Accessibility links

Дэвид О’Салливан: Қазақстанға Еуропадан санкция салынған тауар тасымалдау ұлғайған


Еуропа одағының санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Дэвид О’Салливан баспасөз брифингінде. Астана, 18 маусым, 2024 жыл.
Еуропа одағының санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Дэвид О’Салливан баспасөз брифингінде. Астана, 18 маусым, 2024 жыл.

18 маусымда Астанаға келген Еуропа одағының санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Дэвид О’Салливан баспасөз жиынын өткізіп, Қазақстаннан Ресейге реэкспорт жасалып жатқан тауарлар биыл қайта көбейе бастағанына алаңдап, жалпы Қазақстан тарапының санкция талаптарын сақтаудағы әрекеті көңілінен шыққанын айтты.

Дэвид О’Салливан "сапардың мақсаты – Қазақстанмен бұған дейін қол жеткізілген санкция төңірегіндегі келісімдерді бекіте түсу" деді. Ол сейсенбіде Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Серік Жұмағаринмен кездескен.

О’Салливан санкция салынатын жаңа тізімдер дайындалып жатқанын, бірақ оны қазір ашып айта алмайтынын айтты. Ол санкция болған жерде оны айналып өтуге немесе жаңа компаниялар құру арқылы құтылып кетуге талпыныстар болады, бірақ мұндай әрекеттердің бәрі бақылауымызда деді ол.

"Бұл – Қазақстанға осымен үшінші сапарым. Еуропадан Қазақстанға тасымалданған санкция салынған тауарлар үлесі биыл айтарлықтай өскенін байқап отырмыз. Бұл тауарлар Қазақстаннан Ресейге тасымалдануы мүмкін деп алаңдаймыз. Осы жерде айта кетейін, Ресейге қарсы санкцияларға қосылмаған Қазақстанның шешіміне құрметпен қараймыз. Қазақстанға қосылыңыздар деп қолқа салған емеспіз. Ел билігінен тек санкцияны айналып өтуге жол бермеуді сұраймыз. Қазақстан санкцияны айналып өтетін алаңға айналып кетпесе дейміз. Қазақстан билігінің соғыста қолданылатын тауарлар Ресейге жіберілмейді деп кепілдік беріп отырғанына ризамыз", – деді Еуропа одағының санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Дэвид О’Салливан.

Биыл маусым айының басында Еуропа комиссиясы "Қазақстан Ресейге соғыста керек жабдықтар тасымалын арттырса, оның салдарын тартуы мүмкін" деп ескерткен. Екінші деңгейлі санкция салынбаса да, сауда ережесін бұзғандарға Еуропамен сауда-саттық жасауға тыйым салатынын айтқан.

Ашық дереккөздегі ақпаратқа қарағанда, осыған дейін қазақстандық алты компания АҚШ пен Еуроодақтың екінші деңгейлі санкциясына ілінген. Олар Мәскеуге сатуға тыйым салынған тауарларды Еуропадан әуелі Қазақстанға алдыртып, кейін Ресейге жөнелтіп отырған деп айыпталған.

12 маусымда Вашингтон Мәскеуге Ақ үй енгізген шектеулерді айналып өтуге көмектескен Ресейдегі және басқа елдердегі 300 жеке тұлға мен компанияға санкция салды. Олардың арасында 2022 жылғы 13 мамырда Қазақстанның Петропавл қаласында тіркелген "КБР-Технология" фирмасы бар. 2024 жылы ақпанда журналистер осы компанияның жұмысы туралы зерттеу жариялаған. Зерттеуде "КБР-Технология" фирмасы ресейлік "ОСТЕК" компаниялар тобына санкцияға іліккен тауарларды жеткізуге қатысқаны айтылған.

13 маусымда Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин үкімет экспорт пен импорт саласында тыйым салынған тауарларға "қатаң мониторинг" жүргізіп жатыр деп айтқан. Ол "алда мұндай жағдайлар қайталанады" және ондайға үйренген жөн деп мәлімдеген. Вице-премьердің сөзінше, қазіргі кезде Қазақстан экспорт-импорт бақылауына жататын тізімдегі тауарды көбейткен.

Қазақстан билігі "Ресейге санкцияны айналып өтуге көмектеспейміз" деп бірнеше рет мәлімдеген, бірақ сарапшылар "Қазақстан мен Ресейдің еркін сауда айналымы бойынша келісімі сауда-саттықты жіті бақылауға кедергі келтіріп отыр" дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG