған деп хабарлады сот.

Сот мәліметінше, Ибрагимов Үмбетқалиеваны еденге құлатып, сол жақ санынан бірнеше рет тепкен, салдарынан жәбірленушінің 5-омыртқасы сынып, орта дәрежелі зақым алған.

"Сотталушының кінәсін жәбірленушінің дәлелдері, сараптама қорытындысы және басқа да айғақтар дәлелдеді" деп хабарлады Жоғарғы сот телеграм-арнасы.

Мамырдың ортасында Ақмарал Үмбетқалиева желіде видео жариялап, жылдар бойы Ибрагимовтен қорлық көргенін айтып, көмек сұраған. Ибрагимов оның сөзін "жала" деп атап, ақпарат бойынша "БАҚ өкілдерін асығыс қорытынды жасамауға" шақырған.

Үмбетқалиеваның видеосынан кейін Атырау облысы әкімдігі қызметтік тексеріс бастаған. 5 маусымда жергілікті ақпарат құралдары Ринат Ибрагимов Мақат ауданының әкімі қызметінен "өз еркімен" кетті деп хабарлады.

Ринат Ибрагимов еңбек жолын "Атырау облысы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі" мемлекеттік мекемесінде дзюдо күресінен жаттықтырушы-мұғалім қызметінен бастаған. Ол Пекин (2008 жылы) және Лондон (2012 жылы) олимпиадаларына қатысқан.

Қазақстанда қазіргі және бұрынғы шенеуніктердің әйелдері отбасында қорлық көріп, зорлық-зомбылыққа ұшырайтынын жиі айта бастады. Мұндай мәлімдемелер әйелін қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың соты мен ел президенті тұрмыстағы зорлық-зомбылықты қылмысқа теңестіретін жаңа заңға қол қойғаннан кейін жасалып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG