Accessibility links

Атырауда шенеуніктің бұрынғы әйелінің шағымынан кейін қызметтік тексеріс басталды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Атырау облысы Мақат ауданы әкімінің бұрынғы әйелі Ақмарал Үмбетқалиева жылдар бойы шенеуніктен қорлық көргенін айтып, көмек сұрады. Шенеуніктің өзі әйелінің айтқанын "жала" деп атады. Жергілікті әкімдік қызметтік тексеріс басталғанын хабарлады.

16 мамырда Ақмарал Үмбетқалиева әлеуметтік желідегі парақшасында видеомәлімдеме жариялап, бұрынғы күйеуі, қазіргі Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимовтің 11 жыл бойы өзін жүйелі түрде ұрып-соққанын, балаларын заңсыз тартып алғанын айтып көмек сұрады. Сондай күш көрсету оқиғаларының біріне тоқталған әйелдің сөзінше, былтыр 31 мамырда Ибрагимов оның құйымшағын сындырған. Соның салдарынан әйел шамамен бір ай бойы жүре алмаған.

Оның айтуынша, сол кездегі күйеуі Ринат Ибрагимовтің үстінен қылмыстық іс қозғалғанмен ол ұсталмаған, қамауға алынбаған.

"Ринат Ибрагимов өзінің жағдайы мен байланыстарын пайдаланып, балаларымды заңсыз тартып алды. Бір жыл бойы балаларымды көрген жоқпын, мен олармен кездесуге тырысқанмен "олар сені көргісі келмейді, сөйлескісі келмейді" деген бір ғана жауап естіп келемін. Менің ойымша, бұл мені арызымды қайтаруға мәжбүрлеу үшін жасалып отырған балаларға қатысты манипуляция" деді Үмбетқалиева.

Әйелдің видеомәлімдемесі әлеуметтік желіде тарағаннан кейін Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі әкімге іс қозғалғанын растады. Бұл жөнінде ҚазТАГ жазды. Іс материалдары биыл ақпанда сотқа берілген. Шенеунікке "Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Ал Атырау облыс әкімдігі қызметтік тексеріс басталғанын хабарлады.

17 мамырда күндіз Tengrinews агенттігі Ринат Ибрагимовтің де мәлімдемесін жариялады. Онда шенеунік "қазір сот процесі жүріп жатқандықтан күш қолданғаны туралы ақпаратқа қатысты БАҚ өкілдерін асығыс қорытынды жасамауға" шақырған. Ол әйелінің сөзін "жала" деп атады.

"Бұрынғы әйелімнің маған жапқан жаласы ақпарат құралдарында таралып жатыр. Жеке өміріме түсініктеме беруден пайда жоқ деп санаймын. Ал бұрынғы әйеліме шын жүрегіммен ақылға келуін тілеймін" деді ол.

Оның сөзінше, қазір өзімен бірге тұрып жатқан екі қызы әкесімен тұруды өздері қалаған және ол бойынша "сот шешімі де бар".

Қазақстанда қазіргі және бұрынғы шенеуніктердің әйелдері отбасында қорлық көріп, зорлық-зомбылыққа ұшырайтынын жиі айта бастады. Мұндай мәлімдемелер әйелін қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың соты мен ел президенті тұрмыстағы зорлық-зомбылықты қылмысқа теңестіретін жаңа заңға қол қойғаннан кейін жасалып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG